«ТӨЛЕ БИ» ФИЛЬМІНІҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

858

Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік Университетінде «Төле би» фильмінің таныстырылымы ұйымдастырылды. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі хабарлады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облыс әкімдігінің қолдауымен түсірілген фильмнің тұсаукесері көпшілікке ұнады. «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесі бірлесіп түсірген «Төле би» телехикаясы өзінің тарихи салмағымен, қызықты оқиғаларымен, шебер сценариімен көрермен жүрегіне жол тауып, бойдағы отаншылдық рухты оята білді. 

Фильмде ұлы бабамыз Төле бидің балалық шағынан бастап исі қазаққа Төле би атанған қарт кезіне дейінгі өмірі толық қамтылған. Сондай-ақ данагөй бидің Тәуке хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Бөгенбай, Қабанбай батырларлар секілді замандастарымен бірге елдік мәселелерді шешкен сәттері баяндалады. Телехикая 10 сериядан тұрады. Әр сериясы 30 минуттан.

Фильмнің таныстырылымында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Исабек Нұрдаулет құттықтау сөз сөйлеп, осы туындыны жарыққа шығарған азаматтарға алғысын айтты.

Телехикаяның режиссері – Батырхан Дәуренбеков, продюсері – Нуриддин Паттеев, көркемдік жетекшісі – Сатыбалды Нарымбетов, сценарий авторы – Бақытжан Құлжабай, Шойбек Орынбай, қоюшы оператор – Фуркат Саипов, композитор – Руслан Шынықұлов. Басты рөлдерде – Абзал Төлен және Сағындық Жұмаділов.

Фильмнің қысқартылған нұсқасы түркістандықтардың назарына ұсынылған соңтуындының көркемдік жетекшісі, аса көрнекті режиссер Сатыбалды Нарымбетов осы фильмге қатысқанын мақтан тұтатынын жеткізсе, Төле би туралы кітаптың авторы, жазушы Шойбек Орынбай өз романының экранға сәтті шыққанына қуанышты екенін, сенімі ақталғанын айтты. Ал фильм режиссері Батырхан Дәуренбеков «Сериал арқылы Төле би бабамыздың тек шешен ғана емес, жас кезінде ел үшін қолына найза алған батыр болғанын, кейін үлкен саясаткерге айналғанын, «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығаруға атсалысқан тұлға екенін көрсете білдік. Қолдау білдірген Түркістан облысы әкімдігіне рахмет. Біз енді тарихи фильм түсіруден қорықпаймыз», – деді. Салтанатты жиын соңында фильмге атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар тапсырылды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *