Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елордадағы №58 сайлау учаскесіне барды

155
 Нұрсұлтан Назарбаев Елордадағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Президентін сайлау рәсіміне қатысып, дауыс берді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі хабарлайды. 

Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан халқының осы тарихи сайлау арқылы ел болашағын айқындайтынын айтты.

Бүгін азаматтарымыз сайлауға қатысып, дауыс беріп жатыр. Сайлау науқаны барлық елде және әрдайым халық үшін тарихи сәт саналады. Азаматтар ел Президентін ғана емес, сонымен қатар өз болашағы мен тағдырын таңдайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы, сондай-ақ, биылғы президент сайлауының ерекшелігіне тоқталды.

Биылғы сайлаудың ерекшелігін білесіздер. Мен президенттік өкілеттігімді тоқтатып, жастарға жол бердім. Бұл – дұрыс шешім. Төңірегіміз түгел дамып келеді. Қазақстанды жаңа белеске бастау үшін ел басшылығына озық ойлы жаңа буын келуі керек. Президенттік өкілеттігімді тоқтату жөніндегі шешімім бүкіл әлемде түсіністікпен қабылданды. Мен көптеген елдің көшбасшыларынан хат алдым. Олар Қазақстанда билікті беру процесінің бейбіт жағдайда өтіп жатқанын жоғары бағалауда, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға амандық, елімізге тыныштық пен бақ-береке тіледі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *