Алматыда «Композитор» фильмінің тұсаукесері өтті

531

Алматы қаласындағы Республика сарайында 5 маусым күні Қазақстан мен Қытай — екі елдің бірлесіп түсірген жобасы «Композитор» көркем фильмінің салтанатты тұсауесері өтті.
Кинотуынды «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Қытайдың «Shinework Pictures» компаниясының бірлескен жобасы. Режиссерлары: Сәбит Құрманбеков пен Шерзат Якуб. Сценарий авторлары: Чжан Суйсуй, Ғайша Табарак, Зәуреш Ерғалиева. Сянь Синхай рөлін қытайлық актер Ху Цзунь сомдаса, Бақытжан Байқадамовтың рөлінде Берік Айтжанов ойнады.Сонымен қатар, Юань Цюань,Аружан Жазылбекова, Алтынай Нөгербектер басты рөлдерден көрінді.
Көркем фильмге негіз болған екі елдің атақты композиторлары Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхай арасындағы достық, шығармашылық бірлестік, адамгершілік пен рухани үйлесімділіктің жоғарғы деңгейдегі көрінісі. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға эвакуацияланған кытайлық композиторды Б.Байқадамов өзінің қамқорлығына алып, барымен бөліссе, Сянь Синхай өз кезегінде оның әпкесі Данабикенің қызы Қаламқасқа бар мейірімін бере білді. Елінен жырақта, қазақ жерінде өмір сүріп жатқан композитордың Отанға, отбасына деген сағынышы қаншалықты терең болса да, ол шығармашылықпен айналысуын тоқтатпады. Музыкалық коллективтерде қызмет атқарып, тіпті Амангелді Иманов жайлы скрипка мен фортепианоға негізделген «Амангелді» симфониялық поэмасын жазып шықты. Осындай еңбектері арқылы күллі әлемге тағы да өнерде шекара болмайтынын дәлелдеді. Сондай-ақ, фильмде Бақытжан Байқадамов Сянь Синхайды ғана емес, заманның қиындығына қарамастан, өзге елдерден эвакуацияланған басқа да музыканттарды қамқорлығына алып, үйінде тұрғызып жатады. Оның бұл әрекеті қазақ халқының ежелден ақкөңіл, мейірбан, достыққа адал халық екенін көрсетеді.
Фильмге Данабике Байқадамованың қызы Қаламқас Арисланованың: «Қытай халық композиторы Сянь Синхайдың Қазақстандағы өмірі» атты кітабының негізгі желісі арқау болған. «Маған нағыз бақытты балалық шақты сыйлаған адам — Сянь Синхай. Мен сол үшін де өзімді Нинаның алдында қарыздар сезінемін. Себебі, оған тиесілі әкенің мейірімі тағдырдың жазуымен маған бұйырды», — деді фильмнің тұсаукесеріне келген Қаламқас Арисланова.

«Бұл тұсаукесер бізді ерекше толқытты. Осыдан жетпіс жыл бұрын қиын жағдайғаа тап болған қытай композиторы Сянь Синхай Алматыға келіп, қазақтың танымал композиторы Бақытжан Байқадамовпен танысады. Байқадамов пен оның отбасы оған барынша көмек көрсетеді. Міне, жетпіс жыл өткен соң, Қазақсстан мен Қытай кинематографистерінің арқасында көпшілік біле бермейтін әсерлі үлкен оқиға экранға жол тартты» — деді бас консул Чжан Вэй.

2017 жылы 8 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің Қазақстанға жасаған сапары аясында бірлесіп киноөндірісті жүргізу туралы мемлекетаралық келісім қол қойылған еді, осылайша аталған жоба іске асқан болатын. Қытайда көркем туынды 17 мамырдан бастап прокатқа шықты. Еліміздің кинотеатрларында 6 маусымнан бастап көрсетіледі.

Гаухар Түстікбаева
«Қазақ газеттері» серіктестігі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *