Күн мен Айдан қоректенетін гүл

2632

Теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте ең қайратты өсімдіктер ғана кездеседі. Жан-жақтың барлығын жартасты үшкір шыңдар қоршап жатқан аумақта өсетін өсімдіктерге қайраң қаласыз. Мүлдем қолайсыз ауа-райы мен құм топырақ пен малта тастар ғана жапқан таудың биік морненалық үстіртінде шұбаршөп секілді бірнеше өсімдік қана өседі.  

Біз Шұбаршөпті түсіру үшін, тауға шығып, түсуді есептегенде — 20 шақырым жол жүріп қайттық. Іле Алатауы, М.Мәметова мұздығы маңы

Шұбаршөптің жапырақтарына қарап Еңлікгүлдің бір түрі ме деп қалуға болады. Өйткені, екі өсімдікті де суықтан қорғап тұрған түкті жапырақтары бар.

Шұбаршөп (Saussurea gnaphalodes) —  күндізгі орташа температурасы 5-10о С ғана жететін,ал түнде қашан да нөлден төмен болатын мәңгі тоң аймағында өмір сүреді. «Қазақстан флорасының кереметтері» кітабында, бұл өсімдік Күн мен Ай энергиясымен қоректенеді, ылғалды жартастан сорады, биік тау басындағы үскірік боранға қасқая қарсы тұрады, сүйегіңе дейін қалтыратып жіберетін қыс суығына төтеп береді, сөйтіп, өзіне тиесілі қысқа ғұмырында бар күш-қуатын тамырына жинай отыра өмір сүріп қалуға барын салады,-деп анықтама береді.

Шымды тилакоспермумның жабындысына селбесіп өскен Шұбаршөп. Теңіз деңгейінен 3600 м. Іле Алатауы.

Алғашқ жылы шұбаршөп бірнеше ұсақ жапырақтарын ғана жарады, күзде олар қурап, тек жер астындағы тамыры ғана қалады, осылайша ол 2 жыл өседі. Үшінші көктем келгенде өсімдіктің жапырақ орнаған сабағы өсіп шығады. Шілде-тамыз айларында сабақтың ұзындығы 30 сантиметрге жетеді де, оның ұш жағы үш жыл бойы жинаған барлық энергиясының күшімен әдемі, қошқыл көк гүл шоғырына айналады, одан мәңгілік тоң аймағына ғажайып иіс таралады. Алайда гүлдеу уақыты өте қысқа.

Шұбаршөп-мореналарда, ішкі Тянь-Шаньның альпілік үстірттерінде, Қырғыз, Алай және Алай сырты жоталарында, Памирде өседі. Алматыда Іле Алатауының мореналарында, тау шыңдарында кездеседі.

Дайындаған: Жеңіскүл Беркімбаева.

Суреттерді түсірген: Досжан Балабекұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *