Қазақстан Парламенті каникулға кетті

445

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алтыншы сайланған Парламент төртінші сессиясын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Бүгін біз алтыншы сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп беріп, алдағы мақсаттарға назар аударатын маңызды кезең. Әрине, қай қоғамда болса да, қай уақытта болса да заңның орны әрқашан да ерекше. Себебі, заң бар жерде әділдік, бостандық және тыныштық бар. Осы жолда Парламент еліміз үшін, халқымыз үшін көптеген қажетті заңдарды қабылдады. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төртінші сессияның ашылуында берген тапсырмалары мен Қазақстан халқына Жолдауы басшылыққа алынды», — деп тоқталды ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин. Осы орайда ол өткен сессия маңызды тарихи оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Бірлескен отырыс барысында Н. Нығматулин дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп берді. «Сессия барысында қос палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің  41 және Сенаттың 26 жалпы отырысы өтті. Онда 319 маңызды мәселе қаралды. Жалпы, төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданды. Оның ішінде 82 құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енді», — деді Мәжіліс төрағасы. Өткен сессияда Парламентте 20 Үкімет сағаты, үш парламенттік тыңдау, 24 «дөңгелек үстел» отырысы, комитеттердің 29 көшпелі отырысы, сондай-ақ төрт халықаралық конференция ұйымдастырылды. Олар өте маңызды еліміздің экономикалық және әлеуметтік мәселелеріне арналды. «Парламент жұмысында депутаттық сауалдардың рөлі де өте зор. Ол ең алдымен әрбір азаматтың, халқымыздың назарында жүрген сұрақтарды шешуге бағытталады. Осыған байланысты Парламенттің қос палатасының депутаттары өткен сессияда 319 депутаттық сауал жолдады. Соның ішінде Мәжіліс депутаттары 211, Сенат депутаттары 108 сауал жолдады», — деді Нұрлан Нығматулин. Айта кетерлігі, Парламенттің төртінші сессиясы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылды.    Атап айтқанда, маңызды шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістерді енгізу қажет болды. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясының жұмыс мерзімі ұзартылды.  Осы аптада Қазақстан Парламенті «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруар енгізу туралы» Заңын қабылдады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *