Журналистер кәсіби біліктілігін шыңдады

589

Алматыда Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастырумен және «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті. Іс-шараға Алматы, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Орал және басқа аудан-аймақтардан 40-қа жуық журналист қатысты.

Қазіргі таңда әлеуметтік мәселелердің шешімін табуы кез келген мемлекет үшін маңызды. Қазақстанда да тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік аз қамтылған топтарға көмек көрсету бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, халықты толғандыратын маңызды мәселелер жеткілікті. Бұл орайда қоғам мен ресми органдар арасындағы алтын көпір саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының ролі ерекше. Журналистердің өзекті мәселелерді дер кезінде және сауатты түрде жеткізуі олардың қоғам назарын аударуына және дұрыс шешімін табуына оң ықпалын тигізетіні анық. Сондықтан да семинар-тренингтің басты мақсаты қазақ журналистерінің баспасөз саласындағы халықаралық тәжірибе, жауапкершілік, журналистік этика және құқық, деректерді тексеру және БАҚ-та әлеуметтік мәселелерді жариялау жолдарын дұрыс меңгеруін көздеді.

Семинарда Ұлыбританиядан арнайы шақырылған медиа-тренер, «Avrupa Media Group», «Avrupa» газеті, «Avrupa ajansı» ақпараттық агенттігі, «Avrupa» радиоарнасы секілді бірнеше БАҚ-тың басшысы Ватан Өз тәжірибесімен бөлісті. Ол қатысушыларға еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында әлеуметтік тақырыптағы ақпараттардың ресми құжаттарға сәйкес болуы, қылмыстық және азаматтық жауапкершілік, әлеуметтік мәселелер және жалған хабарлар (fake news), этикалық қағидалар, зиянды ақпарат дайындайтын дереккөздер (troller), деректерді тексеру (fact checkıng), Ұлыбританиядағы «BBC», «Reuters», «CNN» арналарында әлеуметтік мәселелердің жариялануы жөнінде тарқатып айтты. Ватан Өз мырза сондай-ақ, журналист қауіпсіздігі төңірегінде айта келе, бүгінгі медиасаладағы трендтерді ескерудің маңыздылығын атап өтті.

Семинар-тренингтің екінші күнінде әлеуметтанушы-журналист Дина Имамбаева әлеуметтану ғылымының зерттеу әдістерімен таныстырып, «Айқын» газетінің мысалында әлеуметтік тақырыптағы мақалаларға контент-талдау жасады. Сондай-ақ, журналистердің осы тақырыптағы материалдарды әзірлеуіне көп көмегін тигізетін сандық және сапалық зерттеу әдістері, сауалнаманы өңдеу және инфографика жасау жолдарын көрсетті.

«Қазақстан» ұлттық арнасындағы әлеуметтік мәселелерді қозғайтын «Қарекет» бағдарламасының продюсері Самал Мейрамқызы отандық телеарналардағы әлеуметтік тақырыптар: бағдарламаларды талдау, резонанс тудыру, журналистің адам тағдырына ықпалы, әлеуметтік журналистиканың этикалық нормалары мен журналистің ролі жайлы тәжірибесімен бөлісті. Ал ІТ-маман Ернұр Зейнуллаев интернет-журналистика, аудио-бейнемонтаж

жасау, сайт ашу және кәсіби жұмыста қолдануға болатын қосымшалармен қалай жұмыс істеуге болатынын егжей-тегжейлі үйретті.

Семинардың секциялық жұмыстары аралығында «Шеврон» компаниясының әлеуметтік жобалар бойынша серіктестері өз жобаларымен таныстырды. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік маңызды жобалар болып табылады.

Іс-шара соңында екі күн бойы кәсіби біліктіліктерін шыңдап, пайдалы ақпаратқа қаныққан қатысушылар семинар-тренингті ұйымдастырушы «Түркітілдес журналистер қорының» президенті Нәзия Жоямергенқызына және демеуші «Шеврон» компаниясына алғыстарын білдірді. Айта кетерлігі, 10-11 тамызда аталмыш семинар Астана қаласында өткізілмек. Бұл шараға Түркітілдес журналистер қорының медиа-тренерлер мектебінің тәжірибелі мамандары тартылған. Мәселен, Ұлыбританиядағы Лестер университетінің PhD докторы, Оксфорд университетінің құқық магистрі, БҰҰ-ның заң кеңесшісі Халида Әжіғұлова журналистердің қызметін реттейтін халықаралық және қазақстандық құқықтық стандарттар, БАҚ-тағы және әлеуметтік желідегі агрессия, жеке бастың қауіпсіздігі мен құпиясы, анонимдікті сақтау жөнінде сөз қозғайды.

Дана ХАЛЫҚ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *