Мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың мықты құралы

584

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел, мемлекет дамуының басты құралы ретінде ұлттық бірегейлікті негізгі мәселе етіп қойған болатын. Рухани жаңғыру мен ұлттық бірегейлік – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Еліміз мықты мемлекет болуы үшін ең алдымен рухани әлемі мықты болу керек. Кез келген халықтың рухани деңгейі арқылы ұлттық бірегейлік көрініп, жүзеге асып отырады. Ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар, білім, сауаттылық, тарихты білу, бейімділік, еңбекқорлық, толеранттылық, бірлік, татулық, тіл үйрену т.б. – осылардың барлығы да елдегі ұлттық бірегейлікті тұрақтандырудың басты белгілері болып табылады. Ұлттық бірегейлік – елдің, мемлекеттің дамуының, өркендеуінің басты шарты. Өйткені қайсыбір елде болмасын, саналы қоғамсыз ел экономикасының қарыштап дамуының пайдасы да болмай қалады. Елін, жерін, тілін құрметтейтін, бағалайтын, бір тудың астында ұйысқан Отансүйер халқы бар қоғам ғана елдігін жоғалтпайды, мемлекеттің қуаттылығы да қоғамның әлеуметтік ахуалымен тығыз байланысты.

         Тіл – қарым қатынас құралы. Бұл – тілдің коммуникативтік қызметі. Бір мемлекетте көптеген ұлттар тұрады. Басым ұлт – ол сол елдің, мемлекеттің тұрғылықты халқы. Қазақстанның негізгі ұлтты құраушы тобы – қазақтар. Ал қазақ тілі – Қазақстандағы этнос құраушы негізгі ұлттың тілі. Сондықтан Қазақстанның мемлекеттік тілі, ол – қазақ тілі. Қазақстанның егемендік алуымен бірге мемлекеттік тіл болып жарияланған қазақ тілі мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін толыққанды атқаруы тиіс. Қазақ тілінің 70 жыл бойында орыс тілінің басымдығымен күні бүгінге дейін мемлекеттік тіл ретіндегі өз қызметін толыққанды атқара алмай отырғаны белгілі. Құжат тілі, ұлттық қарым-қатынас тілі әлі де орыс тілінің құрсауынан арыла алмай келеді. Ұлтаралық түгілі қазақпен қазақ орыс тілінде жөн сұрасатынын күнделікті көріп жүрміз. Ешқандай елде мұндай өрескел жағдай орын алмаған. Қай елде болмасын сол елдің тұрғындары мемлекеттік тілде сөйлей алады, мемлекеттік тіл – ұлтаралық қатынас тілі ретінде де қызметін атқарады. Олай болса, Қазақстан деп аталатын мемлекеттің тілі – осы жерді мекендейтін халық жаппай меңгерген, сол тілде еркін сөйлейтін, жазатын, қарым-қатынас жасайтын, ақпарат алмасатын тілі болуы тиіс.

         Бір жерде, бір мемлекетте тұратын халық бір тілде түсінісе алуы керек. Өйткені тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ортақ сананың, ортақ мүдденің де құралы. Яғни мемлекеттік тіл – татулық тірегі, ұлттық бірегейлікті тұрақтандырушы күшті фактор. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» — деп жазған болатын.

         Президентіміздің «даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген сөзінде үлкен саяси мазмұн жатыр. Көпұлтты қазақстандықтар үшін мемлекеттік тілді бірден ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру оңайға соқпайтыны белгілі. Бұл ретте Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас» деген дана сөзін басшылыққа алуымыз керек. Осы мақсатта мемлекет тарапынан үлкен жоба жасалуы керек. Бұл жоба мемлекеттік тілді білудің заманауи талабы, алғышарттары, қажеттігі сияқты мәселелерді қамтитын насихат жұмыстарынан бастап, қазақ тілінің – ақпарат алмасу тілі, қарым-қатынас тілі, іскери құжат тілі, көркем мазмұнды бейнелі тіл ретіндегі мүмкіндіктерін аша алу керек. Сонымен қатар осы мақсаттағы жүзеге асыратын нақты міндеттерді белгілеуі тиіс. Ел болып, халық болып, мемлекеттік тіліміздің өз дәрежесінде қызмет етуіне жұмыла кірісуіміз керек. Бұл істің ойдағыдай жүзеге асуына қазақстандық «еңбектеген баладан еңкейген кәріге» дейін үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді!

         Мемлекеттік тілімізді өгейсітпейік, ағайын!

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы А.Ә.Жаңабекова




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *