Сайлау бөлімшесінде суретке түсіруге бола ма?

327

9 маусымда елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Осыған байланысты сайлаушылар сайлау бөлімінде бекітілген ережелерді ұстануы қажет. Бұл ережелерді бірі білсе, бірі білмес. 

Негізі сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың дауыс беру ережесі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңында көрсетілген. Дауыс беруге арналған бөлімшеде адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi екені көрсетілген.

Сайлауға кімдер қатыса алады? 18 жасқа толған ҚР азаматы; Сот iс-әрекетке қабілетсiз деп танымаған; Оның тұрғылықты тіркеуі болуы қажет; Ол сотталмаған болуы керек. Қазіргі уақытта әрбір қазақстандық өзі тіркелген жеріндегі сайлау бөлімінде дауыс бере алады. Жергілікті әкімдіктің ресми сайтына кіріп жеке куәліктің ЖСН-нін теріп сайлау бөлімін білуге болады. Ал сайлау бөліміне денсаулық жағдайына байланысты келе алмаған адамдар дауыс беру күні тұрғылықты жеріндегі сайлау бөліміне сағат 12.00-ге дейін өтініш жазу керек. Кейін оларға сайлау бөлімінің қызметкерлері келуі тиіс.

Дауыс беру ережесі: Сайлау комиссиясының қызметкеріне жеке куәлікті көрсету арқылы дауыс беру бюллетенін алу керек; Дауыс беруге арналған кабинаға өтіп, бюллетенді толтыру қажет; Кейін бюллетень тiзiмінде таңдаған үміткердің аты-жөні жазылған тұста белгі қою керек. Бюллетенге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

«Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы бiр мезгiлде дауыс беруге арналған бөлімде сайлаушылардың санын реттейдi, тәртiпке жауапты болады. Сондай-ақ заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етеді. Сайлау күнi дауыс беруге арналған бөлімде сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынған. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге болмайды. Сайлау бюллетені сайлаушыларға жеке басын куәландыратын құжаты көрсетілген кезде ғана берiледi. Кейін ол бюллетенді алғаны туралы арнайы қағазға қол қоюы тиіс» — деп көрсетілген заңда.

Сайлау бөлімшесінде фото және видеожазба жүргізуге болады. Бұл туралы Алматы қаласының сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова сұхбатында айтты. Оның сөзінше, сайлау ашық және әділ өтуі үшін БАҚ-өкілдері секілді кез келген дауыс беруші де фото және видеожазба жүргізе алады. Себебі дауыс беруші сайлау процесінің мүшесі болып саналады. Айта кетейік, 9 маусымда сайлау бөлімдері сағат 7:00-20:00 аралығында үзіліссіз жұмыс істейді. 

Президент сайлауы жайлы тест Еске салайық, биыл 9 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлау күнін бекіту туралы жарлыққа қол қойған еді. Бұл туралы ол Қазақстан халқына арналған мәлімдемеcінде республикалық телеарналар арқылы айтқан болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *