Маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекелерін атап өтті

738

Маңғыстау облысының әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаментінің және Маңғыстау облысының әкімдігінің ұйымдастаруымен «Мемлекеттік қызметші күні» аталып өтілді.

Шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова, облыстағы басқарма басшылары, мәслихат, арнайы және құқық қорғау, жергілікті, сонымен қатар орталық атқарушы органдары өңірлік департаменттерінің басшылары, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, ірі кәсіпорын басшылары, әдебиет, өнер, мәдениет саласының майталмандары, қоғам белсенділері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Мерекелік шара ҚР мемлекеттік гимнімен басталып, қызметін жаңадан бастаған мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімімен жалғасты.

Алғашқы болып сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары тәуелсіз елімізде қолға алынып жатқан жасампаздық жобаларды, баянды бағдарламаларды жүзеге асыру жолындағы жұмыстардың бастамасы мен жауапты қызметте еңбек етіп жатқан мемлекеттік қызметшілердің еңбегі зор деді. Саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, оның дамуына зор үлес қосқан ардагерлер де, бұл саладағы қызметін жаңадан бастап келе жатқан, жалынды жастар да баршылық екендігін атап өтті.

Шара барысында облыс басшысы «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауының жеңімпаздары Әсел Балманова мен Раушан Кесікбаеваның есімдерін ерекше атап өтті. Атап өтетін болсақ, Маңғыстау облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Клара Кулатаева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маманы Ербол Жұмабай мен Жанна Шыртанова, Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Талгат Сақтаганов, Ақтау қалалық кәсіпкерлер және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрсейіт Айладыр өңірлік комиссия отырысымен республикалық деңгейде бақтарын сынады.

Заманауи жаңа формациядағы мемлекеттік қызметкер отбасы құндылығын да жоғары қоя білуі тиіс. Кейде қызығы мен қиындығы мол осы сала тек қана кәсіби шеберлігіңді сынап қана қоймай, болашақ жарыңды да жолықтыруы мүмкін. Айта кетейік, мерекелік шараның ең ерекше тұсы — отбасын құрған мемлекеттік қызметшілерге облыс әкімінің орынбасары неке куәлігін өзі табыстады. Маңғыстау облысы Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінде бірге қызмет атқарып, өмірде де бірге болуды шешкен Нұрсұлтан Сәбитқалиұлы мен Арайлым Шәкірова. Шара барысында жас отау иелерін сахнаға шақырып, Әлихан Сұлтамұратұлы оларға неке куәлігін мен облыс әкімінің атынан құттықтау xатын берді.

Сондай-ақ, қызметтегі еңбегі үшін көзге түскен бірқатар мемлекеттік қызметшілер алғыс хатқа ие болды. Спорт саласында және қызметте ерекше жетістіктерге қол жеткізгені үшін де марапатталғандар аз болмады.

Сонымен бірге, департамент тарапынан ұйымдастырылған, шығармашылыққа жақын мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық мүшайра жеңімпаздары марапатталды. Өздерін өлең шығару жағынан да танытып, бірнеше қызметкер мүшайраға туындыларын ұсынған болатын. Қатысушылардың еңбектері «Жыр-жебе ақындар мектебі» қоғамдық қорының басшысы, ақын Мусаев Фархад Әбдіғалиұлы бастаған әділ қазылармен бағаланды. Айта кетейік, баға әділ болу үшін жыр шумақтарының авторлары қазыларға жасырын күйде беріліп, мықтылар әділ бағасын алды. Нәтижесінде І орынды «Абай жолы» эпопеясы туралы ойын өлең жолдарына сыйғызған Маңғыстау облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Арман Тілепыұлы Елдесов иеленді. ІІ орынға лайық болған Түпқараған аудандық сотының жетекші маманы Рысхан Бекірбайқызы Бекірбаева, ал ІІІ орынның иесі болып Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Сағынғалиұлы Ақыбаев атанды.

«Мүшайраға қатысуымның себебі, қоғамға мемлекеттік қызметшілердің де поэзияға жақын екенін дәлелдеу болатын. Қаламымызды қайратып, шабытымызды шыңдауға мүмкіндік берген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұжымына және әділқазылар алқасына алғысымды айтамын», — деп Арман Елдесов өзінің авторлық туындысын сахна төріне шығып, мәнерлеп оқып берді.

Департаменттің айтулы күнге орай ұйымдастырған кезекті «Мемлекеттік қызмет – менің таңдауым» тақырыбындағы бейнеролик байқауының үздігі Маңғыстау облысының білім басқармасының бас маманы Ботагөз Күзайырқызы Қазбекова марапатталды.

Марапатталғандардың арасында  персоналды басқару қызметінің үлгілі мамандары да болды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Айгүл Қалдыбаева мен Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Еркебұлан Қайроллин.

Спорт саласындағы ерекше жетістіктерге қол жеткізгені үшін самбо күресінен үш дүркін әлем чемионы, дзюдо күресінен халықаралық жарыстың жеңімпазы, қазақ күресінен бірнеше дүркін түйе палуан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері — Ақтау қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Қанат Жұмабаев, паралимпиадалық ойындарда пауэрлифтингг спорт түрінен белсенді (ІІІ топ мүгедегі) — Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесінің бас маманы Елтай Даиров, халықаралық және қазақстандық турнирлердің бірнеше дүркін чемппионы, ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем кубогінің чемпионы, Иранда өткен Ислам ойындарының қола жүлдегері, Қазақстан бойынша каратэ-додан спорт шебері — Маңғыстау облысы Экономикалық тергеу департаментінің әкімшілік бөлімінің бас маманы Әлия Қуановаға марапат табысталды. Осылайша, мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *