Асанәлі Әшімов «Киношок» фестивалінде үздік ер адам рөлі жүлдесімен марапатталды

271

Қазақ киносының мэтрі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов режиссер Хуат Ахметовтың «Әруақ» фильмінде сомдаған рөлі үшін 2019 жылы 1-8 қыркүйек аралығында Анапа қаласында өткен «Киношок» кинофестивалінде үздік ер адам рөлі жүлдесімен марапатталды. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі хабарлайды.

Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Әруақ» фильмі екі кейіпкердің – Ағатай қарт пен жетім баланың кездейсоқ ұшырасуы туралы баяндайды. Естеріңізге сала кетсек, «Әруақ» фильмі өткен жылы XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанатында көрсетіліп, биыл көктемде прокатқа шыққан болатын.

Аталған кинофестивальдің негізгі байқауына қатысқан «Шырақшы» фильмі де екі бірдей жүлдеге қол жеткізді. Басты рөлді сомдаған актер Мұратжан Мұқажанов «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын ғажап сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен марапатталса, фильмнің операторы Мартин Сечанов «Толықметражды фильмде үздік оператолық жұмыс үшін» жүлдесіне ие болды. «Шырақшы» фильмі соғыстан оралған жауынгердің тарихын баяндайды. Оның қолында құтқарылған неміс қартының сыйы – ескі кинопроекторы бар. Өмірінің соңына дейін солдат сол кинопроектормен айырылмай жүреді. Аталған фильмнің әлемдік тұсаукесері үстіміздегі жылы маусым айында XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *