Оқушы көп, парта жоқ

775

Биыл елімізде 405 000 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Былтырғымен салыстырғанда, 20 000 балаға көп. Оның бір себебі демография да шығар. Бірақ одан гөрі биыл көп ата-ананың алты жасар балаларын (кейде тіпті алтыға әлі тола қоймаған) 1-сыныпқа апаруы деген дұрысырақ секілді. Былтыр «6 жастағы балаларды мектепке бермесе, штраф салады екен» деген ақпарат тарап, оның рас-өтірігін тексеріп жатпай, біраз ата-ана баласын 1-сыныпқа бере салды. Ал кей мектептерде завучтар мен директорлар қосылып төндіре сөйледі. Сонымен, балабақшадан шыға сала біраз бала 1-сыныпқа топ ете қалды. Мектеп бағдарламасы әдетте орташа статистикалық көрсеткіштегі балаға арналып құрылады. Соған орай мектептерде ата-анаға түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек, баламен сөйлесіп, жағдайын көру керек. Ал бізде мұндай жағдай сирек секілді. «Бірінші класқа беру керек деген соң, бере салдым» деп жүрген ата-аналар бар. «Балабақшаға ақша төлегенше, мектепке бара берсінші» деп жүргендер бар. «Штраф салады деген соң бере салдым» дегендер де жетерлік. Осының барлығы ақпараттың дұрыс жетпеуінен. Меніңше, Білім министрлігі арнайы ролик жасап, әлеуметтік желі мен мессенжер арқылы таратуы тиіс. Өйткені баланы алты не жеті жастан беру туралы шешімді тек ата-ана қабылдайтынын түсінбейтіндер көп. Соны түсіндіру керек деп ойлаймын. Психологиялық жағынан оқуға мүлдем дайын емес баланы мектепке қуып тыққаннан ештеңе өзгермейді. Керісінше, бір партада үш баладан отырып оқу, үш ауысыммен оқу білім болмайды. Құрметті Askhat Aimagambetov мырза! Келесі оқу жылында осы жағын ескерсеңіздер екен.

***
Қызым оқитын мектепте биыл 8 бірінші сынып бар. Әрқайсысында 30-дан аса бала бар. 280 бала келіпті 1-сыныпқа. Алғашқы қоңырауда байқағанымды айтсам, балалардың көбі кішкентай. Тым кішкентай. Сөмке көтеретін шамада емес. Әлі ойын баласы. Кеше жылап жүрген балалар да болды. Обал-ақ…

Жұлдыз Әбділданың фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *