«Баршаға денсаулық» VI Халықаралық Конгресі өтті

738

Алматы қаласында «Баршаға денсаулық» VI Халықаралық Конгресі өткізілді. Оны өткізудің мақсаты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және пациенттердің мұқтаждықтары айналысындағы барлық денсаулық сақтау қызметтерін біріктіру бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын және денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру болып табылады.

Конгресс жұмысы денсаулық сақтау саласының кадрлық ресурсын дамытуға, әлеуметтік бейімді медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға негізделген тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар беруге бағытталды. Қоғамдық денсаулық сақтау және клиникалық медицина, сондай-ақ мектеп медицинасы мәселелерін талқылауға Қазақстанның әр өңірінен 1000-ға жуық жетекші қазақстандық мамандар, практикалық дәрігерлер, денсаулық сақтау ұйымдастырушылары, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер қатысты.

Конгрестің ашылу салтанатында сөз алған академик, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Алматы декларациясы атанған құжатты қабылдауға себепкер болған Төрегелді Шарманов осымен алтыншы рет өткізіліп отырған Конгрестің маңыздылығына тоқталды.

«Денсаулық сақтау саласын дамытуда, халықтың денсаулығын нығайту мен өлім-жітімді алдын алу мақсатында медико-санитарлық алғашқы көмектің маңыздылығы ерекше. Конференциядағы ұсыныстарды жүзеге асыру нәтижесінде дүниежүзінде адам денсаулығы айтарлықтай жақсарды. Сондықтан бұл шараның да маңызы өте зор. Өйткені қазір аурулардың алдын алып, оны емдеуге дейін жеткізбеу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр», -деді Қазақ тағамтану академиясының және Профилактикалық медицина академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Жанар Мадеева ДДСҰ Саламатты қалалар жобасына енген Алматы қаласының тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, ашылу салтанатында сөз алған «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің ректоры Алма Ауэзова қоғамдық денсаулық сақтау және тәжірибелік медицина мамандарының біліктілігін арттыру саласында жетекші жоғарғы оқу орны болып табылатын Университеттің жаңа бағдарламаларымен таныстырып, денсаулық сақтау саласының дамуына дәрігер-мамандардың білімі мен кәсіби дағдыларының үздіксіз шыңдалуының маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында денсаулық сақтау саласындағы заманауи технология жағдайында желідегі құпиялылықты қамтамасыз ету, пациенттермен өзара іс-қимыл жасау, медицинаны цифрландырудың халықаралық тәжірибесі сияқты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, цифрландыру дәуіріне медико-санитарлық алғашқы көмекті дамыту қағидаттары мен мәселелері қозғалды. Атап айтқанда инфекциялық емес аурулардың алдын-алу, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, ДДСҰ Саламатты қалалар жобасының маңыздылығы және т.б.

МСАК мақсаттарының бірі – денсаулық сақтау ұйымдарына деген пациенттердің сенім деңгейін арттыру болып табылады. Бұл сенімге қалай кіруге болады, және қандай тәсілдер жасау керек? МСАК әдістері туралы ақпараттылықты қалай жақсартуға және санитариялық сауаттылық пен құқықтық сауаттылық деңгейін қалай жоғарылатуға болады? Осы мәселелердің барлығы конгресс жұмысына арқау болды.

Конгрестің жұмысына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Литва, Ресейден келген жетекші мамандар қатысты.

Шараны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ұйымдастырды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *