Жаңа әліпби: тиімді кеңес, пайдалы семинар

845

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып «Латын графикасына көшіруді ұйымдастыру бойынша мекемеішілік шаралары» атты қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компаниялар, Министрлікке ведомстволық бағынысты мекеме қызметкерлері арасында семинар-кеңес өткізді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Латын графикасына көшіруді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар туралы семинар-кеңес халық арасында түсіндіру жұмыстары шеңберінде өтті. Семинарда біз жаңа қазақ әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу мәселелерін қозғадық, сондай-ақ оны республикада тиімді енгізу тетіктерін талқыладық, – деп атап өтті «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның бас директоры Әлібек Асқар. Семинар-кеңеске Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, орталық атқарушы органдар, ұлттық компаниялар, ведомстволық бағынысты мекемелерден 80-нен астам қызметкерлер қатысты.

Іс-шара барысында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер бойынша Тіл саясаты комитетінің өкілі Гүлфариза Мұқан ақпараттық баяндама жасады. Жаңа қазақ әліпбиінің мазмұны, құрылымы, оқыту әдістемесі, орфографиялық ережелері туралы «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның атқарушы директоры Ербол Тілешов сөз сөйледі.

Семинар барысында филология ғылымдарының кандидаттары Анар Фазылжанова, Айнұр Сейтбекова, инженер-бағдарламашы Сұлтанбек Қабылов қазақстандық қоғамдағы ұлттық сана-сезімді жаңғырту, түрлі мекемелердің филологтары мен тіл мамандарына арналған оқу курстарының мазмұны және жаңа әліпбиді оқытуда ІТ-жобаларды пайдалану туралы мәселелерді қозғады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті бүкіл республика бойынша қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *