Мұнай қоспаларын тасымалдаудың ақылды технологиясына қатысты дөңгелек үстел өтті

148

ҚР Ұлттық ғылым академиясы Орталық кітапханасында Сәтбаев университеті мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ы ғалымдарының ғылыми зерттеулерін Мемлекеттік сыйлық номинацияларына ұсыну жөнінде дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ баспасөз қызметі хабарлайды. 

Жиынға қатысқандар: И.Бейсембетов, «ҚазТрансОйл» АҚ-ы мұнай құбырларының бағыттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдау кезінде энергия үнемдеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» жобасының жетекшісі және бірлескен авторлары Тимур Бекібаев, Ұзақ Жапбасбаев, Бағдәулет Кенжалиев, Ербол Махмотов пен Берік Саяхов. Аталмыш жиынға сонымен қатар Қазақстан ғылымының белгілі өкілдері және академиялық институттар мен жоғары оқу орындарының қызметкерлері қатысты.

Қасиеті жағынан тез жабысқақтығымен ерекшеленетін отандық мұнайды тасымалдау инновациялық шешімдерді қажет етеді. Осы маңызды мәселе бойынша Сәтбаев университеті мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ының ғалымдары талай жыл бойы еңбектеніп, бірнеше зерттеулер жүргізген болатын. Ақыры олар тұтас мұнай саласы бойынша пайдалы болып саналатын өте тамаша жетістіктерге қол жеткізді.

Зерттеушілер тез қататын және тез жабысатын мұнай мен мұнай қоспаларын тасымалдау үдерісінің тамаша математикалық модельдерін «ыстық» қотару және химиялық реагенттерді қолдану әдістері арқылы ойлап тауып, насостық агрегаттар мен жылыту пештерінде энергия үнемдеуді оңтайландырудың жалпы критерийлерін қалыптастырды. Сондай-ақ мұнай қотару барысында экономикалық тиімділікті арттыру мен оған кететін энергия шығындарын азайту жөніндегі шешімдердің интеллектуалды алгоритмдік кешендерін ойлап тапты. Сөйтіп, мұнай тасымалдау саласында SmartTran бағдарламасымен қамтамасыз етілген ақылды технология дүниеге келді. Әзірге ол екі бағдарлама арқылы жұмыс істейді: диспетчерлік басқару және бақылау жүйесі (ДБжБЖ – СКДУ) және электроэнергияға коммерциялық есеп жүргізудің автоматтық жүйесі (ЭКЕЖАЖ – АСКУЭ).

«ҚазТрансОйл» АҚ-ына сандық технологияны сәтті түрде енгізу нәтижелері 2015 жылдан бастап экономикалық тиімділігі 20% құрайтын, жалпы ұзындығы 5377,3 км болатын мұнай құбырларының жолдары және 24 технологиялық участок, 35 мұнай қотару станциялары, 7 жылыту пункттері, 200 насос агрегаттары, 67 жылыту пештері жөніндегі мәліметтерді қамтиды, – деп атап өтті жоба авторларының бірі Ұзақ Жапбасбаев.

Мұнай-газ саласында қол жеткізген жаңа технологияға орай аталмыш ғылыми жұмыс 2019 жылы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласы бойынша әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсыну жөніндегі таңдаудың екінші кезеңіне өтті.

Қазіргі кезде кен орындарында жеңіл мұнай өндіру қорларының күрт азайып бара жатқанын атап өткен жөн, ал ауыр және жабысқақ мұнай қорларының көлемі дүние жүзі бойынша қарқындап өсіп келеді. Сондықтан да қазақстандық ғалымдардың бұл тамаша жетістіктері тек біздің елімізде ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де өзекті мәселелердің шешіміне айналып отыр.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *