Бокстан ӘЧ: Қазақстандықтар қанша медальдан үмітті

251

Бүгін Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чемпионаты басталады. Қазақстандық боксшылар шаршы алаңға 10 қыркүйекте шыға бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасаған KAZGAZETA.KZ. 

Биылғы әлем чемпионатында қазақстандық құрама сапында сегіз саңлағымыз шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында Сәкен Бибосынов (48 келі), Қайрат Ерәлиев (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) бар. Қазақстандық боксшылар алғашқы жекпе-жегін 10 қыркүйекте өткізеді.  Әлем чемпионаты 1974 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дүбірлі дода тұңғыш рет Куба елінде басталған еді. 1986 жылға дейін гүрзі жұдырықты жігіттер төрт жылда бір мәрте шаршы алаң төрінде шеберлік байқасқан болатын. Одан кейін 1989 жылдан бастап былғары қолғап шеберлері екі жылда бір мәрте дүбірлі доданың көрігін қыздырып келеді. Содан бері  әлемдік чемпионатта барлығы 856 медаль жиынтығы сарапқа салыныпты. Оның ішінде қазақстандық құрама барлығы 40 медальға қол жеткізді. Медальдің 11-і алтын, 12-і күміс және 17-і қола болып саналады.

Жалпы командалық көрсеткіште Куба құрамасы ешкімге дес бермей келеді. Қазіргі таңда олардың еншісінде барлығы 135 медаль (76 алтын, 36 күміс, 25 қола) бар. Одан кейінгі орындардағы КСРО-мен қоса есептегенде Ресейде -109 (38 алтын, 33 күміс, 38 қола), АҚШ-та – 45 (16 алтын, 10 күміс, 19 қола) медаль бар.

Жалпы алғанда, бүгінгі күнге дейін барлығы 57 мемлекеттің былғары қолғап шеберлері жүлдегер қатарынан көрінген. Қазақстан боксшылары әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Алғашқы бәсекеде қазақстандықтар арасынан 75 келіде Ввсилий Жиров қола жүлдегер атанды. 1995 жылы еліміздің қоржынына 1 күміс, 1 қола жүлде түсті.

Атап айтқанда, 51 келіде Болат Жұмәділов күміс, 81 келіде Василий Жиров қола жүлдеге қол созды. 1997 жылы да дәл сондай жетістік қайталанды. Қазақстандық боксшылар қатарынан 71 келіде Ермахан Ибраимов күміс, 51 келіде Болат Жұмәділов қола жүлдегер болды. Ал 1999 жылы Қазақстан  құрамасы алғашқы алтынына қол жеткізді. Дүбірлі додада 51 келіде сынға түскен Болат Жұмәділов чемпиондық тұғырға көтерілсе, Мұхтархан Ділдәбеков (91 келіден жоғары) екінші, Ермахан Ибраимов (71 келі) үшінші орын алды.

Ал 2001 жылы біздің қоржынға небәрі бір күміс медаль түсті. Оны 57 келіде шаршы алаңға шыққан Галиб Джафаров алды. Бұл олқылықтың орнын саңлақтарымыз 2003 жылғы әлем біріншілігінде толтырды. Дүбірлі додада Галиб Джафаров (57 келі) және Геннадий Головкин (75 келі) алтын алды. Ал 2005 жылы әлем біріншілігінен барлығы 5 медаль олжалап қайттық. Біздің боксшылар арасынан Серік Сәпиев (64 келі) мен Ердос Жаңабергенов (81 келі) чемпион атанса, Біржан Жақыпов (48 келі), Мират Сәрсембаев (51 келі), Бақтияр Артаев (69 келі) үздік үштікті түйіндеді. 2007 жылы біздің құрама 1 алтын, 3 қола медальге қол жеткізді. Алтын медаль Серік Сәпиевке (64 келі) бұйырса, Қанат Ислам (69 келі), Бақтияр Артаев (75 келі) және Еркебұлан Шынәлиев (81 келі) қола жүлдегер атанды. 2009 жылы біздің жігіттер арасынан Серік Сәпиев (69 келі) қола алды. Ал 2011 жылы Серік Сәпиев (69 келі) мен Әділбек Ниязымбетов (81 келі) күміс, Ғани Жайлауов (60 келі), Иван Дычко (91 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды. 2013 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда өткізілді. Алматы қаласында жалауын көтерген бәсекеде қазақ жігіттері 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алды. Жалпы командалық есепте 8 медальмен көш басына шықты. Атап айтқанда, Біржан Жақыпов (48 келі), Мерей Ақшалов (64 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) чемпион атанды. Ал Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Иван Дычко (91 келіден жоғары) күміс, Қайрат Ерәлиев (56 келі) және Берік Әбдірахманов (60 келі) қола жүлдегер атанды. 2015 жылы Данияр Елеусінов (69 келі) пен Иван Дычко (91 келіден жоғары) екінші орынды қанағат тұтты. Соңғы 2017 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық жігіттер 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медальді олжалап қайтты. Қазақстан құрамасынан құрамадан Қайрат Ерәлиев (56 келі) чемпион атанса, Әбілхан Аманқұл (75 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) күміс, Ержан Жомарт (48 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Василий Левит (91 келі) үздік үштікті түйіндеді. Бұдан бұрын біздің боксшылардың әлем чемпионатындағы алғашқы қарсыластары анықталғанын хабарлаған едік.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *