ШАЛҚАР CАЯБАҒЫ

1444

Еліміздің батыс аймағындағы тоғыз жолдың торабында қоныс тепкен Ақтөбе қаласы соңғы жылдарда шапшаң қарқынмен дамып, қанатын кеңге жайды. Тұрғындарының саны жағынан Қарағандыдан кейін бесінші орынды иеленген құтты мекен биыл 150 жылдық мерекесін атап өтуде. Облыс әкімдігі осы дата қарсаңында арнайы жоспар жасап, өңірдегі он екі ауданға халық жиі шоғырланған аумақтарды бөліп беріп, заманауи талаптарға сай көркейту шараларын жүктеді.
Мысалы, Алға ауданы «Мәңгілік алау» ескерткішінен Тургенев көшесіне дейінгі аумақты қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Мұғалжар ауданына Жеңіс даңғылындағы скверді жаңғырту шаралары міндеттелді. Хромтаулық бригадалар Әбілқайыр хан даңғылындағы сквер мен орталық саябақты қайта жарақтандырмақ.

Облыс орталығынан ең шалғайда орналасқан Шалқар ауданының кәсіп­керлері мен демеушілері Әлия Мол­дағұлова даңғылы бойында жалпы көлемі 13 мың шаршы метрлік аллеяны салуға өзгелерден бұрын кірісті. Бұл – тұрғындар көп жиналатын аудан, бір жағында «Тайқазан» мейрамханасы, қарсы бетте осызамандық үлгіде «Дина» гипермаркеті, айналасында жағалай салынған көпқабатты тұрғын үйлер және әлеуметтік қызмет нысандары. Жобалық-сметалық құны 40 миллион теңгені құрайтын аллеяны «Темірхан Назаров» жеке кәсіпкерлігі небәрі бір айдан астам уақытта салып бітіріп, қала тұрғындары мен қонақтар игілігіне берді. Нақтылай айтсақ, 2600 шаршы метрге брусчатка төселді, 10 мың 500 шаршы метр аумақта көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Балаларға арналған ойын және воркаут алаңдары, субұрқақ, орындықтар мен күркелер, жарықтандыру жүйелері демалушы үлкен-кішінің көңілін көтерері сөзсіз. ЛЭД-экранда латын әрпімен «Шалқар аллеясы» деген жазу жазылған.
Өткен аптаның сенбісінде жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан ағайын шалқарлықтарға тамаша тартуы үшін ризашылығын білдірді. Мұғалжар тауларында қиыршық тас өндіруші кәсіпорындар аллеяның көрікті тұсына пішіні сүйсінерлік тас қойып, арнайы тақтаға еңбек ұжымының атауын жазыпты.
Ұлттық киім киген көркем келіншектер қазақы ғұрыппен шашу шашса, аудан өнерпаздары әсем әндерді құйқылжыта шырқады. Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин өзінің сөзінде мерекелі жылда қалалықтарға елден бұрын айрықша тарту ұсынған Шалқар жұртшылығына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан алғыс айтты. Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне таяу күндерде тағайындалған Мавр Абдуллин мұндай шара ынтымақ пен бірлікті нығайтудың жарқын мысалы екенін жеткізді. Әрине, аудан басшысы Бауыржан Қаниевтің өз командасындағы азаматтармен бірге шалқып-тасып тұруы да заңды.

Салтанатты шара барысында игі істің басы-қасында жүрген еңбек ардагерлері Аманғали Төлебаев, Аманкелді Қалыбаев, Ғанибет Төлегенов, Қазыбек Муапихов, аудан әкімі аппа­ратының инспекторы Дайрабай Өтешовтерге «Ақтөбе қаласына 150 жыл» мерекелік төсбелгісінің тапсырылуы тіптен жарасып кетті.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті 
журналисі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *