Апайымның арманы орындалды

45

Мен биыл мектеп бітіремін. Балалық шағым өткен туған жерімнен жырақтап, арман жүгін арқалап, алысқа кетемін. Болашақта суретшілік өнерінің бесаспап маманы болғым келеді. Ақындар өлеңіне арқау еткен, жазушылар шығармасына тақырып еткен туған жерімнің көз тоймас сұлулығын қылқаламның ұшында тербесем деген мақсатым бар.

Біздің аймақтың тұмса табиғаты талай шығармашылық иесін таңдандырып, шабытын оятары сөзсіз. Қазақстанның  Орталық облысы саналатын Қарағандының Шет ауданы менің – туған жерім. Жазық далаға ойқастай біткен таулы қырқалар мен топырағынан көптеген батыр мен ғалымды жаратқан бұл өңірдің сұлу жерлері өте көп. Қазақтың ділмар шешендері мен жырау, күйшілері, бишілері мен ақындары Ақтоғай ауданында көптеп туылса, ал ұлттық дәстүр мен құндылықты аса жоғары дәріптеп, сол ұлттық сананы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген дана ойлы, тіл байлығы шексіз терең, білімі телегей теңіз азаматтар Ақсу Аюлының топырағында көптеп келгені тарихтан белгілі. Елін, жерін көзінің қарашығындай қорып, ұлтына иіліп қызмет еткен Әлихандай батырымыз бен Ермек Әлімхан ағаларымыз бұл күнде біздің ұлы мақтанышымыз. «Қай жердің тумасысың?» деген сұраққа кеудемізді керіп, басымызды көтеріп «пәлен деген батыры туған, түген деген мақтанышы бар жердің тумасымын» деп жауап бергенге не жетсін?! Мен де өз туған жерімді мақтан етемін. Мен Қаныш Сәтпаев секілді ұлы ғалымды дүниеге әкелген топырақтың түлегімін. Сонау мектеп табалдырығын аттаған бірінші күннен бастап-ақ, біздің санамызға туған жердің қасиетін сіңірген ұстаздарымыз ауылымыздың әрбір қара тасын қастерлеуге үйретті. Сол ұстаздарымның ішінде айрықша атап өткім келетін апайым – Торғай апай. Торғай апай өз туған жері үшін өте көп еңбегін сіңірген азамат. Басқасын айтпағанда, Торғай апайдың «Өлкетану» атты қосымша сабағының өзі туған жері үшін баға жетпес еңбек. «Өлкетану» қосымша сабағында біз өзіміз туған өлкенің ғажап сипаттары мен тарихи сүрлеуіне саяхаттаймыз. Апайымыздың телегей терең білімінің арқасында ауылымыздан Қазақстанның іргетасын шайқалтпауға, елімізді жау, дұшпаннан қорғаған талай батыр азаматтың шыққанын естіп білдік. Естіп, біліп қана қоймадық, сол батыр ағаларымыз секілді болуға ұмтылдық. Өзімізге үлгі тұтқан Әлихандай болғымыз келеді. Еліміздің ертеңі үшін біз де бар күшімізді салғымыз келеді. Біздің осындай патриот болып өсуімізге Торғай апайымыздың ықпалы өте зор.

Осыдан ондаған жылдар бұрын Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында «Өлкетану» пәні қосымша сабақ ретінде жүретін. Осы пән арқылы өзіміз туған топырақтың өткені мен бүгінін оқып біліп, ертеңгі мақсатымыздың іргетасын қаладық. Бүгінде осындай «Өлкетану» пәні Қазақстанның барлық мектептерінде білім бағдарламасына енгізіліпті. Былтырдан бері білім бағдарламасына енгізілген бұл пән туралы естіп, қатты қуандым. Өйткені он шақты жыл бұрын әрбір оқушының өз туған жеріне сүйіспеншілігін ояту мақсатында «Өлкетану» пәнін енгізу қажет деп Торғай апайым жоғарыға талай рет хат жазып еді. Өзге жердің емес, өзі өскен жердің тарихын ббіліп өскен бала күні ертең туған жері үшін тер төгуден бас тартпайды. Бұл – Торғай апайдың ең көп айтатын сөзі еді. Апайымның арманы орындалып, енді әрбір қазақ баласы өз туған жері туралы арнайы сабақта оқып, білетін болды. Демек, туған жерін қастерлеп, туған топырағына қызмет ететін жас буын ұрпақ өсіп келеді деп қуанайық.

Бекзат Серғазыұлы.

Бұл мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының

«Туған жер» гранттық жобасы аясында жазылды.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *