Тауда өсетін — «құбыжық өсімдік»

901

Бұл өсімдік сырт көзге «құбыжық» секілді көрінеді. Бірақ, өте сирек кездеседі. Ботаникада «наркалуен шмальгаузениясы» деп аталады. Оны теңіз деңгейінен 3000 метр жоғары көтерілгенде ғана кезіктірдік. Сұсты гүл Іле Алатауындағы Космостанция маңында жиі өсетіндіктен, біз сол маңға арнайы барып қайттық.

2012 жылы «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген  А.А. Иващенконың анықтамасына сүйенсек, бұл өсімдік атауы Ресейлік белгілі ғалым эволюционист И.И. Шмальгаузеннің құрметіне берілген. Ежелгі мұзды мореналарда альпі және субальпілі шалғындықтарында, ірі қиыршық тасты беткейлерде және солтүстік Тянь-Шаньнің (Алматы облысы) биік тауларындағы малтатастарында өседі.

Наркалуен шмальгаузениясы монотипті туыс өкілі. Бұл шөптесін көпжылдық, түпті кіндіктамырлы. Жер үсті бөлігінің бір мезгілде жұмсақ және тікенді түрімен ерекше. Оның сабақтары жуан, қабырғалы (биіктігі 70 см-ге дейін ), қалың өрмекшінің торындай сары түк басқан, сол себептен өте үлпілдек. Жапырақтары ірі ұзындығы 40, ені 14 см, түсініксіз сағақты. Ұшындағы бөліктері үшкірленген, мықты сарғыш тікенектер. Сабақтағы жапырақтар барынша ұсақ, отырыңқы. Тікенді гүлсебетін тығыз бес-он ірі ( диаметрі 4-5 см ) бас құрайды, қалың, жирен талшықты түк басқан. Гүлдерінің саны көп, қос жынысты , түтікті бокал тәрізді қошқыл түсті. Биік таулы жайылымдарға мал жайған қойшылардың айтулары бойынша өсімдіктің тәттілеу шырынды сабағын көкөніс ретінде тамаққа пайдаланған. Түр Қазақстанда сирек кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Дайындаған: Жеңіскүл Беркімбаева

Суреттерді түсірген: Досжан Балабекұлы, Алматы қаласы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *