Қазақстан полицейлері алатаяқты қайта қолдана бастады

351

Қазақстан полицейлері жол бойындағы қозғалысты реттеу үшін алатаяқты қайта қолдана бастады.

«Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйектен бастап жол қозғалысын реттеу үшін алатаяқты қолдануға көшеді. Айта кету керек, алатаяқтар тек жол қозғалысын реттеу үшін, әсіресе тәуліктің қараңғы уақытында және нашар көріну жағдайында, сондай-ақ:  жол-көлік оқиғалары және жолдарда кептеліс пайда болғанда, оның ішінде бағдаршамдар істен шыққанда; көлік құралдарының ұйымдасқан колонналарын алып жүру кезінде;  терроризмге қарсы операцияны және (немесе) күзет іс-шараларын өткізу уақытында;  табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын болдырмау және (немесе) жою кезінде қолданылады», — делінген ҚР ІІМ ақпаратында. Енді полицейдің үстінде сары түсті кеудеше, жарық шағылыстырғыш қолғап, сондай-ақ алатаяқ, және ысқырғыш болады.

Министрлік жол қауіпсіздігінің сақталуын бақылау көбіне автоматты тіркеу жүйелерінің көмегімен атқарылатынын еске салды. «Бүгінгі күні автожолдардағы патрульдік полиция жұмысы толығымен автопатрульдеуге ауыстырылғанын атап өту қажет. Яғни көлік құралдарын тоқтату арнайы жарық-дыбыс сигналдарын және дауыс зорайтқыш құрылғылар пайдалана отырып, алатаяқ қолданбай, сигнал беру арқылы автопатрульдеу режимінде жүзеге асырылатын болады. Полиция қызметкерінің көлік құралдарын қолмен белгі беріп тоқтатуына жол берілмейді. Алатаяқтарды қолдануға көшу үшін бюджеттен қаржы талап етілмейді. Өйткені бұрынғы алатаяқтар сақталған», — деді ведомстводан.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлеріне алатаяқты қайтару бастамасын көтерген болатын. Бұл ретте, оның тек жол қозғалысын реттеу үшін қолданылатыны айтылды.

Дереккөз: inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *