Әр адамның жердегі жәннаты — туған жері

64

Туған жер сөзін тебіреніп, жүрегімен тереңнен сезініп айтатын жер бетінде екі ұлт болса, оның бірі — қазақ дер едім. Қазақ халқы үшін туған жерден артық мекенді табу мүмкін емес. Содан болса керек, менің де туған жеріме, еліме деген кіршіксіз махаббатым сонау Германиядан Қазақстанға жетелеп қайта әкелді.

Бала кезімнен Қазақстанда өстім. Ұлтым неміс болғанымен, бойыма қазақтың салт санасын сіңіріп өстім. Қазақ мектебінде оқыдым. Достарым да, бауырларым да Оңтүстік өңірінде еді. Алайда алаңсыз балалық шағымның шаттыққа толы күндері мен он екі жасқа толғанда кілт тоқтағандай. Атам мен әжемнің өтінішімен отбасымыз Германияға көшетін болып шешкенде, жаңа өмірімді елестете алмай қиналғаным есімде. Сол жылы көктемде достарым Ағыбай, Нұрдәулет, Алпамыс төртеуіміз отырғызған алма ағашының көшеттері мен бақшаға еккен көкөністерімізді бәрінен қатты уайымдадым…

Германиядағы өмірім мен Қазақ даласындағы өмірімді салыстырумен күндерім өтіп жатты. Әр түн сайын түсімде өзім өскен Қазығұрт ауылы мен сол жақтағы таныстарымды көретінмін. Ұйқымнан талай рет жылап оянған сәттерімді қазір күле есіме аламын. Кеме қалған Қазығұрттың баурайы мен табиғаты сұлулыққа толы сол мекен менің көңілімнен бір сәт те кеткен емес. Атам мен әжем, әке шешем неміс бауырларымен қауышып, біраз уақыт мәре сәре күй кешкенімен, уақыт өте келе Қазақтың дархан даласын үлкен сағынышпен жиі еске алуды әдетке айналдырды. Сол кездерде жас болсам да, іштей өзіме сөз бердім. Сәті түскен бір күні Қазақстанға ораламын дедім. Уақыттың кемесі жүйітки берді. Германияда жоғары білім алып, мамандық иесі атандым. Қолыма диплом тиген күні сонау бала күнімдегі үлкен арманыма жетуге аз қалғанына сендім. Германия өркениетті елдердің қатарында. Иә, мойындаймын, неміс халқы даму қарқыны бойынша өзгелермен салыстырғанда, көш ілгері екенін мойындаймын. Әйтсе де, мені кіндік қаным тамған жерім Қазақстанға қарай тартты да тұрды. Туған жеріме кету туралы мақсатымды үйдегілер де қолдады. Міне, осылайша араға он екі жыл салып мен туған жеріме қайта оралдым.

Табаным туған жеріме тиген сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шымкент қаласы мен Қазығұртты жалғап жатқан күре жол менің ғана емес, қасымдағы әкем мен шешемнің де көздеріне ыстық жас толтырды. Сол минуттарда маған өмір сүруге бұйырған, лайықты жердің жәннаты Қазақстан екенін тағы мойындадым. Дархан даласындай кең пейілді қазағымды, көкпен таласқан тауларымды, көк майса шөптерімді сағыныппын. Көліктен түсе салып, өзіміз тұрған көшемен жаялатып, бұрынғы достарыма қарай құстай ұштым. Құшақ жая қарсы алған ауылдастарымның пейілі де туған жердің құны мен парқын тағы бір ұқтырды. Мен үшін өзім туған Қазығұрттың баурайынан асқан сұлу мекен жер бетінде жоқ. Сол күні он екі жыл бұрын өзім отырғызған алма көшетіне бардық достарыммен. Алқызыл алмасы самсып пісіп тұр екен. Бір жемісін үзіп алып, танауыма апарып иіскеп, көз жасыма ерік бердім. Қызыл жасылды, көз қарықтыратын ешбір дүние мені қызықтырмайды. Менің туған жерім Қазақстан. Өзге ұлттың өкілі болсам да, туған жерімді шексіз сүйетін патриот азамат ретінде айтарым, әр адамның жердегі жәннаты — туған жері. Осы туған топырағыма ерен еңбегімді салып, елімнің, жерімнің көркеюіне, әлемнің озық елдері қатарына қосылуына бар күшімді саламын. Мен сол үшін туған жеріме оралдым.

Генрих Штольдт.

Бұл мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының

«Туған жер» гранттық жобасы аясында жазылды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *