МЫРЗАКЕНТТІҢ ОРТАЛЫҚ АЛАҢЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

105

Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінің орталық алаңын заман талабына сай көрікті етіп жасау үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін алаң алдағы уақытта аудан тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ.Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мердігер «Строй.ком «Прогресс» ЖШС-і салып жатқан кешен қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нысанның бас жобалаушысы — «Авангард-ОК» ЖШС, ал техникалық қадағалаушысы — «Royal Company» ЖШС. Мақтаарал ауданы әкімдігінің тапсырысымен жасалып жатқан ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін 30-ға жуық адам жұмысқа тартылған.

Алаңның басым бөлігі брусчаткамен қапталып, қалған бөлігіне асфальт төселуде. Сондай-ақ, қоқыс жәшіктері, орындықтар, шатыр астындағы орындар орнатылатын болады. Демалыс орнын көріктендіру үшін газон төселіп, акациялар, шыршалар, теректер егіліп, өсірілмекші. Ең бастысы — ауа-райы ыстық мекенде тұрғындар үшін бірнеше субұрқақ орнатылуда.

Жалпы қазіргі таңда аудан орталығында абаттандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 9 дана ойын алаңшалары салынуда. Сондай-ақ, қазіргі таңда 3 көшеге аяқжол төсеу жұмыстары жүргізілуде және 3 көшеге жарықтандыру жұмыстары жасалып бітті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *