Асқар Мамин: Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының 90% астамы аяқталды

527

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласының залал келтірілген үйлерін, әлеуметтік нысандарын, инженерлік желілерін салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ қаланы қалпына келтіру жөнінде кеңес өткізді, — деп хабарлайды kazgazeta.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

ҚР Үкіметінің басшысы әскери қалашықтың тұрғын аймағын қарап, И. Журба атындағы мектепті, қалалық аурухананы, темір жол вокзалын, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

ҚР Премьер-Министрі кеңес өткізді, онда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Арыс қаласын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстарының қорытындысы шығарылды.

Қысқа мерзімде Арыс қаласында үлкен ауқымды жұмыс атқарылды. Қаланың 90%, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдары қалпына келтірілді. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20 тамызға дейін дайын болады.

«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялары, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты», — деп А. Мамин, «бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын, қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысқанын» айтты.

Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 бір қабатты жеке үйлердің 6611-і немесе 90% жөндеуден өткізілді. Қалған 905 бір қабатты жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. 67 көп қабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіру қажет. Осыған орай, Штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.

А. Мамин Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырудың қажеттігін айтып, «Үкімет Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арыс қаласының одан әрі даму мәселелерін бақылауда ұстайтынын» атап өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *