«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ»

190

Баянауыл – сан ғасырлық тарих пен мыңжылдықтар бойы қалыптасқан  ғажайып табиғаттың сырлары тұнған өлке. Найзатас, Кемпіртас, Данатас, Қоңыр әулие үңгірі тағы да басқа қойнауына құпиясын жасырып, мүлгіп жатқан кербез дала мен асқақ таулар, адамзатқа бағзы замандардан үн қатқандай әсер қалдыратын бейнелі тастар. Сай-сайдан сыңғырлай аққан бұлақтар мен аспан түстес айнакөлдер, тау бауырын қымтай жауып, өрлей өскен орманы. Өсімдіктер мен жан-жануарлардың сан түрі ежелден бері мекен етіп, осы өлкенің таусылмас қазынасына айналған.  

Жапония, Бельгиядан, еліміздің ғылыми әрі мәдени астанасы Алматы қаласынан келген ғалымдар осы ғажайып өлкені ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мақсатында Кереку жеріне табан тіреді. Бұл шара химия ғылымдарының докторы, профессор, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлының бастамасы арқылы іске асып отырғандығын бөле жара айтуымыз керек. Дүниежүзіне белгілі халықаралық ұйымның осы өлкеге назарын аударып, ғалымдардың арнайы топ құрып, қасиетті өлкесіне табан тіреуіне тікелей септігін тигізуде. ЮНЕСКО атынан келген қонақтардың өз деңгейінде күтіп алып, Баянауылдың ерекше орындарымен таныстыру міндетін де Алтынбек Нухұлының басшылығындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті атқарды. Ұйым атынан келген экспедиция құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу ақпараттық орталығының директоры, ЮНЕСКО «Ғылым және руханият» кафедрасының меңгерушісі Әбусейітова Меруерт Қуатқызы, аталған институттың жетекші ғылыми қызметкері, PhD доктор Жанымхан Ошан, Лувен Католик университетінің профессоры (Бельгия) Анна Мари Вильмено, Киото Этнология ұлттық мұражайының доценті, PhD докторы (Жапония) Токо Фудзимото, сияқты беделді ғалымдар бар.

Бұл шараға ұйытқы болып, халықаралық дәрежедегі жұмыстың атқарылуына тікелей атсалысып отырған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, профессор Алтынбек Нухұлы ғалымдарды өзі бастап, Баянауылдың әр тасының тарихына, әр сайының сырына қанықтырды. Алғашқы күні ғалымдар тобы облыс орталығында аялдап, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің құрамында ашылған Margulan Centre археологиялық орталығымен, Ертіс жағасындағы «Қазқонақ» палеонтологиялық орнымен, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен танысты.

Ертеңінде Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ескерткішіне аялдап, тағзым еткен экспедиция мүшелері әулиенің Баянауылдағы кесенесіне жол тартты.

Экспедиция жетекшісі шетелдік ғалымдарға Мәшекеңнің өмірі мен қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі теңдесіз орны жайлы кеңінен мағлұмат берді. Ғұмырында 20 томдық еңбек қалдырып, ұлттың рухани піріне айналған Мәшһүр Жүсіптің аты қазақ үшін қашан да қымбат. Діні мен тіліне, ары мен ұятына араша болып, тегін тектеп, рухани мұрасын түгендеп кеткен ұлы тұлғасын бүгінде ұлты да қадірлеп, қастер тұтады. Әулиенің басына құран бағыштап, бет сипаған экспедиция мүшелерінің сапары тарихы терең мекен Мұса Шорманұлы ауылында жалғасты.

Құшағы ашық, дархан көңілді жұрт қонақтарды ән шашумен қарсы алды. Елді мекеннің  білім ордасына бас сұққан қонақтар мұражайды аралап, осы өлкенің тарихымен етене танысты. Бұл ауылдың Мұса Шорманұлы атануы да тегін емес. Мұса Шорманұлы – осы топырақта туып, аты Алашқа мәшһүр болған тұлғалардың бірі. Алтынбек Нухұлының бастамасымен мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы. Тарихи тұлғаның 200 жылдық мерейтойына  орай, Теңдік ауылының іргесінде Мұса Шорманұлы жерленген орынға еңсесі биік кесене тұрғызылғаны мәлім. Теңдік ауылы Мұса Шорманұлы есімімен аталғанын айта кетейік.

Сапар барысында кесенеге арнайы ат басын тіреген ғалымдар бұл нысанның мәдени әрі тарихи құндылығы жоғары екендігін атап өтті. Бұл жерде де Мұса Шорманұлы және өзге де бұрын өткен аруақтарға құран бағышталып, дұға етілді.

Экспедицияның екінші күні Қоңыр әулие үңгірінде жалғасын тапты. Бұл нысан Жасыбай көлінен батысқа қарай 4,5 шақырым қашықтықтағы  Баянауылдың биік шоқыларының бірінде орналасқан. Үңгір күмбез  және қазандық бөлігінен тұрады. Күмбез бөлігіне сәлем беріп, бас иіп  кірген келушілер қазандық бөлігіндегі бұлақтан дәм татады. Деректерге сүйенсек,  бұл орын 18 ғасырдан бастап халықтың сыйыну орынына айналған. Үңгірдің айналасындағы бай ана, жеті ана, қаған тастары туралы аңыздардың әрқайсысының үлкен бір фольклорлық мұра ретіндегі құндылығы жоғары.

Бұдан бөлек, ғалымдар Баянауыл өлкесінде ықылым замандардан бері түзіліп, табиғи жолмен қалыптасқан Найзатас,  Кемпіртас, Данатас, Саймантас сияқты әр түрлі адами, әрі анатомиялық бейнедегі тастарды аралап, даңқты режиссер Шәкен Аймановтың атамекені Айманбұлақ пен Шоң бидің ескі жұртына да ат шалдырған ғалымдар, Торайғыр көлінің жағасындағы сақ дәуірінен қалған «мұртты обалардың» зерттелу барысымен танысты. Бүгінде бұл жерде ПМПУ негізінде ашылған Margulan Centre археологиялық орталығы қазба жұмыстарын жүргізуде.

Ал, экспедицияның соңғы күні ғалымдар Баянауыл ауданының орталығында болып, әйгілі академик, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев мұражайына бас сұқты. Кемеңгер ғалымның өмірімен, теңдесіз еңбек жолымен танысты. Бұнда Қаныш Имантайұлының өмірде тұтынған бұйымдары, киген киімдері, қолжазбалары, маңызды жиындар мен конференцияларда түскен суреттері, баршасы – академиктің көзіндей болып сақталып тұр.  Отбасы жайлы, балалық шағы мен тұтастай ғұмыры жайлы мәліметтерді, академик туралы мол зерттеу еңбектерді осы мұражайдан көре аламыз. Бірнеше күн бітімі бөлек табиғатты аралап, сырына қаныққан ғалымдар Баянауыл топырағын қимай аттанып, облыс орталығында «Ұлы Дала мәдениеті мен тарихы» конференциясына қатысты.

Ғұн мен сақ, көктүрік, қыпшақ дәуірлерінен бүгінге дейінгі далалық мәдениет жайлы құнды баяндамалар жасап, көшпенділік мәдениеттің ерекшеліктеріне тоқталды. Конференцияға өңір басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Бірнеше күнге созылған ауқымды іс көрнекті ағартушы, педагог, «Алаш» қозғалысының мүшесі – Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа арналған мемориалды тақтаның ашылу салтанатымен аяқталды. Әбікей Зейінұлы 20 ғасырдың басындағы әйгілі ағартушы, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сияқты әйгілі тұлғалардың ұстазы саналады. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды белгілі тұлғалар Әбікей Зейінұлын өздеріне ұстаз тұтқан. Университет басшылығының қолдауымен кезінде есімі аталмай, көмескіленіп қалған тұлғаның өмірі мен еңбегі қайта зерделеніп, кітаптар жазылып, «Ертіс-Баян өңірінің 100 тұлғасы» сериясының негізінде фильм де түсірілді. Енді дүниежүзілік мерейлі шараның қарсаңында мемориалды тақта ашылып, тарихи ақиқаттың қайта қалпына келуіне тағы бір үлкен қадам жасалды. Осылайша бірнеше күн бойы Баянауылдың бай мәдениеті мен тарихын зерделеген ғалымдар ғылыми қоржындарын мол деректермен толтырып, елдеріне аттанды. Алдағы уақытта «Баянауыл мемлекеттік ұлттық саябағын» ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жолындағы құжаттамалық негіздегі жұмыстар атқарылмақ.

Серікбол Жанасыл

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *