ЖАС СУРЕТШІНІҢ МУЗАСЫНА АЙНАЛҒАН АКТРИСА

1783

МӨЛДІР КЕЛСІНБЕК,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының ғылыми қызметкері,

өнертану ғылымдарының магистрі

 Өнер адамдарына шабыт әкелген бір туар музалардың соншалықты тылсым тартылыс күшінің арқасында қаншама әндер мен картиналар ешқашан өшпей мәңгі ел аузында келе жатыр.

 Әлемге танымал көптеген суретшілеріміздің шабыттарын оятқан өз музалары болды. Мысалы: Огюст Роденнің  музасы Камила Клодель болса, атақты суретші Сальвадор Далидікі Гала, Пабло Пикассонікі Дора Маар болған екен.

          Қай заманды алып қарасақта, өнер адамдары шабыт іздеу арқылы керемет туындылардың дүниеге келуіне себепші болады. Бірақ сол бір тылсым шабыттың қай кезде, қалай келетіні де бәріне беймәлім…

          Әсіресе суретшілерде шабыт әрқалай туындайды. Кейбіреулері әдеби кітаптарды оқиды, кейбір суретшілер пленэрге шығып әсем табиғаттан іздейді. Ізденіс үстінде жүру суретшілерге үлкен тәжірибе мен тың идеялар алып келетіні  сөзсіз.

Бүгінде жас суретшінің жеке коллекциясында біз біле бермейтін бір ғана картинаның  өмірге келуі авторға үлкен шығармашылық шабыт алып келгенін байқауға болады. Алайда бұл картинадағы жұмбақ актриса кім болды екен?! Жас суретшінің музасына айналған актрисаның портреті несімен ерекшеленеді? Неліктен көрмелерде көрінбейді, сондықтан да бұл туындыға ерекше ықылас танытуды жөн көрдік.

Портрет жанрында қазақтың алғашқы әйел суретшілерінің туындыларында да театр, опера саласында ұлы өнер саңлақтарының сахналық образдарын көркемдеп кенеп бетіне түсірген картиналары баршылық. Қазіргі таңда Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражай қорларында сақтаулы тұрған әйгілі Гүлфайруз Ысмайылованың «Қазақ вальсі» Ш. Жиенқұлованың (1958), «Ақтоқты»  Ақтоқты рөліндегі Ш. Жандарбекованың (1960), «Күләш Байсейітова Жібек рөлінде» (1962)  атты картиналары бар. Айша Ғалымбаеваның «Өнертанушы Г.Сарықұлова» портреті (1973), «Қазақ жазушысы Ғ.Мұстафин» портреті (1963) осы аталған туындылар мұражай залдарында сақтаулы тұр. Жас суретші Шолпанда осындай ұлы қылқалам шеберлерінің жолын қуып жатса, ең дара жол деп есептейміз.

Бүгінгі таңда қазақ бейнелеу өнеріне өз үлесін қосып жүрген қылқалам шебері, Қазақстан Республикасы Жас Суретшілер Одағының мүшесі Беркимбаева Шолпан  Бакытовна Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Орал Таңсықбаев атындағы сәндік- қолданбалы өнер колледжінде сурет және кескіндеме пәнінің оқытушысы болып жұмыс атқарады. Жас суретшінің натюрморт, портрет, пейзаж, батальдық жанрларында жазған жұмыстары бар. Ал бүгінгі таңда портретшілік қырынан көзге түсіп отыр.

Жас суретші 2016 жылы ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен Қазақстан Орталық мұражайында жаһандық форматта өткізілген «Алматы қаласына 1000 жыл» атты тек қана кескіндемешілер қатысатын байқауға ілігеді. Онда ол Абылай ханның «Сабалақ» атты картинасын салып, бас жүлдені жеңіп алады.

Осындай үлкен марапатқа ие болған қылқалам шебері тағы да үлкен шыңдарды бағындыруға бар ынта жігерін салып, кезекті туындының композициясын ойлап жүреді. Жас суретшіге әлі көп ізденістер керек еді, бір сәт күнделікті күйбең тіршіліктен демалуға М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына барып, белгілі драматург Исраил Сапарбайдың  «Сыған серенадасы» (реж. Е.Обаев)  атты мюзикл жанрындағы қойылымын тамашалап отырған жас суретшінің көзіне сыған қызы Изольданың бейнесі оттай басылады. Басты рөлдердің бірін сомдаған театр актрисасы Назгүл Қарабалинаның сахналық образына суретші шынайы тәнті болып, сол сәттегі сюжетті суретшілік көзқарасымен  ұстап, шабытын оятқандай күй кешеді.

 Композитор Шәмшіге «Сыған серенадасы» атты әнінің дүниеге келуіне арқау болған сыған қызы Изольда болса, жас суретші Шолпанға да театр актрисасы Назгүл Қарабалинаның портретін салуға осы Изольда себепкер болды.

          Жас суретші Шолпан Беркимбаева да дәл осындай қасиеттерді театр актрисаның бойынан көріп, оны өзінің шығармашылығына шабыт, жаңа стиль алып келген музасы деп есептейді.

Суретші бұл актрисадан не байқады екен, әрине суретші сұлулықты сүйетіні баршамызға мәлім ғой. Актрисаның сұлулығы баурап алды ма, әлде актерлік шеберлігі ме?! Актриса Назгүл Қарабалинаның сұлу образы, ашық түсті костюмі, актерлік шеберлігі тәнті еткені суретшіні қызықтырғаны сонша, бір сөзбен айтқанда сұлулықтың идеалын суреттейді.

Суретші үшін атақты актрисаны салу үлкен құрмет болғанымен, оның көтеретін жүгі соншалықты ауыр болды. Бейнелеу өнерінде қиын да, күрделі жанр ол — портрет. Жас суретшіге бұл картинаны салу оңайға түскен жоқ, қаншама ізденіс, шимай болған қаншама эскиздер, ең бастысы ол актрисаны дәлме-дәл айнытпай салуы шеберліктің шыңы.

Картинаның мазмұны мен мағынасына мән беретін болсақ, портрет композициялық орналасуына қарай кеудеге дейінгі түрге жатады. Шынайы бейнеленген көркем шығармаға жатқызамыз, яғни стильі реалистік кескіндеме. Портретте фондағы драпировканы бүркемелеу арқылы бет-пішінге баса назар аударған. Осындай ұтымды композицияны құрастыру арқылы, тұлғаның қандай маман иесі екенін бірден аңғартады. Мұрын мен бет жақ сүйектерінің қыртыстарын жеткізуде бас сүйектің формасын дәлдікпен жазып, жарық пен көлеңкенің  шешімін таба білген. Актрисаның көңіл күйін жеткізуде бір сәтте жылы және суық түстер гаммасын қатар қолданады. Артқы фон қою жасыл түспен бейнеленуі арқылы бас сүйектің алдыңғы планға шығуы, нұрға толы көздердің, шиедей қызғылт еріннің айқын көрінісін күшейтеді. Терең ой үстінде бейнеленген көз жанарынан актрисаның алдына қойған үлкен мақсаты, арман тілектері бар екені байқалады. Сол мақсатқа жетуі үшін аянбай тер төгуге даяр екендігі тағы бар. Шаш пен матаның артқа қарай ұшу сәті желге қарсы тұрғандай, дәл осы сәттің  өзінде кейіпкердің батылдығын көрсетуде суретші дөп түскен сюжетті  ұстап алғандай.

Көздің жанары бір қарағанда қою қоңыр түс сияқты алдамшы, егер де ұзақ зерттеп қарасаң жасыл түстің реңі байқалады. Міне, кескіндеменің басқа жанрлардан ерекшелігі осында жатыр. Адамның көзін шынайы суреттеу арқылы тіпті бейнеге жан бітіріп тұрғандай. Матаның қызыл түске боялуы батылдықтың нышаны, сондай-ақ матаның лапылдаған от жалыны ретінде суреттелуі лирикалық әсер қалдырады. Бұл образда актрисаны өте мықты тұлға ретінде бейнелеген. Жас суретші түстер үйлесімі арқылы актрисаның ішкі рухани жан дүниесінен де хабар беруге тырысады. Артқы фонмен жалғасып, актрисаның үстіне оранған қою қызыл түс басты кейіпкердің бойындағы оттай лаулаған энергияны ерекше қуат пен күш- жігерін айқындай түсуде. Драпировкада бір түстің реңі басымырақ болғанына байланысты портреттің жоғалып кетпеуіне күміс алқаның рөлі маңызды. Актрисаның мойын тұсынан көрінген бұл күміс алқа, оның әйелге тән нәзіктігін көрсетуге тырысқан. Жалпы портреттегі актрисаның бет әлпетін, жанарынан мінезіндегі салмақтылықты, әйел затына тән мейірімділікті көре аламыз. Бұл суретшінің үлкен жетістіктерінің бірі.

Портретке қарағанда назарын бірден ой үстіндегі бір нүктеге қадала қараған, мөлдір тұнық жанарларға көз түседі. Ол әдемі жанарларда бізге жұмбақ әлем бар. Актрисаның көрерменімен тілдескісі келетінін аңғаруға болатындай себебі, жас суретші актрисаның көздерін  көрерменге қарай бағыттаған. Портрет пен көрермен арасында диалог болуы мүмкін. Портрет көрерменге ой салады: Бұл кім? Неге? — деген сансыз сұрақтар туындайды. Тіпті ол портрет пен үнсіз ғана тілдесу деген пікір туындайды. Үнсіз диалог.  Сол ішкі картинаны зерттеу  барысында суретшінің тек қана адам бас сүйегінің анатомиясы мен сыртқы сұлулығы ғана емес, картинаның ар жағындағы ішкі өмірді түсінуге талпынғанын көреміз.

        «Суреткер шындықты сұлулықпен ұштастыруы тиіс», — деп неміс жазушысы Л. Фейхтвангер айтып өткендей, жас суретші Беркимбаева Шолпанның туындысынан музасына деген сүйіспеншілікті, шынайы көркем бейнені байқадық.

Қай қоғамды алып қарасақта портрет ол қашанда өзектілігінен айырылмайды. Адамзат баласының рухани әлемінде ішкі жан дүниедегі бос орынды толтырып қана қоймай, музалардың  шабыт сыйлауы әбден зерттелген ғылым. Ең бастысы қазақ мәдениетінің дамуына бейнелеу өнері мен театр өнерінің рухани жаңғыруына айрықша үлесін қосуда ешкімге ұқсамайтын тіпті, қайталанбайтын өзіндік  қолтаңбалары бар өнер адамдары еңбек етуде. Тіпті эстетикалық мәдениет пен рухани мәдениеттің үндестігі десек те артық айтқандық емес. Қазақ кескіндемесінің классикасына айналуына бұл портреттегі актрисаның, әлде музаның көздерінде арғы жағында не жатыр деген сауалдар мен бағалаулар туып жатса ұлы жауһарға айналады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *