Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді

823

Туған жердің саф ауасы кеудеңе қуаныш пен мөлдір сезімді қатар құйғандай күйге түсіреді. Қазақ баласының кіндігі әу баста-ақ ауылда кесілгендіктен бе, дәл осы «ауыл» дегенде көзімізге елестер таза табиғат пен балғын бақытты кез әрқайсымызға таныс, әрбірімізге жақын. Кіндік қаны тамып, бал дәурені бастан өткен ыстық мекенін ән мен жырына қоспаған өнерпаз қалды ма?

«Туған жер» деген  бөлекше ұғымның мән-маңызын қарабайыр тілмен анықтама беріп ажырата алмаймыз. Адам атаулының сезініп, көріп-білмей, түйсігіне қона қоймайтын құбылысы бар секілді, «туған жердің» қасиетін ұққызу үшін мың жол дастан жазсаңыз да, аздық етеді. Кешегі өткен ғұламалар мен шайырлардың аузы мен ойынан түспеген «елді сақтау, жерді қасиет тұту мәселесі» бүгінгі күні де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Ұлтарақтай жері үшін ұйқысыз жүріп күн кешкен баба үмітін ақтамасақ, Мәңгілік Елдің мәңгілік мұраты сөнгені емес пе? Тарих толқынында нық қадам басып, үлгі көрсете білу үшін бізге ең әуелі жер мен тіл мәселесін құндылықтардың қатарынан түсірмеген абзал.

Қазақтың маңдайына біткен дара азамат Жүсіпбек Аймауытов «Ыстық қой, шіркін, туған жер!» деп еміреніп, санаулы ғұмырын елі мен жеріне аянбай еңбек ету жолында сарп еткені бізге аян. Осы секілді, «туған жерін» ерекше тебіреніспен толғаған тарландар аз емес. Тақырыбымыздың көрнекі бастауымен атсасып жатқан, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали атамыздың:

«Таныс өлке,
Таныс аймақ,
Таныс маң:
Анау жерде – құрбылармен алысқам,
Анау жерде – құрбы жанмен табысқам.
Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан,
Жолдар анау, шұбатылып шаңы ұшқан,
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң», – деген өлең жолдары жанымызға жақын-ақ.

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі даралардың сара жолын жалғастыру мақсатында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Туған жер» мемлекеттік жобасы аясында жастардың патриоттық шығармашылығын арттыруға күш салмақ. Туған жерге деген құрмет қазақтың қазақтығы мен ғажаптығын қатар танытатын тұсы демесе болмайды. Туған жерді аңсау, ауылдың қара топырағы мен шүйгін майсасы санаңды баурайтын киелі жерді сағыну дегеннің түп төркіні санамыздағы ұлттық кодтан бастау алмай ма? Сондықтан туған жерін шексіз сүйетін, туған ауылына аңсары ауып тұратын жастар «Туған жер» жобасы аясында өздерінің өлеңдерін, прозаларын, суреттерін, өнертабыстарын ұсыну арқылы бақ сынасады. Байқаудың толық ережелері алдағы күндері әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда жарияланады.

Мәдина Оқас

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *