ДІНДЕГІ ЖАТ АҒЫМДАРДЫҢ ЛАҢЫНАН САҚТАНАЙЫҚ

691

Еліміздің өз тәуелсіздігін алуы халқымыздың төл мәдениетімен,      салт-дәстүрі бен дінімен қауышуына жол ашып, ұлтымыздың рухани өміріне үлкен оңды өзгерістерді алып келді. Десек те, біздің елдің тым ашық саясаты мен халқымыздың ашық ниетін өз мақсатына пайдаланған теріс пиғылды ағымдар сол кездері қоғамымызға еніп үлгерді. Мұндай теріс пиғылды ағымдар діннің атынан сөз сөйлеп, әрекет ететін болғанымен негізінен саяси мақсаттарға қол жеткізуді көздейтін топтар болып табылады. Ислам діні тарихында қалыптасқан осындай діни-саяси ұстанымдардың бірі болып тобылатын салафизм ағымының идеяларынан туындаған әрекеттер осы жылдар аралығында елімізде бірнеше рет  қақтығыстарға себеп болып та үлгерді.

Араб түбегіне тән исламдық ұстаным мен өмір сүру үлгісін идеалдандырудан туындаған салафизм идеологиясында діндегі таухид мәселесі негізінде бірден-бір жаратушы болып табылатын Алла тағалаға сыйынуда бірқұдайлық қағидаттарға сыйыспайтын көптеген ақаулықтар бар деген пікір алға қойылып, қазіргі әлемдегі мұсылмандардың көбі ислам дініне сай келмейтін әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді ұстану арқылы діннен алыстап кетті деген пікір орталық мәнге ие.

Бұл ағым, сәйкесінше, қазіргі мұсылмандардың негізгі проблемасы таухидтің шынайы түсінігін бұрмалаудан туындап отыр деп санап, исламды барлық жаңалық атаулыдан тазарту керек деген ойды алға тартады.

Қазіргі күндегі радикалдық исламдық ағымдарды білдіретін ағымдар туралы сөз қозғалғанда жиі айтылатын мадхалиттер, суруриттер, тәкфіршілер атымен белгілі  салафилік топтарға келер болсақ, оларды діннің нақты қоғамдағы алатын орны мен рөлімен санасуы және санаспауы тұрғысынан бөліп қарастырған дұрыс тәрізді.

Мәселен, салафилік идеологияны ұстанатын мадхалиттер мен суруриттердің бір-бірінен ерекшеленетін бір тұсы осы. Өткен ғасырдың                  90-жылдары Таяу Шығыстағы Ирак елінің төңірегінде қалыптасқан жағдайға байланысты  Сауд Арабия территориясына Америка әскерлерін кіргізуге байланысты мәселеде аталған елдің азаматтарының бір тобы ел өкіметінің ұстанымын қолдаған діндар Раби ибн Хади әл-Мадхалидің қасынан табылған болса (мадхалишілер), екіншілері шетел әскерін кіргізуді күпірлікке балап, билікің қарсы ұстанымда болды (суруриттер). Әрине, бұл жерде қазіргі Сауд Арабиясы елінің аумағы ислам дінінің пайда болған жері және барлық мұсылмандар үшін қасиетті болып саналатын Мекке мен Мәдина қалалары орналасқан аймақ болғандықтан осы мәселе ерекше өзектілікке ие болғаны айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі таңда жекелеген сарапшылар тарапынан мадхалиттер мен суруриттерді билікке қарсы шықпайды деген пайым негізінде оларға қалыпты, яғни біздің қоғамымыздағы діни ұстанымға, салт-дәстүрлер мен мемлекеттік жүйеге оң көзқарастағы байсалды топ ретінде баға береді. Десек те, көптеген отандық сарапшылар олардың басқа да салафилік топтар секілді қазақтың салт-дәстүрлеріне бидғат, ширк деп баға беретін төзімсіз топ деп есептейді.

Сарапшылар осы орайда мадхилилердің намаз оқымайтын адамдарды ашық түрде кәпір демегенімен, оларды мұсылман ретінде санамайтындығын, ал суруриттердің мемлекет билігі кәпір елдермен қарым-қатынас жасамауы қажет деп санайтындығын және бес уақыт намаз оқымайтын мұсылмандарды кәпірлікпен айыптайтындығын айтады.  Жалпы, мұндай ұстанымдар оларды байсалды деп санауды қиындата түсері анық.

Қазіргі күндегі салафизм идеясын ұстанатын тәкфіршілерге келер болсақ, олар дінді біржақты түсінетін радикалдық ұстанымдағы топ болып табылады. Тәкфіршіліктің басты нысанына, ең біріншіден, олардың түсінігіндегі ислам дінімен келіспейтін ұстанымдағы мұсылмандар ілігеді, өйткені олар дінді өздері тәрізді түсінбейтін мұсылмандардың барлығын дінсіз кәпірлер деп есептейді, ал зайырлы мемлекет пен оның басшыларын діни сыйыну нысандарына айналып кеткен пұт «тагуттар» деп айыптайды.

Қазіргі күнде деструктивті сипаттағы тәкфіршілік идеясының негізі өткен ғасырдың 70-80 жылдары Мысырда пайда болған                                            «Ат-Такфиру аль-хиджра» («дінсіздікпен айыптау және өз дінін қорғау үшін басқа жаққа кету») деген атауды иеленген ультррадикалдық бағыттан туындайды. Осы ретте, Қазақстанда «Ат-Такфиру аль-хиджра» ұйымына және оның идеологиясына сот шешімімен тыйым салынғанын айта кету керек.

Сонымен салафизм идеясын ұстанатын осы топтардың біздің қоғам үшін қауіптілігі неде?

Жалаң қағидаларға негізделген салафиттік топтар қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған  тарихына селкеу түсіруді, рухани мұрасы мен мәдениетін жоққа шығаруды көздейді, сан ғасырдан бері халқымыздың тұрмысы мен санасына сіңісіп кеткен мұсылмандығын теріске шығарып, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын өз дініне қарсы қою мақсатын ұстанады.

Ислам дінінің бастапқы заманында болмаған және діннің араб кеңістігінен шығып, басқа этникалық ортаға бейімделуінен туындаған діни дәстүрлерді мойындамайтын олар Құран мен сүннетте  жоқ барлық әрекеттерді жаңашылдық деп санайды да шариғатқа қайшы келмейтін және ислам құндылықтарының дамуына үлесін тигізетін қоғамға пайдалы тұстарын теріске шығарады. Олар өз әрекеттерін «тауһид», «ширк», «күпірлік», «жиһад», «таза ислам» секілді ұғымдарға орай отырып, ұлтымыздың тұрмыс-болмысына әбден сіңген ислам дінінің қағидаларын бұрмалайды, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді дінге енгізілген жаңашылдық деп қарастырып, олардың бәрін харам деп санайды.

Олар ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрін жоққа шығарып, «батадан кейін бет сипауға болмайды, қабірді зиярат етуге, оған белгітас орнатуға болмайды,  музыка, өнер, туған күн тойлау харам» деген секілді байыпсыз пікірлер таратады. Алайда, бұл дәстүрлердің ислам дініне ешбір қайшылығы жоқ екені және біздің дәстүріміздегі наурыз мерекесін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар мұсылман дінінен ауытқушылық емес, дінмен үйлесім тақан ежелден қалыптасқан әдет-ғұрыптар екені сөзсіз. Сол әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің бәрі халқымыздың түсінігіндегі исламның аясында сан ғасырлардан бері өмір сүріп келеді.

Әрбір ұлттың құндылығы оның өзімен бірге жасасып келе жатқан тіліне, діліне, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүріне негізделетін болғандықтан, қазақтың азаматтары ұлттық болмысымызды құрайтын ата-бабаларымыздың аманат еткен жолын сақтап қалуға мүдделі болуымыз тиіс. Өйткені халық өзінің «мендігін» құрайтын рухани-мәдени құндылықтарын сақтап қала алмайтын жағдайда, оның сыртқы күштердің шабуылдарына төтеп беруі қиын. Тіпті ондай халықтың түптің түбінде өз мемлекеттілігін сақтап қалуы да неғайбыл.

Сондықтан еліміздің азаматтары бүгінгі күні қайта ту көтерген мемлекеттілігімізді баянды етуге, халқымыздың руханияты жасампаз, еліміздің болашағы жарқын, тұғыры бекем болуы үшін қазақ топырағында қалыптасқан ислам дінінің дәстүрлі түсінігін нығайта түсуге және мемлекетіміздің заманауи даму жолын ілгерілете беруге мүдделі болулары тиіс.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *