Мені театрға Тоқпанов алып келген…

659

«Ана тілі»: Ақын, актер, әнші, драматург, композитор… Жалпы жан-жақты шығармашылық иесісіз. Сұхбатымыздың кіріспесін сіздің осы бағыттағы өміріңізден бастасақ. Қандай жаңалықтар болып ­жатыр?
Байғали Есенәлиев: Сіздердің басылымдарыңызда жарық көрген жазушы­ ­Марал Ысқақбай сұхбатында «асаба­ болып жүруші еді» деген кекесіннен аспапты. Астамшылдық па, кемсіткен түрі ме? 70 жасында да, 80 жасында да риясыз адал қызмет еткенімді солай түсініп, сол деңгеймен бағаласа, амал қайсы?..
Дәл қазіргі уақытта шығармашылық өмірім қызу жүріп жатыр деп айта ал­маймын. Соңғы уақыттағы тоңмойын­дықтардан қатты рухани соққы алдым. Шығармашылығым уақытша тоқтап тұр десем де болады. Бірақ киноға түсіп жүрмін. Биылғы маусымда «Әскерден хат», «Гауһар», «Жүрек», «Жүрек сыры» деген киноларға түстім. «Қасым хан» фильміне де шақырып жатыр, қысқа қарай түсуге уәде берген 3-4 сериялдарым бар.
Мен қызметте жүргенде түсірілімді тек сенбі-жексенбі күндерге немесе­ кешкі сағат 18:00-ден кейінге ғана жоспарлаймын. Ал пьесаны жұмыста да жазуым­ мүмкін. Тараз театрында қойылған «Таң сыры», Шымкент қаласында қойыл­ған «Мұхаммед Хайдар Дулати», өзбек театрында қойылған «Ана жүрегі», Ғ.Мүсірепов атындағы театрда қойылған «Базарың тарқамасын» пьеса­лары жұмыспен қатар жазылды. Идея туындайды, жазасың. Ән де, өлең де солай ­жазылады.
Қазір «Қайтсек Қазақстан авторлар қоғамының тоқырап біткен жұмысын бір жолға қоямыз?» деген арпалыста жүрміз. Аузымызды көпіртіп айта беретін пайдасыз құр мақтаннан авторларға да, өнер адамдарына да келер түк пайда жоқ. Бізге нартәуекелдік шешімдер қажет. Бұл саладағы жұмыстың бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Еліміздегі қаптап кеткен авторлық қоғамдардың жұмысын бір жүйеге келтіру үшін Парламентке дайындап жатқан нақты ұсынысымыз бар. Оның билікке де, еліміздегі авторлар үшін де өте тиімді болатынына ешқандай күмән жоқ. Көптен бері бір орында тұрып қалған, бір сарынмен кетіп бара жатқан жұмыс тәртібін өзгертуге ниет қылғанымызды шетелдегі авторлық құқық саласындағы достарымыз Ресей, Әзербайжан, Белорусь, Украина, Армения, Қырғызстан, т.б. өте жақсы қабылдады. Ресейдегі Еуразиялық авторлық құқықты қорғау жөніндегі конфедерацияның мамандары арнайы келіп, жаңа қызметкерлерімізді «Гипео­графт» бағдарламасы бойынша тегін үйретіп жатыр. Компьютермен жабдықтап, ғимараттың жаңа жылға дейінгі барлық шығынын көтеріп отырғандары да бар. Мұның бәрі жаңа басшының өзге елдегі әріптестер алдындағы беделінің арқасы. Қазақстан авторлары қоғамының қазіргі басшысы Балнұр Қыдырбекті, біз өз арамызда білмегенімізбен, әлемдегі ­музыка зерттеушілердің, композиторлардың арасында оның ықпалы өте зор. Оған шетелде болған іссапарларда көзім жетті. Біз эстрада әндерін жоғары деңгейде деп бағалаймыз да, әлемдік деңгейдегі симфонияларға әлі де болса лайық бағасын бере алмай келеміз. Бұл – шындық.
«Ана тілі»: Білуімізше, әкеңіз сіздің жазушы не журналист болғаныңызды қалаған екен…
Байғали Есенәлиев: Әке арманын орындап, түбегейлі журналист болып кетпесем де, бұл саланың қазанында қайнап көргенмін. Қазақ радиосында музыкалық-көңілашар бағдарламалары редакциясының Бас редакторы болдым. Қанат Тілеухан, Бақытжан Жармұхаммед, Гүлбағыш ­Бостан, Әлібек Шегебай, т.с.с. жұмысқа алған едім. Болат Жетекбай, Ақеділ ­Тойшан, Алмат Исәділ, Жанар Оразымбетова, Бақыт Жағыпармен бірге қызмет атқардық. Үлкен ұстаз болған жоқпын, бірақ бір арнаға тоғысқан ұжым жасай алдым. Сонда мен өзімнің журналистік қырымды аштым. Алты жыл ішінде радионың рейтингін көтердік. Оны сол уақыттағы басшымыз Нұрлан Өнербаев та, Ғалым Доскен де бағалады. Тыңдарман «Түнгі толқын» деген бағдарламамызды тыңдау үшін, ұйықтамай күтетін.
Кезінде Асанәлі Әшімовке «Айналайын,­ қазақта бір зоотехник кем болса болар, сен актер болу үшін туған баласың ғой» деп өнерге алып келген, Райымбек Сейітметов, Тұңғышбай Жаманқұловтың театрға келуіне мұрындық болған Асқар Тоқпановтай театр данышпанының назарына іліктім. «Тұла бойың тұнып тұрған тазалық екен. Өтірігің жоқ. Сен сахнаға қажетсің. Сахнаға ақиқат қажет» дегенді жиі айтатын. Мен әлі күнге дейін өтірікке жаным қас. Қазақта бір журналист кем болған шығар… Бірақ оның да орнын толтырдым деп ойлаймын.
Қазір Райымбек Сейітметов, Кененбай­ Қожабеков, Фариза Оңғарсынова, Нұржұман Ықтымбаев, Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, олардан басқа да аттары­ аталмай кеткен өнер адамдары ­туралы естелік кітап жазып жатырмын. Бір адамды мақтасақ, соның ізіне түсіп аламыз да, басқалардың бәрін ұмытып кететін ауру бар. Иә, болмаса өзін пайғамбар санап алған мықтыларымыз өзі өлгенше өзгенің аты аталғанын қаламайды. Ал қазақ театр өнеріне еңбегі сіңген адамдардың көбі белгісізге айналып, көнеріп бара жатқаны жаныма батады…
«Ана тілі»: Біздің оқырманымыз үшін сол еңбегіңізден үзінді келтіре аласыз ба? Өзіңіз айтып отырған ағалар туралы әдемі естеліктеріңіз бар шығар?
Байғали Есенәлиев: Биыл Абайдың 175 жылдығын тойлағалы отырмыз. Мен Президентімізбен толықтай келісемін, әр жылымызды Абайға арнауға болады. Себебі біздің қазіргі камераға қарап судыратып өлеңдерін оқып бергеніміз – Абайды дәріптеу, Абайды түсінуге талпыну емес, Абайдан аластату. Мектеп оқушысы сияқты құр жаттап алып, оны камераға оқып беріп, үлкен жұмыс атқардым деу күлкілі, әрине. Абай жаныңда, жүрегіңде, арыңда болуы керек. «Сократқа у ішкізген, Жанна Даркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп. Көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп отыр. Жер бетіндегі ақылы бар адамдардың бәрін ойға салатын осындай сөздерді Абай айтпағанда, кім айтады? Ал осы сөзді біз түсініп жүрміз бе? «Абайды білеміз ғой» дейміз, құрдасымыз сияқты… Ғ.Мүсірепов театрында қызмет етіп жүргенде сол Абайдың рөлін сахнаға алып шығуды режиссеріміз Райымбек Сейітметов маған тапсырды. Дайындық кезінде ­менен Абай шықпады. Жанымдағы құрбы-құрдастарымның алдында режиссердің менің әр ойынымды ұнатпай, «олай емес, бұлай емес» деген ескертулері рухымды түсірді. «Мен Абай емес екенмін, бойым­да Абайға тән бірде-бір қасиет жоқ. Мына кісі мені неге әуреге салады?» деген күдік туындады да: «Аға, мен Абай емеспін. Кешіріңіз, рөлді тапсырамын» дедім. Бұл менің болашағыма өз еркіммен балта­ шабу еді. Бас режиссерге, театрдың директорына олай айту – келесі жолы маған Абай түгілі, оның айналасындағы екінші рөл берілмейді, өмір бойы эпизод немесе көпшілік сахнасының актері ­болып өтемін деген сөз болатын. Өл-тіріл, қал сол рөлде. Театрдың жазылмаған заңы бұл. Ойнамасаң да, аты-жөнің жүре береді ғой. Ал мен рөлден бас тарттым. Райымбек­ аға бетіме қарап тұрды да, күрсініп: «Дайындық осымен аяқталды. Қайта берсеңіздер болады. Байғали, сен қал» деді. Кабинетіне бардық. Аға терезеге қарап тұрып: «Қарашы, Байғали, анау жерде барымта жасап, бір қазақ бір қазақтың қанын төгіп жатыр. Малды адам малының одан бетер көбейгенін қалайды. Мына жақта аштық азабын тартып, жоқшылықта отырғандарды түсінгісі де келмейді. Ана жерде бір кедейдің жалғыз қызын зорлап жатқан байдың балалары. Есірік топ. Көздері еліріп алған. Сен көзіңді жұмып тыңдай бер» деді. «Аға…» деп, бірдеңе айтпақ болып едім, тыйып ­тастады. «Сенен неге Абай шықпайды? Себебі қарның тоқ қой, шырағым. Сенің әдемі киінген, сақал-мұртын әдемілеп бастырған Абайды ойнағың келеді. Ал халқының бүкіл кемшілігін көріп, көзі қанды жасқа толып, мұрнының боғы сақалы мен мұртын түгел жауып, «Қалың елім, қазағым» деп, өз еліне төбеден қарап, жер тоқпақтап жылап жатқан Абайды көз алдыңа елестетші. Елінен безіп кетейін десе, басқа елге барып сіңе алмайды. Өзінің жанындай жақсы көрген қазағының түрі мынау. Жанын ұғынар бір адам жоқ маңында. Маған керегі – сол Абай» деп түсіндірді. Ағаның айтқан сөздері бүкіл жан дүниемді алай-дүлей етті. «Былай ма, аға» деп ақырын сөйлей бастап едім, елең ете қалды. «Осы ғой» деді толқып. Үйге барған соң, таңға дейін ұйықтай алмадым. Ертеңінде түрімді көрген Райымбек аға: «Осы еді ғой маған керегі. Қалжыраған, ойға берілген Абай керек» деді. Сосын дайындық кезінде ақырын ғана сөйлей бастағанда әріптестерім «мынау не айтып тұр» дегендей қараған. Сәлден кейін жүрегімнің сөйлей бастағанын түсініп, олар да менің ырғағыма түсе бастады. Сол күні мен актер ретінде басқаша қалыптастым. Сахнада айғайламауды, жүрекпен сөйлеуді үйрендім. Содан ­бастап «Ең әдемі келіншек», «Ауылдан келген ару», «Бесеудің хаты» сынды мен ойнаған қойылымдарға халық топ-тобымен ағылатын болды. Мен мұны қалай жазбаймын? Сол сияқты Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев туралы қалай жазбаймын?
Алғашқы пьесамды жазып, ашықауыз­дығымнан авторлығынан көпе-көрінеу айырылып қалғанымда Қадыр аға: «Шын авторы сен болсаң, Байғали, мұны дәлелдеудің мынадай жолдары бар» деп кеңес берген. Дәлелдеп шықтық. Алғашқы тақырыбы «Көксерек» еді. Кейін «Қанды азу» етіп жаздым. Ол кісі маған бағыт-бағдар беріп отырды. Сол бойынша­ Болат Ұзақовтың режиссерлігімен Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрында қойылды. Арада 12 жыл өткен соң, осы пьесамен ­«Алтын қалам» байқауында үздік шығып, «Жылдың үздік драматургы»­ атанғанда, Қадыр ағамды еске алып жыладым. Ол кісі қайтарының алдында мені Кеңсайға ертіп барды да, бір моланың басында ағыл-тегіл жылады. Сөйтсем, жалғыз ұлының жатқан жері екен. Мен сонда Қадыр Жетпісбаевтың сыртқа білдірмегенімен, іші өксікке толып жүргенін көрдім. Мұны қалай жазбаймын? Осы сияқты естеліктер көп. Кененбай Қожабеков туралы ешкім білмейтін керемет естеліктер бар.
«Ана тілі»: Драматургия туралы айтып қалдыңыз. Бүгінде жасы үлкендер театрға деген құрмет, қызығушылық деңгейін бұрынғымен салыстыруға да келмейді деп жатады. Неге қызығушылық төмендеді? Қазіргі көрерменге қандай пьеса керек?
Байғали Есенәлиев: Театр басшыларына бір-ақ нәрсе жетпей тұр – көрерменге не керегін білмейді. Мысалы, жастар театрын Райымбек Сейітметов басқарып тұрған тұста, оған дейінгі басшылардың кінәсі дей алмаймын, Ғ.Мүсірепов атындағы театр ондай дәрежеде болмайтын. Сол уақытта бір әзіл шыққан. Декорацияны ауыстыру үшін жарықты сөндіргенде көрермендер залынан біреудің «Жарықты жағыңдар» деген жан даусы шығыпты. Театр қызметкері: «Келесі сахнаны жабдықтау үшін өшірдік. Сонша айғайлайтындай не көрінді?» десе, «Залда жалғыз өзім қорқамын» депті… Әрине, жылататын шындық. Бірақ сол кезде ­Райымбек ағаның ­«Сталинге хат», «Ең әдемі келіншек», «Қыз жиырмаға толғанда», «Ауылдан келген ару» қойылымдары қойыла бастағаннан көрермен ықыласы бірден өзгеріп сала берді. Ел аяғы ­сиреген театр залы адамға толды. Билет таппай жүрген көрермендерді көрдік. Көрерменнің көптігінен есік сынған сәттер болды. Неге? Себебі ­Райымбек аға халыққа не керек екенін білді.
Пьеса жазылмай жатқан жоқ, жазылып жатыр. Бірақ соны сенің көзіңмен көретін, сенің жүрегіңдегі мұңды түсінетін режиссер керек. Білесіз бе, біз бір-бірімізді зерттеп жүрген жоқпыз. Біз мына тіршілікте бір-бірімізге үстірт қарап жүрміз.
«Ана тілі»: Жақында біздің басылымда жазушы Марал Ысқақбайдың Авторлар қоғамы төңірегіндегі дауға байланысты түсініктеме берген сұхбаты жарияланды. Тікелей сізге қатысты мәселе қозғаған. Хабарыңыз бар ма?
Байғали Есенәлиев: Әрине. Сіздер­дің газеттегі Марал Ысқақбай аға­ның сұхбаты менің жаныма қалай бат­қанын білмейсіздер ғой. Себебі мені білмейсіздер… Әкемдей көрген адам неге мұндайға барды?
Ол кісі сұхбатында мен туралы «жалақыны 20 пайызға азайтты», «бес адамды қысқартып жіберген» деп айтқан екен. Жалған… Бұлардың бәрі Марал ағаның өзінің қатысуымен болған. Қолымда дәлелдері – сол кездегі жиналыстардың хаттамалары бар.
Қазақстан авторлар қоғамының шотын қазіргі төрағасы Балнұр Қыдырбек маусым айында жапты. Сол кезде білдік, менің қол қою құқығым сол кезге дейін алынбапты, демек, миллиондаған ақша менің қолыммен кетіп жатқан. Мен ол кісілерге сеніп едім. Марал ағаның қызы Айман әкесінің орынбасары болғаннан кейін мені – бас директорды алдамайтын шығар деп жүріппін. Орынбасарым Серікті де кезінде өзім тағайындаған едім…
Әнеугүні Бауыржан Айдарбековпен сөйлестім. Бір кездері қоғамда адал қызмет жасап, осындай жаламен кеткен. Кейін «Абырой» қоғамын ашқан. Сөйтсем, Қазақстан авторлары қоғамы құлдырап бара жатқан тұста Марал аға сол жігітті шақырған екен. Ол жұмысты жүргізіп, бәрін қалпына келтірген соң, шығарып жіберген. Оның алдындағы білікті ­маман Нұрғайша Сахипованы да сөйткен. Бұл сондай әдіс екен. Келесі құрбаны мен ­болыппын. Марал аға мені алдап-­сулап бас директорлықтан тықсырып, ақырындап ЖШС-дан кетіргеннен кейін, менің қайта жиналыс өткізгелі жүргенімді естіп Балнұр Қыдырбекке хабарласыпты. «Менің орныма сен келсең, орнымды беремін» деп. ­Марал аға осылай айтып жатыр деп, Балнұр маған хабарласты. Марат Ілиясов екеуі барғалы жатқанын, менің де бірге баруымды сұрады. Барсақ, Марал аға: «Мен қашан олай дедім?» дейді. Бұл, әрине, мен үшін үйреншікті жағдай болғанымен, Балнұр мен Маратты есінен тандыра жаздады. Сосын тәртіп бойынша жиналыс өткіздік. Министрлікке басшы ретінде Балнұр тіркелді. Бүкіл басшылық заңды. Енді бұл кісіге жиналыстағы адам саны ұнамайды екен. Бірнеше рет барсақ та әртүрлі желеумен құжаттарға жолатпайды. Берем деген ойы да жоқ. Төрт-бес автордың атынан сотқа жүгініпті. Бұл не мазағы екенін түсіне алмай далмыз. Ол кісі сотқа беріп, соза бермекші. Ал бүкіл республикадағы авторлар қаламақысыз отыра бермекші. Сонда 82 жастағы ақсақал қоғамда істейтін үш қызы болашақта жұмыссыз қалып қояды деген қорқынышпен бүкіл авторларға қиянат жасап отыра бере ме? Құрметті төрағамыз болып қалыңыз, қыздарыңыз да жұмысын жалғастыра берсін деп, алдынан үш-төрт рет өттік. Ештеңеге келіспейді.

«Ана тілі»: Қазақ авторлары қоғамына басшылыққа қалай келген едіңіз?
Байғали Есенәлиев: 2011 жылы Мұхаммед Хайдар Дулати бабамызды зерттеп, киносценарий жазып жүрдім. Сол уақытта тарихты зерттесем деген құлшынысым оянып, екі жаста – анадан, сегіз жаста әкеден айырылып, бір елдің Бас әміршісі дәрежесіне дейін көтеріліп, «Тарихи-Рашиди», «Жаһаннаме» ­деген еңбек пен тарихта Кашмир елінің Зайн әл-Абидиннен кейінгі ұлы реформаторы деген жақсы атын қалдырып, 49 жасында жақыны атқан оқ жүрегіне қадалып тұрғанда ең соңғы сөзі «Сен қаталестің ғой, бауырым» деп, жымиған қалпында өмірден өткен жарқын тұлғаның қазақ екенін білген соң, оның басына барып тәу етпеуге лажым қалмады. Сөйтіп, Әбсаттар Дербісәлі ағаның ізімен Сриннагар қаласынан «Мазар и Салатиндегі» мазарына барып, сапардан алған әсерімді қағазға түсірдім. «Алаш айнасы» газеті ­жариялады. Марал Ысқақбай соны оқыпты. Шақырды. «Сені актер ме деп жүрсек, тәп-тәуір тарихшы екенсің ғой» деді. Біраз әңгімелестік. Қысқасы, сол кезде мені бас директор етіп алғысы келетінін айтты. Заң білмейтінімді алға тартып едім, «Өзіңе керек алты бапты жақсы білсең болды» деді. Келістім. 2012 жылы ақпан айында қызметке тұрдым. 2013 жылдың қараша айына дейін бас директор болдым. Сосын бұл кісі мені төраға етпек болды. «Көрдім, көңілім толды. Таңдауым дұрыс болған екен. Бірақ кетерімде сенен бір өтініш болсын, мына «Тойота-40» көлігін маған бересің» деді. «Біз қайтеміз?» дегенімде: «Өздеріңе сатып аларсыңдар. Қоғам жақсарады. Саған сеніп отырмын» деді. «Аға, сіз бізге керексіз» дедім. «Мен алғашында келіп-кетіп жүремін. Кейін келуді сирексітем. Жасым келді, демалайын­ енді» деді. Айтқанына қарасаң, бәрі жөн сияқты еді… Кейін жиналыста бір-екі адам Марал ағаны Құрметті төраға қылуды ұсынды. Ана кісі келісті. Сөйтсем, Құрметті төрағаның міндетіне Төрағаның қызметін түгел кіргізіп қойған екен ғой. Авторлық Кеңестің төрағасы да өзі болып қалған екен. Жалақысы да қомақты түрде белгіленіп қойған. Автокөлікті ғой өз атына аударып алды. Бас директор қоғамның барлық қызметін тек сонымен ақылдасу арқылы ғана жүргізетін болып шыққан. Мұның бәрінің астарында уақытша жұмыс істеткенімен, қоғам билігін қолдан шығармау саясаты жатқанын енді түсініп отырмын ғой.
Мен келгенде қоғамға әртүрлі органдар тарапынан (Бас прокуратура, салық комитеті, Әділет министрлігі,т.с.с.) түрлі арыздармен 11 рет тексеру жүргізілген екен. Тіпті депозитте ұстап отырған миллион ақшаларын салық комитеті Үкіметке аударып әкеткен. Осындай мәселелердің кесірінен авторларға гонорар төлеу жеті-сегіз айға кешіктірілген, пайдаланушы мекемелер бірінен соң бірі өзге қоғамдарға ауысып жатыр. Марал ағаға салсаң хат ­жазып қойып, қарап отыра беруің керек. Ол хаттарға ал кеп авторлардың қолын жинаймыз. Сол баяғы Кеңес дәуірінің әдісі. Бұл күнде арызбен, хатпен емес, көп нәрсенің бетпе-бет, ­ауызба-ауыз сөйлесу арқылы шешілетінін ұқпаған екен. Содан Жоғарғы соттың төрағасына, Парламент басшыларына бардым. Жағдайды түсіндірдім. Бұлай жалғаса берсе, қашан жұмыс істейміз дедім. Әділет министрлігіндегі зияткерлік меншік комитетінің сол кездегі басшысы Абзал Естаевты шақырып, көз алдымда сөйлесті. Сонымен, тексерістер тоқталды. Ары қарай мен хат жазудан пайда жоқ екенін түсіндім де жұмысты өз бағытыммен жүргізе бастадым. Содан ақырындап қоғамда алға жылжу басталды. «Абырой» ұйымына кетіп қалған авторлар да біртіндеп орала бастады. Мен келгенде қоғамда 1700 автор болса, бес жылда ол сан 3300-ге дейін жетті. Арада бес жыл өтіп, қайта сайлауға жақындаған уақытта ­Марал аға: «Сен қызметті білмейсің. Орныңа Серік (Исаев) болады» деді. Қарсы болдым. Серік автор болмағандықтан, өзге авторлардың жағдайын, ішкі дүниесін түсінбейтінін, олармен тіл табыса алмайтынын айттым. Қазақ өнерінен бейхабар кешегі полиция қызметкерінің өз бетінше бірде-бір газет, телеарналарға да сұхбат бере алмайтынын түсіндірмек болдым. Аға айтқанынан қайтпады. Жалпы ­жиналыста ұсынысын айтты. Сол кезде мен сөз алып, төрағалыққа таласпайтынымды (талассам өтер едім, әрине), бірақ бас директорлыққа Серік екеумізді дауысқа қатар салуды сұрадым. Авторлардың төртеуі Серікке, қалғаны маған дауыс берді. Сөйтіп, мен бас директор қызметінде қалдым. Бірақ Марал аға менен бұл орынды Серікке беріп, маған «Ғалам мюзикке» баруды ұсынуды тоқтатпады. «Шығармашылығың үшін жақсы. Журнал шығарасың. Қалаған нәрсемен айналыса аласың. Оған көнбесең, бәрібір сені бас директорлықтан кетіремін. Өткендегі жалпы жиналыста 141-ақ адам жиналған. Кворум болған жоқ деп, мен қайта жиналыс өткізіп, сені бас директор етпеуге барымды саламын» деді. Өйте алмайтын еді. Себебі ол жиналыста кворум болмаса, мен бұрынғы бас директорлығыма келемін. Ол төраға болмайды. Осыны айтып едім, күлді де: «Сенікі дұрыс, бірақ ойланшы» деп, бауырына тартып, сөйледі. Сеніп қалдым. «Ғалам мюзикке» ­ауыстым. Бір айда 2000 данамен «Муза әлемі» деген журнал шығарып, Ұлттық кітапханада тұсаукесері өтті. Алдағы екі-үш жылда өткізуге тиіс әртүрлі шаралардың жоспарын жасап қойғам… Әйтсе де амалын тауып, қызметтен кетірді ғой. Ол кісіге мұның біреуінің де қажеті жоқ болып шықты.
Қазір сол күндерді еске алсам, Жамбыл Жабаевтың ең соңғы қаламақысы 600 мың теңгені ұрпақтарына тапсырып, батасын алдым. Неге ол 15 жыл бойы жиналып-жиналып жатып, мен келгенше ұрпақтарына берілмеген? Естай Беркімбаевтың ұрпағын іздеп жүріп, жергілікті журналистердің көмегімен сонау Екібастұздан таптық. Жанабілден тараған немересі бар екен. 84 жастағы кейуана. Сол кісіге атасының 400 мың теңге қаламақысын беріп жібердім. Сол үшін заң талабын ептеп бұзуға тура келді. Себебі заң бойынша мұрагерлікті міндетті түрде рәсімдеу керек. Ал, ана кісі мұрагерлікті рәсімдеймін дегенше өмірі жетеріне кім кепіл? Қазақ өнері мен әдебиетіндегі ақсақалдардың қолын жинадым да, Естайдай атамның қаламақысын ұрпағына куәліксіз бергіздім. Ол неге маған дейін жасалмаған? Бұлар неге маған дейін Нұрпейіс Байғаниннің, Аманжол Шамкеновтың, Асқар Тоқмағамбетов, т.с.с. ұрпақтарын іздемеген? Ұмытпасам, 2014 жылы Алматыға Мұхтар Мағауин келді. Мен ол кісінің шығармашылығын қатты сыйлаймын. Баспалар арқылы жиналған 260 мың теңге қаламақысын апарып берейін деп хабарластым. «Байғалимын» десем, «Сері Байғалисың ба?» дейді. «Жоқ, баяғы Мүсірепов театрындағы актер Байғалимын» ­десем, «Сері Байғали екенсің ғой» деді. Үйіне барып, қаламақысын бергенде, неге сері дегенін сұрадым. «Ақселеу айтқан жоқ па?» дейді. Бұл кісілермен 1994 жылы Моңғолияға бірге барғанбыз. Сол уақытта сені сыртыңнан зерттей жүріп қалыптасқан ой ғой дейді. Бір таңғаларлығы, сол Мұхтар ағаның да осы уақытқа дейін қаламақысы берілмей келген. Сөйтсем, ол кісінің де Марал ағамен бір кездері түсініспеушіліктері болған. Ол туралы да өзі айтып отыратын. Бірақ солай екен деп, автор қаламақысын осы уақытқа дейін төлемеуге бола ма? Үш жылдан соң, ол қоғам қажетіне жұмсалады ғой. Демек, мұның бәрі әдейі жасалып отырғаны ма? Осыдан соң қайдан ұнайын? Бір адамға ұнау үшін өмір сүрудің қажеті бар ма?
«Ана тілі»: Қазір араларыңыздағы түсініспеушілік не болып жатыр? Қалай шешіп жатырсыздар?
Байғали Есенәлиев: 27 наурыз күні ­жиналыс өткізіп, жиналған авторлар Балнұр Қыдырбекті бірауыздан Қазақстан авторлары қоғамының төрайымы етіп сайлады. Ол жиналысқа Марал ағаны шақырдық. Келмеді. Марал ағаны сайлаған жиналыста 141 адам болса, бұл жерде 300-дей адам болды. Сондықтан кворум бар. Бәрі дұрыс. Бірақ сөйтсек, Марал ағаның талабы бойынша төрағаны қайта сайлау үшін авторлық қоғамдағы 3400 адамның жартысы жиналысқа қатысуы керек көрінеді. Орынсыз талап! Ол 1800-ге жуық адам. Сөйтіп, Балнұрдың сайланғаны заңсыз деп, сотқа беріп жатыр. Тегін концертке 1800 адам жинай алу қиын бұл күнде. Авторлардың көпшілігі шалғай шетте. Ал тек 1800 авторды Алматыға бір жиналыс үшін жинау ақылға сыймайды. Қазақстанның шалғай түкпірлерінде өмір сүріп жатқан авторларды өз қаржысымен сол жиналыс үшін Алматыға жинауымыз керек. Жиналыс десе желкілдеп жетіп келетін ол авторлардың барлығы 20 мен 30 жастағылар ма екен? Осы күнге дейін бұл мәселені шешуге тиіс онлайндық жиын мәселесі мүлдем қарастырылмаған. Ондай ниет те жоқ. Себебі осылай тиімді ғой. Ал, жинадық дейік, оларды сыйғызатын зал қайда? Республика сарайын жалға аламыз ба? Оның әр сағаты пәленбай миллион. Оны кім төлейді? Көрдіңіз бе? Төраға етіп сайлауға 141 адам ғана жеткілікті, ал бұл мәселені қайта қарауға 1800 автор ­керек… Сол ақылға сыймайтын талапты қою арқылы өзінің төраға болып қалуын ғана көксеп отырған 82 жастағы ақсақалдың ісіне қайран қалмасқа шараң не!?
– Сағындым, жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып,
мендей ме екен бар ағаң?
Шын інім болсаң, бас ұрма, жаным,
өсек-ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен
қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте, – деп, Төлеген ­Айбергенов жазғандай, сағынышсыз, өмірге деген құштарлықсыз, артыңда қалып бара жатқан ұрпаққа деген мейірімсіз қалай өмір сүруге болады?
«Ана тілі»: Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әсел САРҚЫТ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *