«Киелі Алтай: Берел-2019» республикалық фото блог-туры басталды

767

Бүгін Өскемен қаласына «Киелі Алтай: Берел-2019» республикалық фото блог-турының қатысушылары келіп жетті.  Айта кетейік, шара республикалық «Фотоөнер» ҚБ мен «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің ұйымдастыруымен және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің қолдауымен  өткелі отыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 15 фотоөнер шебері қатысқалы отыр.

Фото блог-тур мүшелері бір апта бойы Қатонқарағай ауданының тұмса табиғаты мен тарихи орындарын таспаға түсіреді. Экспедиция мүшелерінің бірінші күнінде «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің қолдауымен Өскемендегі «Этноауыл» саябағымен таныстырылым өтті. Кешен Ертістің сол жақ қанатына орын тепкен. Өзіндік ерекшеліктерін сөзбен айтып жеткізу қиын. Сондықтан, арнайы барып, саяхаттаған дұрыс.

«Біздің мұражайымыздың аумағы — 120 гектар жерді қамтиды. Оның ішінде — бірнеше кешен орналасқан. Мәселен, үлкен және кіші көрме залы, классикалық аллея, бірнеше концерт залы, әскери кешен, ботаникалық бақ, хайуанттар бағы, этноауыл, жағажай, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» кешені, Балалар әлемі, Жібек жолы кешені бар. Мысалы, Этноауыл кешенінде — 17 қоныс немесе үйлер орналасқан. Кешеннің өзі-2010 жылы 1 мамырда ашылған. Бұл сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтты қорық-мұра­жайын Николай Зайцев ашқан болатын»,-дейді экскурсия жетекшісі Гүлбақыт Балтабекова.

Бірегей кешендегі саяхаттан соң,  «Композиторлар аллеясында» Шығыстағы фотоөнерге қызығушы жастардың қатысуымен «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов және «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер фототілшісі Нұрманбет Қизатұлы және басқа да кәсіби фотографтардың жүргізуімен шеберлік сағаты өтті. Белсенді қатысып, фотографияға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берген көрермендерге «Фотоөнер» ҚБ-нің атынан сыйлықтар табысталды.

Асылхан ӘБДІРАЙЫМ,

«Фотоөнер» ҚБ-нің төрағасы:

-Биыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Осы жылға орай «Киелі Алтай» фотоэкспедициясымен келіп отырмыз. Бұл жердегі қатысушылардың басым көпшілігі жас фотографтар. Оның ішінде, соңғы кездері көпшілік ортасында, әлеуметтік желіде танымал болып жүрген- талантты жастар бар.

Біздің мақсатымыз-Шығыс өңірінің киелі жерлерін, соның ішінде үшінші «Алтын адам» табылған ашық-аспан астындағы «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын жас фотографтардың көзімен түсіріп, болашақта- Өскеменде, Семейде, Алматыда фотокөрмеге қоюға, әрі осы өңірдегі туризм саласына үлес қосу, ат салысу, насихаттау жұмыстарын жүргізу. Бір сөзбен айтқанда, осындай табиғаты керемет тарихи жері бар өңірді елімізге және әлемге таныстыру.

Ерболат ШАДРАХОВ,

«National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы:

-Табиғатты түсіру үшін — жан-жақты зерттеу керек. Ол үшін баратын жердің суреттерін ғаламтордан қарап шығып, «Кім түсірді?», «Қалай түсірді?»,- деген сұрақтарға жауап іздеймін. Сосын, сол тауға, я көлге қай мезгілде-қай қырынан барсам деген ой туындайды. Ол тауды ғаламтордағы карталардан үстінен, жанынан, қырынан толық қарап шығамын.

Табиғатты түсіруге барынша дайындықпен барамыз. Ол жерді түсіру үшін ауа-райын қолайлылығын, жарықтың түсуін күту керек. Жақсы кадрды түсірмейінше, ол жерге бірнеше рет қайталап барамын.

Табиғат түсірушілер — күз бен қысты ұнатады. Жазды көбісі ұнатпайды, барлығы көкпеңбек болып тұратындықтан. Өзіме, күз бен қыс ұнайды. Көктемде, жақсы локация мен ракурстар болмаса, көп түсірмеймін. Табиғатқа шыққан фотограф — оның кез-келген құбылысына дайын болатындай кимімен шығуы тиіс. Өйткені, оның ойында тек түсіретін жер ғана болуы қажет, сонда ғана жақсы сурет шығады.

Еске сала кетейік, «Киелі Алтай» фотоэкспедициясының жұмыс сапары 16-21 шілде аралығында өтеді.

 Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Өскемен қаласы

(Суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *