Жеке меншік клиникада емделу үшін не істеу керек

192

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмектің бірқатарын Қазақстан азаматтары тегін ала алады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) тізіміне енетін қызметтерді тіпті, жеке меншік клиникалар да тегін көрсетеді. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі хабарлайды.

Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, соңғы жылдары тапсырысты орындайтын емдеу мекемелерінің арасында жеке меншік клиникалардың саны бірнеше есе артқан. «Себебі, соңғы кезде мемлекет жеке клиникалардың да мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуіне барынша жағдай жасап отыр. Атап айтқанда, үкіметтің арнайы қаулысымен жеке меншік саланың мемлекеттік емханалармен қатар тапсырыс алуына кедергі келтіріп отырған тосқауылдар алынып тасталды. Соның нәтижесінде медициналық бизнестің мемлекеттік тапсырысты орындауға деген құлшынысы артты. Мысалы, қазір Медициналық сақтандыру қорынан тапсырыс алатын 1408 емдеу мекемесінің 700-ден астамы – жеке меншік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп», — дейді МСҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева.

Алайда, жеке меншік клиникада тегін емделудің де өзіндік тәртібі бар. Ол үшін сіз сол клиникаға тіркелген болуыңыз керек.

Ендеше, тіркелген азаматтар жеке меншік клиникадан қандай медициналық көмек түрлерін тегін ала алады?

— Салалық маманның қабылдауы және кеңесі;

— Көрсетілімдер бойынша емдеу, манипуляциялар мен процедуралар жасау;

— Дәрігердің жолдамасы бойынша күндізгі стационарда емделу;

— Көрсетілімдер бойынша, маманның жолдамасымен зертханалық-диагностикалық қызмет түрлері;

— Жалпы практика дәрігерінің, учаскелік терапевт пен педиатрдың қабылдауы, консультациясы;

— Жүкті әйелдерді бақылау;

— Белгілі бір нысаналы топтарды профилактикалық мақсаттағы медициналық тексерулер (скрининг).

Кей жағдайда жеке меншік клиникалар аталған көмекті толық көрсете алмауы мүмкін. Ол клиниканың техникалық мүмкіндіктеріне байланысты. Мұндай жағдайда олар аталған қызметті қосымша атқаратын медицина ұйымдарына жолдама беруі тиіс.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *