Сәнен Әжиеваның 90 жасқа толған мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті

697

15 қыркүйек күні Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазақконцерт» бірлестігінің залында қазақтың алғашқы кәсіби музыкант қыздарының бірі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, дәулескер домбырашы, ұлағатты ұстаз Сәнен Самиғоллақызы Әжиеваның 90 жасқа толған мерейтойына арналған «Өмірім өнеріммен өрнектелген» атты салтанатты кеші өтті.

Ауқымды шарада ұлтымыздың екі бірдей маңдайалды ұжымы – «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен  Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, ұлттық күй өнерінің жауһарларын орындап, мерейтой иесінің құрметіне орындалған әсем әндерді сүйемелдеді.

Сәнен Әжиеваның өнерге аяқ басуы да кездейсоқ емес-тін. Әкесі Сәмиғолла Андарбаев – халық арасынан шыққан тума талант, Құрманғазы оркестрінің негізін қалаушылардың бірі. Сәнен Сәмиғоллақызы «домбыраңды тастама» деген әке өсиетіне адал болып, ұлттық өнерді насихаттап, өнерпаз шәкірттердің мектебін қалыптастырды. Кеште Сәмиғолла Андарбаевтың бүгінгі күнге жеткізген «Ел айрылған» атты халық күйін  «Сазген сазы» ансамблі орындады.

Салтанатты жиын барысында домбырашының мерейтойына арнап, отбасының және шәкірттерінің бастамасымен жарық көрген «Домбырашы. Ұстаз. Ана» кітабының тұсаукесері өтті. Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұқанов, Қазақстанның Халық артисі Лаки Кесоглу және Сәнен апамыздың әріптесі Тамара Чурсиналар кітаптың лентасын қиды.

Кеш қонақтары ҚР Халық әртістері  Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Бөкенов, Гүлзат Дәуірбаева, сонымен қатар, «IL Canto» квартеті мен Жеңіс Ержановтар өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты.

Толығырақ бейнематериалдан тамашалаңыздар.

 

 

Гауһар Түстікбаева.

Бейнаматериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек,

«Қазақ газеттері» ЖШС.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *