Бидас Рүстембеков, жырау: КӨШЕНЕЙДІҢ ҚАЗАСЫ ӘЛІ КҮНГЕ ЖҰМБАҚ…

771

Қазақ руханиятының шоқтығы биік бір саласы – жыраулық өнер. Ханнан бастап қарашаға дейін бас иген ұлы жыраулар халық тарихының мәңгілік жыр-шежіресін жасап кетті. Алаштың өр рухы мен болмыс-бітімін бедерлей таңбалап, ешқашан ескірмес үлгі қалдырды. Отаншылдық сарын тұнып тұрған қайраткер жыраулар поэзиясы – туған ел мен жерге адалдық, ар-намыс пен адамдық қадір-қасиеттің туын биікке көтерген асыл мұрамыз, баға жетпес рухани қазынамыз. Тарихтың теперішін көп көрсе де осынау бірегей тарихи-мәдени құбылыс ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әлем мәдениетінде теңдесі жоқ бұл өнердің бір тармағы – Сыр сүлейлерінің мектебі. 
Осы өңірде туған жыршы – Жиенбай жыраудың туған немересі, әйгілі жырау Көшеней Рүстембековтің інісі ­Бидас РҮСТЕМБЕКОВПЕН «Ана тілі» газетінің редакциясында сұхбаттасудың сәті түсті. Халқымыздың қасиетті төл мұрасын жаңғыртып, ұлы өнерге мұрагер болып жүрген біртуар ағамызбен әңгіме жыраулықтың кешегісі мен бүгіні жайында өрбіді.

– Бидас аға, әңгімемізді атаңыз Жиенбай­дан бастасақ. Әйгілі жырау дүниеге келген кездегі Сыр бойындағы ақындық дәстүр қандай еді?
– Жиенбай жырау өмір сүрген уақыт – қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған, ауыз әдебиеті гүлденіп тұрған, ақын-жыраулардың өнері саф алтындай бағалы уақыт қой. Алты алашқа аты шыққан бүкіл ақын-жыраулардың төрт көзі түгел кез. Атақты Ешнияз салдың бел баласы Кете Жүсіппен Жиенбай жырау бірге жүріп, бірге өскен. Дүр Оңғар Дырқайұлы, Тұрымбет жырау,­ Молдахмет жырау – бәрі замандас. Жиенбай­ жырау дүниеге келген кезде Балқы Базар жырау да, Ешнияз сал да бар, олардың жасы үлкен, алдыңғы толқын ағалар еді. Солар қалыптастырған даңғыл жолдың ізімен Жиекемдер жыраулықты әрі қарай дамытып әкетті.
Жиенбай жыраудың ата-бабасына келсек, әкесі Дүзбенбет те жыр жырлап өткен, елге сыйлы адам. Атақты ақын Шораяқтың Омарының жазатыны бар:
Дүзбенбетұлы Жиенбай,
Ақ домбыра қолға алып,
Ұшатын құстай қомданып,
Ерегіскен ер болса,
Екіталай жер болса,
Аянбай шауып жолды алар, – деп. Атамыз туғаннан жыр тыңдап, көзін жырмен ашқан. Ол кезде ақын-жыраулар тарихты таратып айтатын шежіреші, көркем сөздің зергері, даналықтың жаршысы, адамгершіліктің насихатшысы еді. Осындай ортада өскен Жиенбай атамыз әкесі Дүзбенбеттің тәрбиесімен 6-7 жасынан жырдың жалына жармасады. Батырлар жырын, ерлік дастандарды жырлаған, 62 салалы «Көрұғлыны» айтқан сайын оза шапқан жүйріктей шабысына шабыс қосылған.
Жиенбайдың нағашысы – Шораяқтың Омары. Шораяқтың қызынан, Омардың апасынан туады Жиенбай. Сол кісілер «Бұл бізге жиен» деп есімін Жиенбай қойыпты. Шораяқтың Омарының жазатыны бар:
Нағашым – алты Әлімде Кішкене еді,
Сыртынан көрмей дұшпан сескенеді.
Тағамның тал түстегі саясына –
Бес Бозғұл, алты Әлменбет түстенеді.
Қан, ататек арқылы келген дүние ғой. Өз ата-бабасы да, нағашы жұрты да текті адамдар.
– Рүстембек әкеңіздің жыршылық жолға түсуі қалай басталды және ол кезде алғаш қандай жырларды айтушы еді?
– Жыршылық жолға түскен жас талап ең алдымен өсиет сөздерден, термелерден бастайды. Біртіндеп күрделі жырлар мен дастандарға қол созады. Жиенбай атамыз менің әкем Рүстембек жырауды кішкене күнінен тәрбиелеген, жыраулық жолға түсуге ықпал еткен. Анамның айтуынша, атам Жиенбай бірнеше ай жүріп, сонау Түркменстан өңірінен «Көрұғлы» дастанын алып келіпті. Жиенбай атамыз ескіше сауатты, білімді, оқыған адам. ­Дастанды өз қолымен көшіріп жазып алған. «Үлкен үйде тамақтанып болған соң, отау үйге ­барып баласына жаттатып отыратын» дейді анам. Сонда әкем Рүстембек бір аптаның ішінде «Көрұғлыны» жаттап алып, көпшіліктің алдына шығып айтып кеткен.
Бұрынғы ақын-жыраулар әрбір жырды түрлі нұсқамен айтқан, өз жанынан дамытып, түрлендіріп отырған. Сазға саз қосқан, байытқан. Жиенбай жырау «Көрұғлы» дастанын алып келгеннен кейін өңдеген, халықтың тыңдауына ыңғайлаған. Атамыз жырды өз жанынан шығарып та айтқан. Ол кезде елді аралап жүріп жырлайды. Ана ауыл, мына ауыл жібермей, жыр тыңдайды. Сондай ауылдың бірінде жырау атамыз үш күн, үш түн үздіксіз жырлапты. Бір мезет сыртқа дәретке шығып бара жатса қасындағы үзеңгілес нөкері: «Ай, Жиеке, төгіп жатсыз, төгіп жатсыз, жайлап айтсаңызшы, өлең таусылып қалып, ұятқа қалармыз» депті. Сонда жырау: «Өй, саспа. Әлі үш күн, үш түн айтатын өлең бар» деген екен.
– Дәстүрлі қазақ қоғамында ата-бабамыздың қауымдасып, ағайын-жұрт бірлесіп өмір сүргені белгілі. Жиенбай ­жырау ауқатты адам болған ба?
– Қазақтың бұрынғы әкімшілік жүйесінің іргесі сөгіле бастаған уақыт болса да, ол тұста бұрыннан келе жатқан үрдіс әлі бар. Бай-кедей деп бөлінсе де, қолында бардың малы ортақ. Ол кезде жалпы ақын-жыраулар ауқатты болған екен. Өйткені өнерді бағалайтын ел бар, соның арқасында табыс бар. Жырау атамызды тыңдағысы келетіндер арнайы ат жіберіп алдыртады. Он күн, жиырма күн бойы жырлатып, айызы қанғанша тыңдап шығарып салады. Қайтып келген соң, екі-үш күннен кейін ауылдың үстін мал жауып қалады дейді, үйір-үйір жылқы, қора-қора қой. Жырауға риза болған елдің алғысы ғой, әрі өнерді бағалау.
Жырау атамыз өте жомарт, қолы ашық, сақи адам болған. Жоқ-жұқа ағайын әдеттегідей малды адамның маңайына жиналады. Жиенбай жырау жан-жақтан келген малдың бәрін айналасындағы ағайынға таратып береді екен. Сонда ауылға келген қора-қора мал бірнеше күнде жоқ болады дейді. Туыс-туған, жақын-жұрағат бөліп алады, мінеді, сойып жейді. Содан бір күні жыраумен қатарлас болыс-билер өзара: «Мына Жиенбай сақи малдың бәрін тағы таратып жіберді. Бұл қалай өзі, демде үйілген мал демде жоқ. Әй, осыны бір сынап көрейікші» дейтін көрінеді. Құрдастар ғой, әзіл-қалжыңы бірге жүреді. «Бір күні есігінің алдында мал қалмаған кезде сау етіп бара қалайық. Сонда­ үйіне келген қонаққа не сояр екен? Түк таппай масқара болмаса» депті. Сөйтіп, алдын ала малдың таратылып кеткенін біліп алған бір топ би-бағлан Жиенбай атамыздың үйіне кіріп келеді. Ол заманда дастарқан басындағы келелі әңгімені бұзып, шығып кетуге болмайды. Қонақтар арасындағы жасы үлкеніне: «Сіз әңгімені тоқтамай айта беріңіз, Жиенбайдың сыртқа шығуына мұрсат бермеңіз» деп айтып қояды. Ол шықса қонаққа соятын малды қайтсе де табады ғой. Сонымен, ет пісетін уақыт болады, жырау әкеміздің маңдайынан тер бұршақтайды, жіпсіз байланып отыр. Қорада соятын мал жоқ екенін біледі. Әйтеуір бір кезде қонақтар сыртқа шықпақ болады. Жаны қысылып отырған Жиенбай есіктен атып шықса екі тайқазан бұрқылдап қайнап жатыр екен. Бәйбішесіне жақындап: «Мына малды қайдан тауып сойғыздың?» ­дегенде, бәйбішесі: «Үндеме, қонақтарыңа бара бер» депті. Жиенбайды жанды жерінен ұстамақ болған қонақтар да аң-таң. ­Сонымен, ет те желініп, әңгіме де айтылып, қонақтар аттанып кетеді. ­Былай шыққанан кейін сұрастырып білсе, бәйбіше Жиенбайдың мініп жүрген жалғыз атын сойғызыпты. «Жиенбай ұяттан тірідей өлгенше астындағы аты өлсін, жырау жаяу қалмас» деп, бәйбішенің бір құтқарған жері екен. Балшаш әжеміз өте ақылды, парасатты жан болған, Сыр бойы­на танымал атақты Даңмұрын ақынның қарындасы. Содан өңкей би-болыс: «Әй, мынауымыз ұят болды-ау, Жиенбайды қалай жаяу тастаймыз?!» деп, астына бәйге атын мінгізіп, үйір жылқыны айдап әкеп тастаған дейді. Міне, сол уақыттағы құрдастар арасындағы сыйластық қандай?!


– Қазақ ақын-жыраулары қашан да елдің мұңын жырлады, өз заманының шежіресін жазды. Аузы дуалы Жиенбай жыраудан қалған сөздер не дейді?
– Иә, жыраулардың жыр-толғаула­рында негізінен халықтың мұң-мұқтажы, ауызбіршілік көп айтылады. Олар елдің сөзін сөйлеп, бірлікке үндейді, араздасқан ағайынды татуластырады. Ол кездегі жыраулар ел де басқарған, билік айтқан. Біздің елде Төребай деген атақты би өткен, денелі болғаны сонша, ат көтере алмай, түйемен жүреді екен. Сол тұста жақын ағайынның арасында дау туындап, бірімен-бірі қатты ренжіседі. Төребай би: «Мына екі ағайынның арасын бітістіріңдер» деп, үш жырауды – Жиенбай,­ Оңғар, Тұрымбетті шақырады. Екі жақ жиналып, арызын айтады. Шешім шығарар кезде жасы үлкен Оңғар жырау бастап, Жиенбай қостап, соңында Тұрымбет аяқтайды. Сөйтіп, неше жылдан бері бірін-бірі жау көріп жүрген ағайын құшақтасып көрісіп, татуласқан екен. Араздасқан ағайынның басын қосқан үш жырауға бүкіл ел риза болыпты.
– Қазақ халқы шынайы өнерді кие тұтады, жыр дейтін қасиетті құбылыстың да киесі зор. Атаңыздың ерекше қасиеттері жайында айтсаңыз.
– Жиенбай жыраудың өлеңінің иесі сары жолбарыс болған. Әкелеріміздің айтуынша, жаңағы жолбарыс атамыздың алдында бұлаңдап жүріп отырады екен. Ол кез келген адамға көріне бермейді. Бірде Төребай би екеуі жолдың қиылысында кездесіп қалады. Төребай бидің жасы үлкен, әрі ел басқарып отыр. Сонда Төребай би: «Жиенбай, сен өте бер» деп жол беріпті. Жанындағы нөкерлері былай шыққан соң: «Төке, мұныңыз қалай? Сіз елге белгілі бисіз, жасыңыз да үлкен, жол сіздікі еді ғой» дейді. Сонда Төребай: «Мен өтпейін дедім бе, бір сарыала жолбарыс атымның алдына келіп бұлаңдап тұрып алды, қозғалсам жазым қылатын еді» деген екен.
Кішкене күнімізде өзіміз де куә болдық, әкем Рүстембектің өнерінің иесі бура боп қуатын. Әлі есімде, Көшеней ағамның жыршылықты жаңа бастаған кезі. Екеуміз бір бөлмеде жатамыз, түннің бір уағы. Қатты айқайдан шошып ояндым, сөйтсем Көшенейдің даусы. Орнынан тұрып кетіпті, қасына бардым. Сөйткенше мына жақтағы бөлмеден анамыз келді: «Әй, Көшенейжан, біртүрлі дауыс шықты ғой, сенбісің?» деді. «Иә, апа, түсімде бір әйдік сарыала жолбарыс арқамнан ала түсті. Содан шошып ояндым» деді. Анамыз: «Құдай берді! Сені жырау атаңның жолбарысы тістеді, енді сенің өнерің өрлейді» деп қуанды. Шынымен, сол күннен бастап Көшекеңнің өлеңі де, даусы да шарықтап кетті. Халықтың ықыласы да керемет. Міне, аруақтың қолдауы, өнердің киесі деген осы болса керек.
– Сөз қолданысы, тіл шеберлігі ешкімге ұқсамайтын Жиенбай атаңыз айтысқа да қатысқан екен, жалпы жырау мұрасы жазбаша сақталған ба?
– Жиенбай жырау өз тұстастарының көпшілігімен айтысқан. Бірақ олар сақталмаған, қазақтың көшіп-қонып жүрген уақыты ғой. Ол кезде ақындар ­табан астында суырып айтады да жүре береді. Жиенбай жыраудың Жүсіп Ешниязұлы және Тұрымбет Салқынбайұлымен сөз қағыстырулары сақталған. Көп жыры уақытында қағазға түспеген. Қалғанының өзі біраз еді, орысша да, арабша да хатқа жетік Рүстембек әкем Жиенбай­ атамыз бен өзінің сөздерін қалың дәптерге жазып, ­«балаларыма қалсын» деп, бас жағына қойып сақтап жүретін. Ол кісі науқастанып жүріп, аяқ астынан қайтыс болды. Мен мектепте 9-сыныпта оқимын. Абыр-сабыр болып жүгіріп жүргенде сиыр айдап келе жатқан ауылдың бір шалы кірді. Ол да жырға құмар еді, жаңағы қалың дәптерді сұрап жүретін. Сол кісі әкеміздің бетін жауып, қол-аяғын созып жатқызып берді. Сөйтіп жүріп әкемнің төсегінің бас жағындағы бүкіл жазбаны қойнына тығып алып кетіпті. Біз кейіннен біліп, «қап!» дедік те қалдық. Қанша сұрастырсақ та бермеді. Жиенбай жырау мен әкеміздің сөздерінен айырылып қалдық, осылай. Тек «Сөйлеші, тілім сөйлеші, Жан шіркіннің сауында-ай, Дауысым бірден жүрмейді, Терім төгіп ағылмай» деген сияқты ауызша айтылып жүрген термелері қалды. «Жиенбайдың жыр бастауы» дейді мұны. Әлі де зерттеп, іздестіретін дүниелер көп.
– Жиенбай жыраудың ақындық мектебінің ерекшелігі неде?
– Біздің Сыр бойында үш ақындық мектеп қалыптасқан. Арал-Қазалы айма­ғында – Нұртуған мектебі, Қармақшы-Жалағашта – Жиенбай жырау мектебі, Жаңақорған мен Шиеліде – Нартай мектебі. Бұл мектептер бір-біріне ұқсамайды. Нұртуғанның айту мәнері басқа, Жиенбай жырау мектебі бір бөлек. Бұл мектептің негізгі ерекшелігі – көнеден келе жатқан көмеймен айту дәстүрі ерекше дамыған. Бұл біздің қазақ халқын ата-бабаларымызбен, ежелгі түркілермен байланыстырып отырған бірден-бір құнды дүние.
Сыр сүлейлерінде толғау, терме, төкпе терме дейміз, неше түрлі мақам, әуендер көп. Жалпы Жиенбай атамыздан отызға тарта мақам қалған. Мысалы, «Көрұғлы» дастаны, негізінен, Жиенбайдың нұсқасымен жырланады. Жиенбай әкем дастанды әкелгеннен бастап жырды өз мақамына салған. Қайғылы, мұңды жеріне мұңлы мақам қойған, зарлы тұстары күрсініс толы мақаммен айтылады. Аттың шауып келе жатқан дүбірімен бірдей шығып отыратын мақам бар. Дастанды бастауының өзі бөлек, ерекше. Әрі қарай сол жырдың мазмұнына қарай құбылтып айтады. Жарықтық Рүстембек әкеміз айтып отыратын: «Шырағым, бір мақамды орындағанда келесі мақам соны көтеріп, өрлетіп отыратын болсын. Анау биік мақамды айтып, оның ізінен жай, сылбыр мақаммен айтсаң жырды бұзасың, халық та жалығып кетеді». Ол кісі бізді солай тәрбиеледі. Бір мақам келесісін әрлеп, әдемілеп, жетелеп отыруы керек. Сонда тыңдаушы да ынтығып, қызыға тыңдайды, сөз де санаға сіңімді болады. Мұны әкем Рүстембек бізге айтатын, оған әкесі Жиенбай­ жырау солай үйретіп кеткен.
– Кеңес өкіметі кезінде ұлттық өнерімізге теріс көзқарас белең алды. Жыраулық дәстүр сабақтастығына қатты нұқсан келгені де осы кезең емес пе?
– Дұрыс айтасыз, КСРО билігі тұсында жыраулар мен жыршылық дәстүр қатты жапа шекті. Атеистік көзқарастағы билік ұлттық дүниетанымдағы сөздерге тыйым салды, шектеу қойды. «Құдайды атама, дін сөздерін айтпа» деді. Бұрынғы жыраулардың жазып кеткен өсиет термелері мен толғауларындағы сөздердің бәрін өзгертті, «Құдай», «Тәңір» дегеннің бәрін алып тастады.
– Жыраулар поэзиясы, негізінен, терең танымға толы, философиялық толғаулар ғой.
– Иә, толған нақыл сөз, діни, фило­софиялық ойлар. Соның бәрі алынып тасталды, кейбірінің орнына басқа сөздер қойылды. Одан терме-толғаудың мағынасы өзгерді, дәмі кетті. «Сен ескілікті насихаттап жүрсің» деген ­желеумен жазаланғандар болды. Шынын айтқанда, сол кезде жырауларымыз жыр жырлаудан қалды.
– Жыр мәтіндерін өзгертті дедіңіз, бұрынғы нұсқалары мүлде жойылып кеткен жоқ па?­
– Жыр-толғаулардың бұрынғы нұсқалары тек жасырын сақтаған кісілерде қалды. Мысалы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жазбаларын сол үйдегі апамыз жерге көміп тастаған екен. Ол кісілердің де кітаптағы сөздері өзгертілді ғой, кейіннен соның бәрі қайта түзетілді. Бұл ретте филолог ғалым Мардан Байділдаевтың еңбегі зор. Ол кісі жырау­ларды көп зерттеп, бұрынғы мәтіндерді қайта оралтты. «Құдай», «Тәңір» деген сөздер орнына қойылып еді, жырдың мазмұны да жараса кетті. Кеңестік ­насихатпен өзгертілген нұсқаны да айтып көрдік қой, тіптен ыңғайсыз, мағынасы келмейтін.
Жалпы Кеңес өкіметі тұсында жыраулық, жыршылық дәстүр жойы­лудың сәл-ақ алдында тұрды. Филология ғылымының докторы, ғалым Рахманқұл Бердібаевтың айтатыны бар: «Өшіп бара жатқан жыраулық өнерді қайтадан тірілтіп, қалпына келтірген – Көшеней Рүстембеков. Ол болмағанда бұл өнер жойылатын еді» дейді. Міне, сол Көшеней бауырымыздан кейін жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жаңа жыраулар шықты.
– Сіз Жиенбай сынды ұлы жыраудың тікелей ұрпағысыз. Өзіңіздің жырға құмарлығыңыз қалай басталды?
– Мен 1951 жылы жыраулар отбасында тудым. Қаныңда бар дүние еріксіз шығады екен, туған ауыл, ортамның да ықпалы бар. Жалаңаяқ жүгіріп жүрген кезіміз, балалармен ойнап шауып бара жатсаң, төбенің басында кешқұрым әңгіме айтып отыратын аталарымыз: «Әй, Бидас, бері кел!» деп шақырады. Ол кезде үлкен адам айтса, қалт етпейсің. «Қане, бір өлең айтып беріп кет» дейді, бір терме айтып, тарта бересің. «Өй, бақытты бол!» деп қалады олар. Соның өзі үлкен сабақ сияқты, іштей дайын жүресің. Алты жасымда домбыра ұстап сахнаға шықтым. 62 жыл болды, домбырам мен жырымды тастамай ұстап келемін.
Қазір Қызылорда облысы Қармақшы ауданының орталығында республика бойынша тұңғыш ашылған Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі директорының орынбасары болып қызмет атқарамын. Атын атап айтуға лайық азаматтық жасаған Ырзақұл Нұртаев Қармақшы ауданына әкім болып келе салысымен жыраулар үйі ашылды. Қазір мұнда алты үйірме жұмыс істейді. Елді мекендерде, аудан орталығында өнерге қызығушы жастар көп. Қазіргі уақытта 200-ге тарта оқушымыз бар. Ең кішкентай Арай Оңғарқызы деген қызымыз Елбасы­ Н.Назарбаевтың қолынан домбыра алды. Рашит Әбуов деген жырау баламыз Алматыда­ П.Чайковский атындағы колледжде оқып жүр.
– Жыраулар үйіне есімі берілген Көшеней Рүстембеков үлкен талант иесі болғанын білеміз. КСРО астанасы Мәскеуде бүкіл түрколог ғалымдарды таңғалдырып, көшпелілердің рухын асқақтатқан асыл ұлынан халық қапыда айырылып қалды. Жыраулық туралы айтып отырып, Көшеней ағаңызды еске алмау мүмкін емес.
– Бұл кісі ең алдымен өзінің керемет даусымен, жырының ерекшелігімен, орындаушылық дарынымен жарқ етіп шықты. Шынын айтқанда, «Бұл қай заманның сөзі? Бұндай ескі үгіт-насихаттың бізге керегі не?» деп қарсы шыққан белгілі адамдар да болды. Көшеней оларды тыңдаған жоқ, ондайларды әдебиетші ағаларымыз тойтарып ­тастады. Түйсігі бар адам бұның залалсыз сөз екенін, үкіметке қарсы ештеңе жоқ екенін түсінді. Кілең жақсылыққа, адамдыққа, татулық пен бірлікке шақыру ғой.
Көшекеңе жаратушының берген қабілет-қасиеті соншалық, ол шырқаған кезде адамның бейжай отыруы мүмкін емес еді. Тыңдаған халық қоғадай жапырылып, өнерге бас иетін. Өзінің ерекше ­даусымен нақыл сөзді санаңа шегелеп сіңіріп жіберетін еді. Басқа біреу айтса дәл ондай әсері болмайтын. Амал қанша, халықтың маңдайына сыймай, аққан жұлдыздай кетіп қалды. Көшеней ағам ән де айтатын, композитор Әсет Бейсеуов арнайы келіп, екі әнін айтқызғанын білемін.
Көшеней Рүстембековтің өлімі әлі күнге дейін жұмбақ. Өйткені біз қасында болған жоқпыз. Мәскеуді таңғалдырғаны туралы хабар дүңк-дүңк етіп келіп жатты. «Ертең әдебиет, өнер зерттеуші ғалымдардың алдында жырлаймын. Көрұғлы деген атақты профессорға «Көрұғлыны» айтып беремін» деген хаты келді бізге. Концертке жиналған жұртшылық бірнеше сағат жібермей жырлатыпты. Сол кездегі Көшеней бауырымыздың таланты мен ұлы өнердің қасиетін сипаттауға тіл жетпейді, әттең, дүние-ай!
Қауіпсіздік дегенді ешкім ойына алмаған, жанына жанашыр ешкім ілеспеген. Көшекең өзі батыр, аңқылдақ, ақкөңіл адам, біреуге көмектескісі келіп тұрады. Спортпен айналысады, анау-мынауға әл бере қоймайды. Әдейі қастандық жасалды ма деген күдік бар. Кейін Мәскеуге Көшеней Рүстембековтің өлімін анықтап беру жөнінде арнайы сауал жолдадық. «Қастандық жасалмаған. Өзі кінәлі, рұқсат етілмеген жерден өткен» деген жауап алдық. Жүйткіп келе жатқан электричканың алдынан қасындағыларды құтқарған, соңғысын лақтыра бергенде өзін іліп алып кеткен дейді. Іздеп тапқанша көп уақыт өтеді, түнгі он екі жарым шамасы. Анандай жерде шалқалап жатыр екен, қарақұсқа жұдырықтай тас кіріп кетіпті. Дереу жедел жәрдем шақырып, С.Боткин атындағы ауруханаға апарады. Операция залына жетпей үзіліп кетіпті. 1973 жылы 7 наурыз күні 27 жасында дүние салды. Сүйегі Қармақшыда, Ақжар деген ауылда. Ата-бабамыз, әке-шешемізбен қатар ­жатыр.
– Жыраулық пен жырдың қазіргі ұрпақ үшін мәні мен маңызы қандай?
–Кез келген жырдың, нақыл сөздің берері көп. Руханиятымыздан, ділімізден алыстамас үшін тал бесіктен бастап әнмен, жырмен тәрбиелеуіміз керек. Тіліміздің құнары да, байлығы да, халықтың тыныс-тіршілігі мен тарихы, этнографиясы да осында.
– Қазіргі күні жыраулық өнерді дамытуда қандай кемшіліктер бар, не нәрсеге көңіліңіз толмайды?
– Қазір жыраулардың саны бар, бірақ сапасы төмен. Жыраулық, жалпы күрделі өнер ғой. Әсіресе, Сыр бойындағы ­Жиенбай жырау мектебі өзгеше, көмеймен айту, тамаққа салу оңай емес. Көмеймен айту өз ырғағымен мәнді, сәнді, ырғақ қалып қойса ол шынайы өнер болмайды. Өз ерекшелігімен айтпаса мәнісі кетеді. Әшейін дауысқа салып төгіп айтып шығуға болады, бірақ оған біздің ұятымыз жібермейді.
Қазіргі жыраулардың дауыстары жақсы, зор, бірақ көпшілігі ырғақты толық бере алмайды. Дегенмен, өз мәнерімен орындай алмай жүрген бұл жырауларға сын да, өкпе де жоқ. Себебі – олардың өзі шала жыраудан үйренген. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», жақсы ұстаздан ғана жақсы шәкірт шығады. Сондықтан өнерді таза ұстауға мән беруіміз керек. Ал мемлекет тарапынан бұл өнер жүйелі қолдау күтеді, анда-санда өтетін бірлі-жарым шаралар жыраулық дәстүрді толыққанды дамытады деу қиын.
Жалпы мен жыраулардың өлең-жырларын эстрадамен айтуға қарсымын. Өмірқұл Айниязов деген әнші інімізді көрсем, «мұныңды тоқтат» деп айтар едім. Өзі дәстүрлі өнерден келген адамның жырды, мақамды бұзып айтуы – өрескел кемшілік.
– Жиенбай жыраудың бүгінгі ұрпақтарына ұлы өнердің қасиеті қонды ма? Дәстүр жалғастығы қалай өрбіп отыр?
– Қанда бар дүние тыныш қал­дырмайды деген рас. Көшеней ағамнан Арбалы, Нұрбол, Арнұр атты үш ұл, Ақнұр атты қыз қалды, ата-баба өнерін дәріптеп жүр. Менің балаларым да домбыра тартады, бірақ сахнаға шықпайды. Көшеней ағамыз қайтқан соң, үйге бір топ кісі келді. Арасында режиссер ­Болат Мансұров, ­Абдолла Қарсақбаев бар. Көшеней ағамның басына барды, Құран оқытты. Үйге келген соң: «Көшенейдің даусын сағындық, бізге бір ауыз жыр айтып бер» деп, маған қолқа салды. ­Барбол деген ұлым еңбектеп жүрген кезі. Жырды айтып отыр едім, ана кісілердің назары балама ауды. Сөйтсем, менің арқа тұсымда Барбол жырға беріліп тыңдап отырыпты. Кейін ұлымды 4 жасында Жиенбай атасының «Бастау» термесін айтқызып киноға түсірді. Бесінші сыныпта оқып жүргенде Алматыда Республика комсомолының съезін ашты. Қабілеті бар, даусы, мәнері мықты. Осылай жарқырап шығып келе жатқанда аяқ астынан ауырып, әрең жаны қалды. Содан кейін жыр айтуды қойды. Тіл-көз деген де бар. Көшеней қайтқан соң, шешем: «Сенен де айырылып қалмайын» деп, мені тоқтатып тастаған. Бірақ бұл киелі өнер ғой, ұстамасаң тағы қиын. Қазір енді шәкірт тәрбиелеп, арасында сахнаға шығып жүрмін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Дина ИМАМБАЕВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *