Алматы облысында алты айда 21 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілген

555

Халық саны бойынша Алматы облысы көш бастап тұрса, жастардың ең көп шоғырланған өңірі ретінде де Жетісудың аты озық. Статистика департаментінің мәліметіне сәйкес облыста 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 408 218-ге жеткен. Оның 88 950-і қалалық жерлерде, 319 268-і ауылда тұрады екен. Бұл туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас мәслихаттың кезекті сессиясында айтты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Жастар жылында» жастар саясатын іске асыруды қаржыландыру көлемі өңірде 552,9 млн. теңгені құрап отыр. Соның ішінде жастарды жұмыспен қамту ісіне ерекше көңіл бөлінуде.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметіне қарағанда, 2019 жылдың І жартысында мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында жұмыссыз және NEET санатындағы жастардың қамтылуымен 21 «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өткізілген. Осы шаралар барысында 3000 бос жұмыс орыны ұсынылса, нәтижесінде 703 жұмыссыз жасқа жолдама беріліп, 301 жас жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар, жыл басынан бері жұмыссыз жастарды тіркейтін бірыңғай базаға 253 жас тіркеліп, 112 жас жұмысқа орналасыпты, оның ішінде 52 жас жастар тәжірибесі арқылы жұмыс тапқан.

Басқарманың ақпараты бойынша «Дипломмен ауылға» жобасы аясында І жартыжылдықта 694 маманға 244 238,7 мың теңгеге көтерме жәрдемақы және 409 жасқа 1 528 558,2 мың теңгеге несие берілген. Бұл өз кезегінде өңірлерге келген жас мамандардың баспана мәселесінің шешілуіне оң ықпал етіп отыр.

«Қоғамның белсенді мүшесі әрі қозғаушы күші болып отырған жастардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси бағыттағы мәселелерін уақытылы шешу арқылы біз жалпы мемлекеттің дамуына игі әсер ете аламыз», — дейді Ж. Қаратас.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *