«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМНЫҢ» ҚАДАМЫ ҚАРЫШТЫ

481

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Қоғаммен байланыс қызметі мынадай ақпарат таратты: «Компанияның 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметі халықаралық агенттіктердің жоғары рейтингтерімен расталды. Fitch Ratings «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының рейтингін ВВ+ деңгейінде бағалады».

Әрине, бұл жамағатқа жағымды жаңалық. Еліміздегі байланыс қызметін халықаралық деңгейге көтеру үшін қарқынды жұмыс жүргізіп отырған компанияның ауқымды жобаларының бірі – «Ақылды қала». Ол туралы жұртшылық жеткілікті хабардар ма? Осыны білмек ниетпен еліміздің елордасы Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының пікірін білген едік.

Асқар Артықбаев,

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Мен осы қалада Целиноград кезінен тұрамын. Сондықтан қаланың байланыс қызметі қай жылдары қалай болғанын жақсы білемін. Қазақстанның елордасына айналған уақыттан бастап байланыс жүйесінде жақсы серпіліс бар екенін байқау қиын емес. Солай болуы керек те. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласына алыс-жақын шет мемлекеттерден келетін қонақтар мен туристер көп. Олар үшін байланыс қызметінің жоғары сапалы болғаны өте маңызды. Қазақстандықтар үшін де цифрлық технологиялар деңгейіндегі байланыс қызметі көрсетіліп жатса, сөз жоқ, өте қуанарлық жағдай.

Дәурен Сардарбек,

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Менің туған жерім – Бурабай. Айына бір-екі рет ел жаққа барамын. Өткен жолы жол-жөнекей Ақкөл қаласына соқтым. Сонда туыстарымыз бар. Бәрі риза. Ақкөл «ақылды қалаға» айналған. Қазақстанда осындай қалалардың көп болғанын қалар едім.

Әскербек Айымбетов,

еңбек ардагері:

Мен көп жыл ауыл шаруашылығында жұмыс істеген адаммын. Қазір кейбір ауылдардың жағдайын көргенде көңілің құлазиды. Ал кейбір ауылдардағы тіршілік қаладағыдан кем емес. Өмір сүруге болады. Жастардың да ауылда тұрақтауы үшін жағдайлар жасалып жатыр. Ұялы байланыс бар, жоғары жылдамдықтағы интернет бар. Жастарға керегі осы емес пе?

АҚҚӨЛ — «АҚЫЛДЫ» ҚАЛА

Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой, күнделікті ақпаратты жылдам біліп отырасың. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде белсенділік танытып еді, іле-шала жоғары лауазымды шенеуніктер де өздері жетекшілік жасап отырған салалардағы жаңалықтарды жария ете бастады. Бұл, әрине, құптарлық іс. Осы арқылы билік пен халық арасында тығыз байланыс орнайды. Ел-жұрт тиісті ақпараттарға қанық болады.

Сондай ақпараттың бірін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Фейсбук парақшасында Ақмола облысында орналасқан «Smart Aqkol» ақылды қала жобасы жайлы жеткізді. «Бүгін әріптестеріммен еліміздің ең «ақылды» қаласында болып, «Smart Aqkol» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерімен таныстым. Қаланы «цифрландырудың» жүзеге асырылғанына көп уақыт болмаса да, жоба өз тиімділігін дәлелдеді. Сол себепті жобаны жүзеге асыруда жинақтаған оң тәжірибелерді бірыңғай стандартты жетілдіру барысында ескерген жөн. Бұл болашақта қалаларды дамытудың «smart» принципінің мағынасын айқындап, қандай да бір түсінбеушіліктердің орын алуына жол бермейді деп есептеймін».

«Smart Aqkol» «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының ірі жобаларының бірі. Бұл жобаны Еуразиялық топ және Tengrilabпен бірге жүзеге асырып отыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін Ақкөл қаласында 17,5 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. Осының нәтижесінде қоғамдық Wi-Fi және LTE желісі жаңартылды. Сонымен бірге 100-ге тарта бейнекамера, 4500 су есептеу құрылғысы, 6 мың электр энергиясын есептеу құралы, өрт қауіпсіздігі, көшені жарықтандыру және басқа да есептеу құрылғылары бір орталықтан басқарыла бастады.

Жаңа жобаның бұдан басқа қандай артықшылығы бар? Тұрғындардың айтуына қарағанда, аталған жоба қолға алынғаннан бері Ақкөд қаласында тіркелген қылмыс он екі пайызға азайған. Мұндай нәтижеге Ақкөл қаласының аулалары мен көшелерінде орнатылған бірнеше бейнекамераның арқасында қол жеткен. Көп адамдардың ұрлық-қарлық жасауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға батылы бармайды.

Ақкөл қаласында он бес мыңнан астам халық тұрады. Олар өздері мен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдамайды. Өйткені, қаланың тыныс-тіршілігіне байланысты барлық ақпарат тәулік бойы басқару орталығына түсіп жатады. Барлық деректі қалт жібермей қадағалап отыратын топтың ішінде әкімдіктің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен төтенше жағдайлар бөлімдерінің, денсаулық сақтау және білім беру мекемелері мен халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері бар. Олар өз салаларына қатысты деректерді сараптап, қажет болса тиісті шешім қабылдайды. Мәселен, тұрғын үйлердің бірінде жарық жанбаса, су пайдаланылмаса және басқа да қызмет түрлері көрсетілмесе, оның себеп-салдарын ақпараттар жинақталатын орталықтың мамандары анықтап, дер кезінде көмекке келеді. Жалпы коммуналдық қызметті бақылау үшін қаладағы тұрғын үйлердегі су және электр қуатын есептегіш қондырғылардың барлығы жаңартылған.

Жобаны жүзеге асырушылар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Қаладағы барлық үйлер «ақылды», смарт- үйлерге айналады. Аялдамалар да «ақылды» болады. Ақкөлдің бүкіл тыныс-тіршілігі толық жаңа технологияға, цифрлық басқаруға көшеді.

Апдағы уақытта Қазақстанның басқа да қалалары мен елдімекендері осындай жүйеге көшеді деген жоспар бар.

АРЫС ҚАЛАСЫ ДА ҚАЛЫС ҚАЛМАДЫ

Арыс қаласындағы апатты жағдай ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Еліміздегі іргелі компаниялар мен акционерлік қоғамдар дер кезінде көмек қолын созды. Соның арқасында қала аз уақытта қалпына келді. Бұл халықтық сауапты істен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы да шет қалмай, «Smart Arys» жобасын қолға алған болатын.

Компания Арыс қаласының цифрлық трансформациясын жасады. Оның барысын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин де қадағалаған болатын.

Снарядтардың жаппай жарылысы салдарынан ауаға улы заттар тарап, қала өмір сүруге қауіпті деген алып-қашпа әңгіме тараған еді. Осындай ақпаратты естіген арыстықтардың арасында туған қаласына қайта оралуға жүрексінгендер де бар. Мұндай күдіктің бәрі «Қазақтелеком» компаниясы жүргізген атмосфералық бақылаудан кейін сейілді десе де болады. Ол үшін Арыс қаласында екі экологиялық станса орнатылды. Соның нәтижесінде Арыс қаласының ауасы адам өмірі үшін қауіпті емес деген тұжырым жасалып, арыстықтар қалаға қайта орала бастады.

Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына байланысты да көңіл толмау көрініс тапты. Осы жағдайды түзеу үшін «Қазақтелеком» қырық метр биіктікте Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының барысын бақылау үшін мүмкіндігі жоғары PТZ камерасын орнатты. Осы арқылы жөндеу жұмыстары жіті бақыланды.

Келешекте Арыс «ақылды» қалаға айналмақ. Ол үшін бейнебақылау камералары мен оптикалық желілер, деректерді өңдеу орталығы ашылатын болады. Ал осы жылдың қыркүйек айына дейін қаланың оптикалық инфрақұрылымын, мектептер мен клиниканы талшықты-оптикалық желілерге қосу жоспарланып отыр.

Қазір барлық жоспар жүйелі түрде жүзеге асуда. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының шарапатты ісінің шапағатын арыстықтар да толық сезінетін күн де алыс емес.

БАРЫП ҚАЙТ, БАЛАМ, АУЫЛҒА…

Павлодар облысына бардым. Цифрландыру бағытындағы жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанына көз жетті. Бұл игілікті істің көшбасында – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы. Әсіресе, ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Мекемелер мен мектептер жоғары жылдақты ғаламторға қосыла бастаған.

Бұл үшін арнайы жоба жасалған. Соған сәйкес «Қазақтелеком» жыл соңына дейін бес жүзге жуық ауылға жоғары жылдамдықтағы ғаламторды қосуды жоспарлап отыр. Мұның игілігін Қазақстанның шалғай ауылдарында тұратын екі жарым миллионға жуық адам көретін болады.

Бұл жұмыс келесі жылы да ауқымды көлемде жалғасын таппақ. Жоспар бойынша еліміздің сегіз жүз жиырма сегіз ауылында он алты мың километр талшықты оптикалық байланыс желісі тартылатын болады. Бұл шамамен алғанда екі жарым мың мемлекеттік мекемені қамтиды.

-Келесі жылдың соңына қарай «Қазақтелеком» өз қаражаты есебінен талшықты-оптикалық желілер салады, оған мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарды қосады, сондай-ақ қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Инфрақұрылым нарықтың басқа қатысушыларына қызмет көрсету үшін пайдаланылады, оның ішінде ұялы байланыс компанияларына ішкі желілерді құру және телекоммуникациялық қызметтердің толық спектрін қамтамасыз ету үшін ресурстарды ұсыну, — деген болатын «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарының ауылдық елдімекендерін талшықты-оптикалық желілерге қосып үлгерді. Бұл жұмыс одан әрі де қарқынды түрде жалғасып отыр.

Ғалым ОМАРХАНОВ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *