Елорда әкімі «Алтын белгі» иегерлерін құттықтады

219

18 маусым күні елордада оқуда озат болған «Алтын белгі» төс белгісі иегерлерін құрметтеу мақсатында «Елорда мақтанышы» атты мерекелік рәсімі өтті. Салтанатты жиында Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов «Алтын белгі» иегерлерін құттықтады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.

2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 294 оқушы «Алтын белгi» төс белгісімен марапатталды, сондай-ақ 305 түлек мектепті үздік аттестатпен бітірді. Жиында елорда әкімі түлектерді құттықтай отырып, астаналық ұстаздарға, жетекшілерге, ата-аналарға білім жолындағы еңбегі, шыдамдылығы үшін алғыс білдірді.   Ол сөз арасында бас қаладағы 93 мың оқушы түрлі деңгейдегі ғылыми, интеллектуалды жобаларға, олимпиадаларға жұмылдырылғанын ерекше атап өтті. Елордалық оқушылар отандық және халықаралық олимпиадалар мен жарыстарға үздіксіз қатысып, Республика бойынша 13 жыл қатарынан «Үздік команда» мәртебесіне ие болып келеді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білім саласына қатысты қабылдаған стратегиялық шешімдері қоғамда тұтас бір білімді буынды қалыптастырды. Сол дәстүрлі сабақтастық бүгін де өз жалғасын тауып, үлкен өмірге түлектеріміз қадам басқалы тұр. Елордада пайдасы зор түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр, 36 STEM лаборатория (28 STEM және 8 STEAM) жұмыс істеп тұр. Экологиялық мәселелерге орай оқушыларды жұмылдыруға арналған «Экочеллендж» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. Қосымша білім жүйесін жетілдіру мақсатында 5 Community орталық ашылды. Бұл өз кезегінде қосымша білім беру кеңістігінің артуына себеп болды. Сіздердің ең үлкен армандарыңызды орындап, биік шыңдарға жететіндеріңізге, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып, әлемді жаңа жетістіктермен таң қалдыратындарыңызға сенімдімін», — деді Алтай Көлгінов түлектерге қарап.

2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында мектеп түлектерінің саны 6274. Олардың 100-ден астамы отандық және шетелдік оқу орындарының гранттарына ие болды. Алтын белгі» төс белгісін алған түлектердің ең көп саны: №1 мектепте — 16 оқушы, №48 мектепте — 13, №69, №62 және Нұр Орда мектептерінде — 11, №61 мектепте және қыздарға арналған Білім-инновация лицейінде – 9. Биылғы оқу жылында елордалық оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда және ғылыми жобалар бойынша 424 медаль жеңіп алды, оның ішінде: 107 алтын, 137 күміс және 180 қола.  Айта кетерлігі, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 5856 оқушы тіркелді (бұл жалпы түлектер санының 93,3%). Нұр-Сұлтан қаласында ҰБТ-ді өткізу күндері — 20-27 маусым аралығы. Қала бойыншы Ұлттық бірыңғай тестілеудің 3 пункті бекітілген: — Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті; — С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті; — Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *