GGG-дің қарсыласы, Роналдудың ашуы және Пакьяоның ерлігі — Спорт жаңалықтарына шолу

683

Өткен демалыста 40 жастағы Мэнни Пакьяо беліне кезекті белбеуін байлады, футбол жұлдызы Криштиану Роналду мен оның бапкері арасында жанжал шыққанға ұқсайды. Ал Дмитрий Баландин Олимпиадаға екінші лицензияны жеңіп алды. Тengrinews.kz тілшісі өткен демалыстағы спорт жаңалықтарына шолу жасады.

Пакьяоның 40 жастағы ерлігі

Филиппиндік Мэнни Пакьяо америкалық боксшы Кит Турманды жеңіп, одан WBA Super белбеуін тартып алды.

Бірінші раундта 40 жастағы Пакьяо әсерлі соққы жасап үлгерді. Ол америкалықты артқа шегініп жатқан жерінен қуып жетіп, нокдаунға түсірді. Мэнни қалған раундтардан шабуылды үдете түскен, алайда Кит алтыншы раундта филиппиндік боксшыдан айласын асырып, жағдайды өз қолына алды. Жетінші раундта америкалық толықтай басым болды деуге болады.

Соңғы раундта екеуі де бір-біріне әсерлі соққылар жұмсап, кешті барынша қызықтыра түсті. Нәтижесінде төрешілер шешімімен жеңіс Пакьяоға бұйырды.

Роналдудың ашуы мен Кейннің ғажабы

Халықаралық чемпиондар кубогы аясында лондондық «Тоттенхэм» мен туриндік «Ювентус» кездескен.

Бұл матч екі қызық оқиғамен есте қалды. Италиялық клубтың шабуылшысы Криштиану Роналду 60-минутта өз командасын алға шығарып, есепті 2:1 қылған. Бірақ үш минуттан соң «Ювентустың» жаңа бас бапкері Маурицио Сарри футболшыны ауыстырып тастады. Роналдуға бапкердің бұл қадамы ұнамаған секілді. Алаң жиегінде португалиялық футболшы бапкерге ашулы түрде бапкердің бұл қадамына қарсылығын білдірді.

Роналду алаңнан кеткен соң «Тоттенхэм» екі гол соғып, жеңісті жұлып әкетті. Әсіресе, Харри Кейннің соңғы минуттарда соққан жеңіс голы әдемі шықты. Форвард қақпашының сәл алға шығып кеткенін байқап, алаң ортасынан соққы бағыттаған — голкипер командасын құтқара алмады. Есеп — 3:2. Кейннің голын жанкүйерлер мен футбол мамандары ғажайыпқа балап жатыр.

 

0 жастағы футболшының жалақысы 50 миллион еуро?

Франциялық ПСЖ-ның басшылары команданың 20 жастағы шабуылшысы Килиан Мбаппені жалақысы ең көп футболшы қылуы мүмкін. Себебі жас форвардқа Англия чемпионы «Манчестер Сити» көз тігіп отыр.

El Pais ақпараты бойынша, осы трансферден сақтану үшін француз клубының басшылары Мбаппеге жыл сайын 50 миллион еуро беріп отыруға дайын. Мбаппенің өзі «Манчестер Ситиде» ойнауға қарсы емес.

Айта кетейік, Килиан Мбаппе — әлемнің ең қымбат футболшысы. Оны CIES Football Observatory 252,2 миллион еуроға бағалаған.

Баландин Олимпиадаға екінші лицензияны жеңіп алды

Кванджуда өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында жүзуден жарыс басталды. Бірінші жарыс күнінде команда көшбасшысы Дмитрий Баландин 2020 жылғы Токио Олимпиадасының нормативін орындады.

Дмитрий Баландин. Фото: olympic.kz

ҰОК баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Баландин өз тобында алтыншы нәтиже көрсетті. Ол аталған қашықтықты 59.56 секундта жүзіп өткен. Осылайша, Дмитрий 100 метрлік қашықтықтағы Олимпиада ойындарына А іріктеу нормативін орындады.

Бұл Баландиннің Токио Олимпиадасына жеңіп алған екінші жолдамасы. Қазақстандық спортшы Champions Swim Series әлемдік турнирінде 200 метрге брасс әдісімен жүзуден Олимпиада жолдамасына иелік еткен еді.

DAZN Головкинге үш қарсылас ұсынды

DAZN стриминг сервисі Геннадий Головкинге қыркүйекте жекпе-жекке шығатын үш боксшыны қарастырып жатыр.

GGG-мен жекпе-жекке үміткерлер — украиналық Сергей Деревянченко, мексикалық Хайме Мунгия және жапониялық Риота Мурата.

Ұсынылған қарсыластардың ішіндегі басты үміткер — Деревянченко. Екі боксшы IBF белбеуін сарапқа салуы мүмкін.

Әлімханұлы 27 жеңісі бар боксшымен жұдырықтасады

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (6-0, 2 КО) келесі жекпе-жегін 17 тамызда өткізеді.

Орта салмақтағы жекпе-жек Лос-Анджелесте (Калифорния штаты, АҚШ) Banc of California Stadium аренасындағы бокс кешінде өтеді. Қазақстандық боксшының қарсыласы 32 жастағы канадалық Стюарт МакЛеллан (27-3-3, 11 КО) болады. Кездесу он раундқа жоспарланған.

Бір матчта сегіз гол

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 19-турында бірнеше тартысты матч тіркелді. Қостанайда көш басындағы «Тобыл» алматылық «Қайратты» қабылдаған. Командалар екеулеп жүріп сегіз гол соқты. Матч барысында 0:2 есебімен жеңіліп жатқан «Қайрат» жеңісті жұлып әкетті. Қорытынды есеп — 5:3.

 

Ал турнир кестесіндегі соңғы үш команда да жанкүйерлерін қуанта алды. Соңғы орындағы «Ақтөбе» осы маусымдағы азулы клубтардың бірі «Қайсарды» сырт алаңда жеңді — 1:0. Ал «Атырау» өз алаңында Еуропа лигасына қатысып жатқан «Ордабасыны» 1:0 есебімен қапы қалдырды. Төменгі лигаға ұшу қаупінде тұрған тағы бір клуб «Тараз» «Жетісудан» 2:0 есебімен басым түсті. Ал Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен «Оқжетпес» кездесіп, «кеншілер» жеңіске жетті — 1:0.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *