Көлсай мен Қайыңды – жердегі жұмаққа саяхат

474

Бұл өлкені бір көрген адамның қайта оралуға аңсары ауып тұратыны бар. Келіп көрген сайын сұлулық тұнған табиғат сыйына тамсанудан танбайсың. Жаратушының шексіз құдіретіне тағы бір мәрте басыңды ие таңғалып, тылсым сырына қаныға түскің келеді. Киелі жердің құдіреті ғой, асқақ та тәкаппар тауларды бойлай өскен биік шынарлар мен қасқайып тұрған қалың қарағайларына көз алмай қарап, өзің де осынау ұлы туындының бір бөлшегіне айналып кете барасың.

Иә, бұл Аспантаулар өлкесі – Күнгей Алатауының табиғаты сұлу бір пұшпағы – шыршалы орман қоршаған Көлсай көлдері. Аспанмен таласқан биік таулардың арасында, алақанға салған аяулысындай әдемі де тұп-тұнық, тостағанға құя салғандай шүпілдеген көл жатыр. Сонау биіктегі мұздықтардан жүйтки аққан асау өзеннің суы сарқырап ағып келіп, тау аңғарына жеткенде екпінін басып, бір сәт сабыр тапқандай. Тостағанда мөлдіреген көл суы күн сәулесіне шағыла мың құбылып, самал желмен бірге нәзік толқыған күйінде көздің жауын ала лықси, қайтадан ұлы өзенге айналып, арнасын таба аға жөнеледі. Көлсайдың сұлулығы айнала қоршаған биік таумен жарыса өскен мәңгі жасыл әлеммен одан сайын ажарланып, ғаламат үйлесімдегі тұтас туынды көңілің мен көзіңді жаулап алады.

Жер жәннаты – Жетісудің көркін ашқан бұл көлдер бағзы заманнан осы өңірді мекендеген халықтың мақтанышы, байлығы, көзінің қарашығындай қорғаған мекені. Түрлі себептермен оңтайландыруға байланысты жабылып қалған Кеген ауданы 2018 жылы қайта ашылған болатын. Осыған орай Кеген ауданы әкімдігінің қолдауымен Алматы мен Талдықорғаннан келген бір топ журналист отандық туризмді насихаттау мақсатында «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне сапарлап қайтты. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Саты ауылына қонақтап, Көлсай мен Қайыңды көлдерін тамашалады. Айта кетерлігі, жергілікті тұрғындар жыл сайын алыс және жақын шетелден келетін туристердің көбеюіне орай оларға қызмет көрсетуге бейімделіпті. Қонақтарға арналған тұрғынжайлар, ас-ауқат ұсыну, атпен серуендеу және басқа да қызметтер осы аймаққа жақын орналасқан ауылдар халқының әл-ауқатының көтерілуіне де септігін тигізуде. Бұған журналистер өз көздерімен куә болды. Алматы облысының, оның ішінде Кеген ауданы әкімдігі тарапынан туризмді дамыту бағытында іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл жолғы баспасөз сапары да осы ауданның тыныс-тіршілігімен танысу, өңір дамуын көзбен көру, отандық туризмді насихаттау, жетістіктері мен кемшіліктерге назар аудару мақсатынан туған болатын. Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов пен орынбасары Қайрат Омархалық, Алғабас ауылының әкімі Сырым Есенханұлы, Саты ауының бас маманы Мәлік Ыдырысов, Жалаңаш ауылының азаматы Рүстем Жеңісұлы журналистер сапарын ұйымдастыруға бар жағдайды жасап, қызықты да әсерлі өтуіне бар күштерін салды.

Алғашқы күні 1818 метр биіктікте орналасқан төменгі Көлсай көліне барған қауым тамылжыған табиғат аясындағы әсем көріністен көз ала алмай, ғажап сезімге бөленгендерін жасырмады. Екінші күні шығысқа қарай 11 шақырым жерде орналасқан Қайыңды көліне сапар жол бастаушы ағалардың жергілікті өлке тарихы туралы танымдық әңгімелерімен басталды. Мәлік ағамыз бала кезінен естіп өскен ауыл қарияларының аңыз-әңгімелерімен қоса, 1916 жылғы дүрбелеңді еске түсірді. Алағай да бұлағай төңкеріс жылдары отаршылдардың қанды қылышынан бүкіл ауыл болып қырылып қалған оқиғалар ел жадынан ешқашан өшпек емес. Сол бір қасіретті кезеңді сол күндердің еріксіз куәсі болған тау мен дала ішіне бүгіп, үнсіз қоштап тұрғандай. Тағдырлы халықтың талайлы тарихының ізі жатқан бұл мекен туралы айтатын әңгіме, шертетін сыр аз емес.

Көлсай орналасқан Күнгей Алатауы жануарлар мен өсімдік әлеміне бай. Мұнда өте сирек әрі жоғалып бара жатқан табиғат дүниесімен танысуға болады. Ұлттық парк аумағында шетен, таңқурай, бөріқарақат, итмұрын, шырғанақ, қой бүлдірген, рауғаш, жабайы пияз, сарымсақ және басқа ондаған түрлі жеміс-жидектер өседі. Көлге жеткенше жол-жөнекей біз де бұл жидектердің дәмін тамсана талғадық. Жұпаргүл, уқорғасын, томар дәрі, қалақай, мыңтамыр, жалбыз, өгейшөп сияқты дәрілік өсімдіктер қаншама?! Ал жануарлар түрінен Көлсай өңірінде екі жүзден астам жаратылыс иесі бар екен. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген сүт қоректілердің 6 түрі, құстардың 13 түрі бар. Асқақ таулар тәуелсіз еліміздің бір нышанына айналған қар барысының да қасиетті мекені.

Аудан әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, жыл бойы ұлттық паркті көруге мыңдаған туристер келеді. Оның ішінде алыс шетелден келетіндер легі жыл сайын артып келеді. Демалушылардың арасында Франция, Чехия, Индия, АҚШ, Қытай, Германия, Малайзия, Бельгия, Польша, Австралия, -Түркия, Испания, Корея, Канада, Литва, Жапония, Швейцария, Израиль, Голландия, Италия, Мексика, Иран, Финляндия елдерінен келетіндер көп. Біз барған кезде Оңтүстік Африка республикасынан, Еуропа елдерінен келген қонақтар таңғалысқа толы жылы лебіздерін білдіріп, журналистермен алған әсерлерімен бөлісіп жатты. Аудан әкімдігінің республикалық деңгейдегі тиісті мекемелермен бірлесіп, туризмді дамыту бағытындағы жоба-жоспарлары жеткілікті. Оған жергілікті кәсіпкерлерді тарту да көзделген. Мәселен, Саты ауылының кіреберісінде қонақтарды қарсы алып тұрған ақшаңқан киіз үйлер туристерге қызмет көрсетуге арналып ашылған. Аудан әкімшілігі туған жерді түлетуге кіріскен кәсіпкер азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуде.

Көлсай мен Қайыңдыда жаяу және атпен серуендеуге болады. Тау бөктерлерін бойлап, көрікті жерді тамашалауға таптырмас мүмкіндік бұл. Көл жағасында шатыр құрып демалу немесе киіз үйді жалға алу, ескекті қайықпен серуендеу де қарастырылған. Ұлттық тағамдар – ауылдың құрт-майы мен кілегейі, ірімшігі мен қымызы тіл үйіреді. Бұл жергілікті

тұрғындардың нәсібін айыруына да пайдасын тигізіп отыр. Ауыл азаматтарының айтуынша, Кеген ауданы бойынша Көлсай мен Қайыңдыға жақын орналасқан Саты және Қарабұлақ, Жалаңаш, Күрметі ауылдары тұрғындарының тұрмысы мен әл-ауқаты жыл өткен сайын көтеріліп келеді. Олар нарыққа бейімделіп, туристерге жайлы тұрғынжай ұсыну және басқа қызметтер көрсетуден табыс тауып отыр. Бұның бәрі осынау өңірдің болашағы кемел екенінің бір көрінісі.

Сонымен, екі күндік сапар да тәмамдалып, қайтатын сәт туды. Табиғат ғажайыбының ғаламат әсерімен қоса, аудан әкімшілігі мен жергілікті тұрғындардың риясыз ықылас-ниетіне шексіз риза болған журналистер бұл жерге әлі талай келетінін айтып қимай қоштасты.

Дина ИМАМБАЕВА

Алматы – Көлсай – Қайыңды – Алматы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *