«Тобыл» Қазақстан премьер-лигасында қайтадан бірінші болды

500

Қазақстан премьер-лигасының 21-ші турында «Атырау» футболшылары «Тобылдан» ұтылды

Ойын кеше, 4 тамызда «Мұнайшы» стадионында өтіп, 0:1 есебімен аяқталды.

«Атырау» қақпасына 38-ші минутта жалғыз голды қостанайлықтардың ивуарлық форварды Сенин Себаи салды.  Бұл африкалық ойыншының ҚПЛ-дегі төртінші добы.

Екінші таймда «Тобыл» басымдығын еселемек болды, алайда, «Атырау» қақпашысы Антун Маркович Бауыржан Тұрысбектің пенальтиін, артынан Себаидің соққысын қағып үлгерді.

«Тобыл» үшін бұл жеңіс 30 маусымда бас бапкер Владимир Газзаевтің орнын Нұрбол Жұмасқалиев басқаннан бері алғашқысы. 42 ұпай жинаған қостанайлықтар ҚПЛ-де қайтадан бірінші орынға көтерілді, «Астана» мен «Қайраттан» бір ұпай алда.

Ал «Тобылға» дейін қатарынан екі матч ұтқан «Атырау» 18 ұпаймен оныншы орында.

Өзге ойындарда «Шахтер» 1:0 есебімен «Астананы» ұтты, «Ертіс» алматылық «Қайраттан» ұтылды — 0:2, «Тараз» шымкенттік «Ордабасынан» басым болды — 1:0, «Ақтөбе» талдықорғандық «Жетісудан» ұтылды — 1:2, ал «Қайсар» көкшетаулық «Окжетпеске» есе жіберді — 0:1.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *