Аты аңызға айналған оркестр ардагері Сәнен Әжиева — 90 жаста

654

Бүгін  Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық xалық аспаптар оркестрінің директоры Қуанышбек Мұқанғалиев  белгілі күйші-орындаушы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Орта білім беру ісінің үздігі Сәнен Әжиеваны 90 жасқа толуына орай үйіне барып арнайы құттықтады.    

Сәнен Сәмиғоллақызы – алғашқы кәсіби музыкалық білім алып, консерватория бітірген қазақ қыздарының бірі, Құрманғазы атындағы оркестрдің ардагері.  Сәнен апа домбыраның құлағында ойнайтын дәулескер күйшілігімен қатар, музыкалық білім беруде өз әдістемесін қалыптастырған. 1958 жылы құрылған Шымкент музыкалық училищесін аяғынан нық тұрғызып, ширек ғасыр басқарған С.Әжиеваның шәкірттерінің қатарында Лаки Кесоглу, Жалғасбек Бегендіков, Нұржамал Үсенбаева, Нұрлан Байкөзов сияқты танымал өнер шеберлері бар.

 1929 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Байқұл қажы мешіті     елді мекенінде туған Сәнен Әжиева 1951 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1946-55 жылдары Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде орындаушы болды. Қазақтың әйгілі күйшілері, тума таланттар Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов сынды ұстаздардан тәлім-тәрбие алды. Әкесі Сәмиғолла Андарбаевпен бірге оркестр құрамында өнер көрсетті.   Қазақтың күмбірлеген күйін кеңінен насихаттап, домбырашылардың тұтас бір буынына ұстаз болды. Міне, биыл күйші-ұстаз мерейлі 90 жасқа толып отыр.

Қуанышбек Мұқанғалиев биыл Құрманғазы атындағы Қазақ  Мемлекеттік академиялық xалық аспаптары оркестрінің құрылғанына 85 жыл толып отырғанын және ұжым тарихында оркестр ардагерлерінің орны ерекше екенін атап айтты.  Оркестр басшысы Сәнен Сәмиғоллақызын бүкіл ұжым атынан құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады. «Күйші анамыздың өмірінің өзі тарих және  жас ұрпаққа берер тағылымы зор» деді ол.

Сәнен Сәмиғоллақызы өзін құттықтап келген оркестр басшысына алғысын айтып, аты аңызға айналған оркестр тарихынан біраз сыр шертті. Өнер ұжымының жас басшысына сәттілік тілеп, келген қонақтарға батасын берді.

Дина ИМАМБАЕВА

Әлихан ЖАНАРБЕК




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *