Жасылкөл-Жоңғар Алатауының жанары

1434

Жер жаннаты — Жетісу жері тұмса табиғатымен жалпақ жұртқа танымал. Әсіресе, осы өңірді туристер Көлсай, Қайыңды, Есік, Үлкен Алматы көлдерімен көзге елестеді. Бірақ, Жоңғар Алатауындағы Жасылкөл үнемі көпшіліктің назарынан қалып қояды. Тіпті, бұл көлдің атын да естімеген отандастарымыз бар. Сонда, бұл қандай көл? Біздің ұжым осы сұраққа жауап іздеу үшін, арнайы фоторепортаж әзірлеп қайтуды жөн санады.

«Жалаңаш» орманшы үйі

Ғаламторда орыс тіліндегі ақпараттар жетерлік. Қазақ оқырманы үшін деректер аз жазылған. Тіпті, мардымды дүние жоқ. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тарауы да Қазақстанның сокралды орындарын анықтау болатын. Біз де осыны негізге алып, журналистік сапармен Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жол тартқан едік. Алматыдан Сарқанға дейін 421 шақырым жол жүрдік. Айта кетейік, ұлттық парктің бас офисі Сарқан қаласында орналасқан. Басшылықтан рұқсат алысымен, бізге ұлттық парктің рекреация, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Ринат Беделханов Төменгі Жасылкөл көліне дейін жол көрсетіп барды.

Кешкі Ағынықатты өзені

Қас-қарайып, түн түңгілігін қымтай жауып, қоюланған шақ. Біз қою түнді қақ жарып, Жоңғар Алатауынан бірақ шықтық. Алдымыздан парктің қонақ үйлері көрінді. Таң атқанша сол үйлердің біріне аялдадық. Бұл аумақта туристерге ұсынылатын қызметтердің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бекіткен тарифтері бар. Мәселен, туристік соқпақтар, тамашалау алаңдарын, демалу алаңқайларын ұсыну, он адамға дейін бір топ күніне-500 теңге, шатырлы лагерьлер немесе оларды орналастыру үшін орындар ұсыну, бір шаршы метр, бір күнге-1050 теңге, көлікке арналған тұрақтар ұсыну, бір орын, бір күнге-400 теңге. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры, табиғи және тарихи-мәдени мұра объектілерінде болу және оларды зерделеу кезінде қызметтерді ұсыну, 20 адамға дейінгі бір топқа күніне, аудармашы- 4 000 теңге, экскурсия жүргізуші-4 626 теңге, инспектор-жолсерік-2 500 теңге. Ал қонақ үйде тұру-2 000-5 500 теңге аралығы (жайлылығына қарай), аттарды жалға беру-1000 теңге, кәсіби кино, кәсіби бейне түсірілімдерін жүргізу-50 074 теңге, ал кәсіби фото түсірілімдерін жүргізу- 22 000 теңгені құрайды.

Таңғы Ағынықатты өзені

Таң ата «Жалаңаш» орманшы үйінен Төменгі Жасылкөл көліне жолға шықтық. Бізді Төменгі Жасылкөл көліне мемлекттік инспектор Гафур Абдулхаликов бастап барды. Бұл Гафур Сафарғалиұлының күнделікті жұмысы деуге болады. Өйткені, бұл соқпақ Гафур мырзаның бақылауындағы аумақ. Өзі көңілді, әрі әңгімешіл инспектор екен. Шатқалда жүрудің барлық ескерпелерін айтып, түсіндіргеннен кейін, жер-су атауларымен танысырып, өзі бақылайтын аумақтың ерекшеліктерімен бөлісті.

Армантас

Жан-жағымызды жасыл желек жамылған Жоңғар Алатауының орманы қоршап келеді. Әсіресе, ағаштар мен теректер жұтып алатындай. Аспаннан күн көзі ғана сығалайтын тұстары бар. Бірде жазық болып кетеді. Инспектордың айтуынша, біздің алдымызда ғана аю жүріп өткен. Адам бойынан келетін шөптер тапталып, жұлынып қалған. Біз көлге дейін төрт шақырым жаяу көтерілдік. Өйткені, Жасылкөлге жаяу, я болмаса атпен ғана жете аласыз.

Төменгі Жасылкөлге жетпей шағын көлшікті көруге болады

Табиғат шеберлігі: тастардың беті өсімдік суретіне айналған

Өзен-көлдердің көгілдір-жасыл түсі ерекше рақатқа бөлейді. Ол құдды бір аспаннан төгіліп түскен мөлдір жақұт тәрізді. Ал көл аспанында бұлттары мың құбылып, көлдің түсін минут сайын бояп жатады. Тұнық айдыннан ағып шығатын Ағынықатты өзені төңірекке табиғи әуен сыйлайды.

Көк жүзінен көрініс: Төменгі Жасылкөл көлі

Жоғарыдан көрініс: екі өзеннің қосылуы

Шатқал ішін жел үрлесе болғаны, Ағынықаттының дауысы да көтеріліп, бейне бір көл суы тасып бара жатқандай үрей туғызады. Ал көл кескенің толық көру мүмкін емес. Өйткені жағалау маңын қалың шырша мен шақпақ тастар қоршап алған. Қарсы беттегі тауларға шығу үшін басқа соқпақпен көтерілуіңіз қажет. Сондықтан, көлді жақыннан, я болмаса жоғарыдан көру үшін жеке-жеке жоспар құрғаныңыз дұрыс болады. Өйткені, барлығын бір күнде тамашалау мүмкін емес. Ескерте кететін жайт, бұл туристік соқпақтарды тек инспектор-жолсерікпен ғана аралағаныңыз жөн. Тауда соқпақтар көп және адасып кету ықтималдығы жоғары, әрі шекаралық аймақ. Сондықтан, мамандармен ғана серуендеген дұрыс.

Ринат Беделханов

Ринат БЕДЕЛХАНОВ,

Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің рекреация, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы:

-Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінде 9 туристік маршурты мен 4 экологиялық соқпағы бар. Екінші туристік маршрут «Төменгі Жасылкөл». Бұл көл 300 жыл бұрын қатты жер сілкінісінен Ағынықатты өзенінің арнасы бекітілу нәтижесінде пайда болған. Суы суық және балық мекендемейді. Төменгі Жасылкөл — 1630 м биіктікте орналасқан. Ұзындығы-400 м, тереңдігі-89 м, шығыс және батыс жағалаулары тік жартасты, суы суық. Ал Төменгі Жасылкөлден 13 шақырым қашықтық жоғарыда Жоғарғы Жасылкөл (2262 м) орналсқан. Ұзындығы-3200 м, ені-300 м, тереңдігі-109 м. Жағалаулары тік жартасты, суы өте суық. Биыл Жасылкөлге 500-ден аса турист демалған. Алдағы уақытта көл жағалауындағы үлкен тасқа көлдің атауын жазып, қайықпен серуендеуді қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Көк жүзінен көрініс: Төменгі Жасылкөл көлі. Сурет «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Қазәуеқұтқару» тікұшағымен түсірілген. Фото: Д. Балабекұлы

Жасылкөлдегі күздің алғашқы белгілері

Қыналы тас пен тұнық айдын

Ауа райы мұнда сәт сайын құбылып тұрады

Көлдің жан-жағын қарағайлар мен киіз терек көмкерген

Бұлттар жөңкігенде көл түсі де құбылады

Жасылкөлдің жағасындағы күз нақыштары

Гафур Сафарғалиұлы

Гафур АБДУЛХАЛИКОВ,

Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркі «Жалаңаш» инспекторлық бөлімшесінің инспекторы:

-Биыл төменгі Жасылкөлдің суы 50 см-ге төмендеп кеткен. Оны көлдің жағалауында шығып тұрған тастың өзі көрсетіп тұр. Біз осы арқылы, су деңгейін үнемі қарап, бақылап отырамыз. Менің ұлттық паркте бақылайтын аумағым-3450 га. Бұл төменгі Жалаңаштан басталып, Кен өзенінің төменгі жеріне дейін. Күніне 10-20 шақырым аралап шығамыз.

Көлдің жағасына қураған теректер жиналып қалған

Бағыттары: 1. Сарқан қаласы- Тополёвка ауылы- «Жалаңаш» орманшы үйі- Төменгі Жасылкөл- «Жалаңаш» орманшы үйі — Тополёвка ауылы-Сарқан қаласы;

2. Сарқан қаласы-Лепсі ауылы- «Жалаңаш» орманшы үйі — Төменгі Жасылкөл- «Жалаңаш» орманшы үйі — Лепсі ауылы- Сарқан қаласы.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ.

(Суреттерді түсірген автор)

Алматы-Талдықорған-Сарқан-Төменгі Жасылкөл-Сарқан-Талдықорған-Алматы.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *