ИМАХАНБЕТОВА Райхан Сахыбекқызы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, Халықаралық Бизнес Университетінің доценті. Электрондық пошта: rai_im@mail.ru. Байл.тел.: 8(727) 292-10-89, 8(701)3296402 МАСАҒА – 100 ЖЫЛ!!! МАСА НЕМЕСЕ «ӘДЕБИЕТТЕГІ ЕЛШІЛДІК ҰРАН»

336

Маса – кәдімгі екі аяқты зиянкес, қансорғыш, жағымсыз жәндіктің аты. Тіпті, «қандай да шығарманың тақырыбына лайықты атау болып, оның ішкі пәлсапалық мән-мазмұнын нақ көрсетіп, рух қозғар қамшыға айналады» деген ой қаперіңізге келмейді… Осы бір ұсқыны келіспеген, сүйкімсіз шіркейдің атауын сөз майданында рухани қаруға айналдырған Ахмет Байтұрсынұлының ақындық шеберлігі – ұлт әдебиетінде өзіндік мәңгілік қолтаңбасын қалдырды десек, артық айтқандық емес. Дәл қазіргі өркениет заманында ақпарат алмасу құралының негізгі көздерінің бірі – «Аbai.kz» сайтының ішкі айдары іспетті, елдің көзайымына айналған – «Masa.kz» ғаламторлық басылым сөзімізге айғақ. Зымыран уақыттың еншісінен қалғысы келмеген бүгінгі тәуелсіз ұрпақтың өкілі, осы газетінің шеф-редакторы Ардабек Солдатбайдың сөзіне сүйенсек, «ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда қазақ тіліндегі сайттардың көштен қалып қойғаны – елдігімізге сын» деген талап тұрғысынан қарағандықтан, «Абай.кз» сайтымен бірге «Шоқан», «Тарих», «Әдебиет», «Аймақтар», «Алашорда», «Маса.кз» сайттары іске қосылып отыр екен. Ал «Маса.кз» – Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» өлеңдер жинағының құрметіне осылайша аталған. Бүгінгі іс басындағы өскелең ұрпақтың таным-түсінігінде «…қаршадайынан халқының қамын жеп өскен Алаштың ардақты ұлының «Масасы» – халықты өз тағдыры үшін күреске шақырып, бейқам ұйқыдағы жұртты оятқан дабылды еңбек. Қалғып кеткен халқын ең болмағанда маса болып оятайын деген абзал азамат ұлы мақсатты көздеген еді» деген ойжегі бар. Бұл дегеніміз ғұлама ғибратының ғасырмен үндестігі, әрі артындағы ұрпағына анталаған алпауыттарға «өз еліңнің ырысын шашпа» деген ескертуінің еленгенін көрсетсе керек. Бұған да шүкіршілік. Ұғылмай, құмға сіңген сөз қаншама…Шындығында, ХХ ғасырдың басында қыспаққа түскен қазақ жұртының келешек қамын күйттеген А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалдан» (1909) соң жазылған «Масасы» (1911) – қазақ елінің оқығандарына соны серпіліс әкелсе, ал қарапайым бұқараны соңына ертті. Осы жинаққа енген «Жиған-терген» атты өлеңіндегі: «…Балалық қалып, Ес біліп анық, Ер жеткелі жиырма жыл. Баяғы қалпы, Баяғы салты, Бұ неткен жұрт ұйқышыл?! Болсын кедей, болсын бай, Жатыр бейқам, жым-жырт, жай» деген жолдары дәл бүгінгі күнге, тек қарақан басының құлқын ойлаған қазақ атқамінерлеріне қаратылып айтылғандай әсер береді… Мұрағат деректеріне бойынша 1929 жылы 2 маусымда Қызылордада «күдікті» ретінде ұсталған Ахмет арнайы айдауылмен Алматының түрмесіне қамалып, тағдыр тәлкегіне түседі. Осы тұста он қаламынан туған шығармалардың астарынан бәле іздеп, түрлі сұрқия сұраққа алған тергеушіге ол былай деп жауап берген екен: «…«Маса» деген атпен топтасқан өлеңдерімді бірегей бөлектеп атар едім» дейді [1]. Мұнан күрескердің «өлеңдер жинағының әдеби мәнінен гөрі, әлеуметтік мәнінің маңызды» екендігін сол тұстағы саналы жұртына құлаққағыс еткенін байқауға болады. Шындығында, «уақыт талабының үдесінен табылу» деген жалған елестің жетегіндегі қазақ оқығандарының көпшілігінің тілі өз туған тілінен алыстап, «татарша оқығандары татар тілімен», «орысша оқығандары орыс тілімен» танылуды мақсат тұтқан кез басталған-ды. Міне, сол тұста олардың сансыраған санасын алмастай жанып, рухын оятқан Ахметтің жанайқайынан туған «Масасының» тілі еді! Орыс патшалығының обыр саясатын ұққан ол, қамсыз жатқан жұртының қапыда қалмауын ойлады. Сол жолда бұратана ұлтының ұғымына жететін, селт еткізер қылышты, оның бабадан мирас болған «төл тілі» деп білді. Күрескер ақын қазақ санасын ұзақ жылдар бойы билеген салғырттық уын жою үшін «тілін қаламына безейді». Ақиқатында, Ахметтің айшықтары Мұхтар Әуезовше толғасақ, «қаламынан тамған бал, ұлтына ем болып дариды» яғни, қалың жұртын соңынан ерткен.
Орынборда өмірге келген «Маса» жинағының қазақ жұртшылығына әсер еткені соншалық, рухани қаламдасы М.Әуезов Ахметтің күрескерлік жолында туған туындыларын «әдебиеттегі елшілдік ұран» дей келе, «…қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, «МАСА» болып ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын» деп, ерекше сипаттайды [2]. Ал, араға жарты ғасыр салып, нақтырақ 1988 жылы тарихи тұлғаның аяулы есімі ресми ақталғаннан кейін, оның қайта басылған шығармаларына алғысөз жазған әдебиеттанушы ғалым Шәмшиябану Сәтбаева: «…Масаның негізгі идеялық қазығы жұртшылықты өнер-білімге, рухани көтерілуге шақыру, адамгершілікті, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу» деп, бұл топтамадағы тақырып қою, өлең жолдарының өрнектелуі мен ой жүйелеу мәнерлерінен Шоқан, Абай, Ыбырай үлгілерін ұстанғанын, ағартушылық бағытта олардың бір-бірімен уақыт алшақтығына қарамай үндестікте болған деген пікір айтады [3, 13-б.].
А.Байтұрсынұлы Масадағы «Cөз иесінен» атты беташар өлеңіндегі «маса» деп отырғаны өзі екенін, былайша баян етеді:

«Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен, қара яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,
Ұйқысын, аз да болса, бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?!».

Осы жинақтағы «Маса» айшықты-шумақ блса, ал 1).«Сөз иесінен» беташар-түсінік іспетті. 2).«Жазушының қанағаты» ғибрат ретінде ұсынылып, 3).«Туысыма», 4).«Қазақ қалпы», 5).«Қазақ салты», 6).«Достыма хат», 7).«Жиған-терген», 8).«Анама хат», 9).«Тілек батам», 10).«Жауға түскеннің сөзі», 11).«Адамдық диқаншысы», 12).«Бақ», 13).«Тарту», 14).«Қа… қаласына», 15).«Жұртыма», 16).«Жұбату», 17).«Н.Қ. ханымға», 18).«Ақын ініме», 19).«И.Б. жездеме хат», 20).«Жауап хаттан», 21).«Ғылым», 22). «Жазған сөз жаным ашып алашыма» сынды өлеңдері еніп, Вольтер, А.Пушкин, М.Лермонтов, Ю.Жадовская, С.Надсон өлеңдерінің аудармасы берілген. Жинаққа енген өлеңдердің жазылу тарихына және қай уақытта, қай жинақтарда басылым көргендігі туралы әдебиетші ғалым Сәрсенбі Дәуітұлы 1989 жылғы басылымда ғылыми түсінік берген.
Академик Серік Қирабаевтың «Ахметтің ақындығы» атты талдау мақаласы 1990 жылы жазылды [4, Б. 3-10]. Әдебиет зерттеушісі С.Қирабаев «қайраткерді әлеуметтік шындықтың ақыны, дәуірлік құбылыстарды нақ сыпаттаған, жаңашыл ақын әрі ойшыл суреткер» екендігін, оның төл өлеңдерін талдап, тарату арқылы саралады. Ол «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Жиған-терген» атты өлеңдеріндегі «бейнелілікке» баса назар аударып, қиын-қыстау кезенде – алаш азаматының бәрін «таразыға тартып», сыннан өткізген суреткер-ақын дейді [4, Б. 3-10]. Мәселен, «…Қаз едік қатар қаңқылдаған, Сахара көлге қонып салқындаған. Бір өртке қаудан шыққан душар болып, Не қалды тәнімізде шарпылмаған» деген шумақтағы үшінші жолдағы «өрт» сөзінен «отаршылдықтың өрті», осыған қарсы тұратын қазақта кім бар? деген ақынның «жанайқайын» аз сөзге сыйдарғанын, халқына ызалана, күйіне отырып та, оның болашағы мен азаттығына бар өмірін арнағанын айтады. Абайша қайғырып, Абайша толғанады. Ахметтің «Масасы» талай елді оятты. …Ойы бар, ақылы бар жас таланттар оянды. Олар ұстаз ағасының ісін жалғастырып алып кетті» деген пікір айтады. Бірақ, Ахметке олармен жарысып, поэзияда қызмет істеу қажет болмай қалды. Ахметтің ақындығы осымен тәмам болып, ол өзін халқына қажетті ең өзекті мәселеге жұмсады. Яғни, оның «ақындығын ғалымдығы» жеңіп кетті. Әрине, бұл Ахметтің ақындығын, азаматтық поэзиясындағы талантты туындыларын жоққа шығара алмайды. Қайта, қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болып Ахмет қашанда да тарих биігінде тұрады деп түйіндейді тұжырымын [4, Б. 3-10].
Ақынның «Мінсіз таза меруерт» тәржімасы туралы кейінгі 1989 жылғы басылымда: «…автор бұл өлеңді Ю.Жадовскаядан (1824-1883) аударған, 1911 жылы Орынборда жарық көрген «Маса» жинағына енгізген. Содан кейін екі рет осы кітаптың қайта шыққан басылымдарында жарияланды» деген түсінік берілген [3, 316-б.]. Осы аударма туралы әдебиетші сыншысы, профессор Ж.Ысмағұлов: «…екі шумақ сөз өрнегінің бұл күнге дейін ел аузында Асан қайғы атына байланыстыра айтылып, қастерленіп келген Ахметтің Жадовскаядан аударған шағын толғауы енді өзіне қайтарылып отыр» деп жазды [5, Б. 410-423]. Ал Ахметтің романтикаға бой алдырғаны жөнінде, оның Пушкин, Лермонтов, Надсон шығармаларына жүгінуінен аңғаруға болатынын айтады. Ж.Ысмағұловтың аударма жөніндегі ой-тұжырымына сүйенген әдебиеттанушы Серік Мақпыров ««Таза мінсіз асыл тасты» енді шатастырмайық» деген танымдық зерттеу мақала жазды. Мақала зерттеушінің «Қазына» атты кітабына енді [6, Б. 44-45]. Әдебиеттанушы ғалым С.Мақпыров өзіне дейін дәлелденген аудармаға не себепті қайта оралғанын былайша таратады: «1989, 1997 жылдары аударма туралы айтылған түсініктерге және кейінгі басылымдарға қарамастан БАҚ-та жарияланған «Асан қайғы жырларының көркемдік әлемі» деген мақалада «Ш» деген автордың бұл өлеңді Асан қайғының туындыларына жатқызғанын» айтады. Сол себепті де, әдебиеттанудағы адасушылықтың алдын алу үшін Ахмметтің аудармасы туралы тағы бір толғақты талдау-түсініктің оқырманға әлі керектігіне тоқтала отырып, өлеңнің тарихын тереңнен, түпнұсқасынан қарастырады. Яғни, Жадовскаяның өзінен бастайды. Нақтырақ:
«Лучший перл таится
В глубине морской;
Зреет мысль святая
В глубине души.
Надо сильно буре
Море взволновать,
Чтоб оно в бореньи
Выбросило перл;
Надо силно чувству
Душу потрясти,
Чтоб она, в восторге,
Выразила мысль», —

деген жолдарды «көркемдік-стильдік тұрғыдан шұбалаңқы, балаң жеткізілген туынды» деп бағалайды [6, Б. 44-45, 65]. Әрі ағартушы-ақын Ахметтің бұл өлеңге философиялық тұрғыдан келгенін және «перлді-меруерт» деп баламалаудағы негізгі ойдың пәлсапалық мәнде екенін баса айтады. Жадовскаяның үш шумақты шашыраңқы ойын Ахмет «…тігісін жатқызып, ойын әрлендіре, жандандыра екі шымыр шумаққа жинақтап, қазақы өлеңнің қалыбына салып, таза ұлттық пішіндегі төлтума деп санауға лайық әсем аударма жасаған» деген тұжырым айтады [6, Б. 44-45].
Ақиқатында, қос өлеңді қатар қойып оқысаңыз, екі өлеңнің мазмұны бір-бірінен соншалықты алшақ жатыр. Қазақшаланған нұсқасы мынадай:

«Мінсіз таза меруерт
Су түбінде жатады.
Мінсіз таза асыл сөз
Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан зат
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады».
[3, 129-б.].

Егер А.Байтұрсынұлы бұл шығармасына «Жадовскаядан» дегенді жазбағанда, өлеңді «Байтұрсынұлыныкі» деп қабылдарымыз хақ.
Біз мақаламызда «Маса» жинағында жарияланған барлық өлеңдердің тарихына тоқталып жатуды шарт деп таппадық. Тек айтқымыз келгені – қазақ жұртының жыр жауһарына айналған жинаққа – 100 жыл толды! Маса жинағы – ағартушы ақынның көзі тірісінде 3 рет жарияланса, оның аяулы есімі ақталғаннан бері 7-і рет қайтара басылым көрді. Ал БАҚ беттерінде әрбір өлеңі танымдық зерттеу мақалаларға өзек болып дүркін-дүркін жарияланғаны өз алдына бөлек әңгіме. Бұл күні ғасырмен құрдас жинақтың бүгінгі елінің қажетіне жарап, сарыуайымға түскен жадау көңілдерге әлі жұбаныш болып жүргені – ұлт ұстазының ешқашанда ескірмес елшілдік сөздерінің көкейкестілігін паш етсе керек. Қорыта айтқанда, қара өлеңді пір тұтқан саналы қазақтың санасында өлең болып өрілген Ахаңның асыл сөздері ғасырдан ғасырға ұласып, келер ұрпаққа рухани азық болары анық.
Ахмет Байтұрсынұлының ел мүддесі үшін атқарған кіршіксіз еңбегін әділ бағалаған өз замандастары оны «қазақ халқының рухани көсемі», «ұлт көшбасшысы» деп дәріптесе, біздің заманымыздағы аға ұрпақ «рухани көсем – пайғамбар», «ана тілдің айбары», «ғасыр саңлағы» деп ұлықтады. Ал бүгінгі өскелең ұрпақ «мәңгілік тұғырындағы тұлға», «Алаштың Ахметі – ғұламасы» деп әспеттеуде. Бабалар аңсаған «ұрпақ үндестігі» деген осы болар, сірә. Бұған да тәуба.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. А.Байтұрсынұлының мәлімдемесі. 1929. ҚР ҰҚК мұрағаты, 78754-іс, 6-т.
2. Әуезов М. Ақаңның елу жылдық юбилейі // Ақжол, 4 ақпан 1923.
3. Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989.-320 б., 13-б. 129-б.
4. Қирабаев С. Ахметтің ақындығы // ҚазКСР ҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы №1, Б. 3-10, 1991.
5. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті.1-кітап. – Алматы: Ғылым, 1997.-512 б., Ысмағұлов Ж. Б. 410-423.
6. Мақпырұлы С. Қазына. – Алматы: Арыс, 2004.- 320 б., Б. 44-45, 65.