ТҮРКІСТАНДА ФОТОӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

2183

 Түркістан қаласындағы «Жастар ресурстық орталығында»  «TÚRKІSTAN» фотоөнер орталығы ашылды. Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен қолға алынған бұл орталықта еліміздегі белгілі фотограф, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы жастарға дәріс оқып, мамандықтың қыр-сырын үйретеді. Аталған орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен республикалық және өңірлік БАҚ басшылары мен өкілдері қатысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Түркістан облысының 1 жылдық мерекесінде ашылған бұл фотоклуб Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-мен тікелей жұмыс істейді. Түрлі тақырыптарда фотоэкспедициялар ұйымдастырып, өңірдегі туризмді дамыту ісін насихаттайды. 

Фотоклубтың ашылу салтанатында қонақтар «Ұлы даланың Түркістаны» атты республикалық фотоэкспедиция мүшелерінің түсірген суреттерін тамашалады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді орындау, өңірдің киелі және туристік орындарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған фотоэкспедицияның мақсаты орындалды. Бір апта бойы өңірдің киелі және туристік орындарын түсірген   экспедиция мүшелерінің 40-қа жуық суреті қойылды. Олардың ішінде Түркістан, Кентау қалаларымен қатар, Созақ, Бәйдібек, Отырар, Сайрам, Төле би, Түлкібас және Қазығұрт ауданының киелі және туристік орындары, табиғаты тамаша мекендер мен халықтың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін суреттер бар.

Түркістан қаласына көшіп келіп, арнайы фотостудия ашқан Асылхан Әбдірайымұлының жаңа бастамасы көпшілікті сүйсінтіп отыр.

«Түркістанды түлету – перзенттік парызым. Туған жеріме қайта оралып, осында шәкірт тәрбиелеу жөнінде шешім қабылдадым. Жаңа тынысы ашылған Түркістанның дамуына өз біліміммен, тәжірибеммен үлес қосқым келеді», – деген фотограф алдағы уақытта осы орталықта түрлі тақырыптарда дәстүрлі түрде көрмелер өткізіп, елдің мәдени-эстетикалық талғамын биіктететін жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған фотоклуб Түркістан облысының және қасиетті шаһардың оң имиджін арттырып, жастарды ізгілікке, фотоөнерге баулиды деген сенім бар.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *