БАР МЕЙІРІМ – БАЛАЛАРҒА

704

Отырарлықтар 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. «Бар мейірім – балаларға» тақырыбындағы мерекелік іс-шараға аудан әкімдігі мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ұйытқы болды. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. 


Мерекеге жиналған балалар мен ата-аналар қызықты сәттер мен түрлі спорттық сайыстардың куәсі болды. Алдымен балабақша тәрбиеленушілері арасында эстафеталық сайыс өтсе, одан соң балғын бүлдіршіндердің салған суреттері көпшілікті тәнті етті.

Мерекелік шарада сөз алған аудан басшысы Ерлан Айтаханов «Келешек ұрпақтарды тәрбиелеу, балалардың болашағы тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір сөзінен қамқорлықпен көрініс тауып келе жатыр.  Балалар — біздің болашағымыз, егемен еліміздің ертеңгі алтын тұтқасы. Әрбіріміз солардың риясыз шаттығына себепші бола білсек, өмірдегі бақытымыздың мәні де сол болмақ. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен тарихи орындарға көптеп көңіл бөлініп, балалар туризміне де барынша қолайлы жағдай жасалса, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы отырарлық бүлдіршіндерге арнап сый-сияпаттар жасауда.
Мұнан соң сөз алған музей директоры Ерсін Тәжібаев өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары екендігін, бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты, тәрбиелі, саналы болып өсуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын екендігін жеткізіп, бүгінгі айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген «Күлтегін», «Мұзбалақ» анимациялық фильмдері жеткіншектердің назарына ұсынылатынын айтты.
Мерейлі мерекеге орай бүлдіршіндерге әртүрлі сыйлықтар таратылып , естелік суретке түсті. Мұнан соң бүлдіршіндерге ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын тәрбиелік мәні зор анимациялық фильмдер көрсетілді.
Ізгілікті шараның соңы аудан өнерпаздарының қызықты концерттік бағдарламасына ұласты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *