Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің күн тәртібі талқыланды

371

Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің күн тәртібі талқыланды, деп хабарлады Парламент Сенатының Баспасөз қызметі.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне дайындық аясында діни форум Хатшылығының отырысы болды. Шараға Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева төрағалық етті.

Сенат басшысы Хатшылық отырысына қатысушыларға арнаған сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізу туралы идеяның авторы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев екенін атап өтті.

«Бүкіл әлем мойындаған бітімгер, өткен жылдары Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын барлық ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады», — деді Съезд Хатшылығының Басшысы.

Дінаралық саммит әлемге барлық діндердің шынайы мақсат-мұратын, ар-ождан және этикалық қағидалардың ортақтығын, олардың бітімгершілік және гуманитарлық зор әлеуетін көрсетеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезі діни қайшылықтарды жамылып іске асырылған бірқатар жосықсыз лаңкестік әрекеттерден кейін адамзат бүкіл әлемді толық дерлік жайлап алған конфессияаралық сенімнің дағдарысын бастан кешкен кезеңде өтті. «Өкінішке орай, экстремизм, терроризм мәселелері және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Осы жылдар ішінде ғибадатханалары мен діндарларына жалған табынушылар мен экстремистер қастандық жасамаған конфессия жоқ», — деді Сенат басшысы.

Съезд Хатшылығының Басшысы Қазақстанның көрсетіп отырған үлгісі мен әлемдік діни және саяси лидерлердің Съезд декларациясының бағытын жер-жерде ұстануы қақтығыстар орын алған аймақтарда шиеленісті әлсіретуге, өркениеттерді жақындастыруға және жер жүзінде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға айтарлықтай ықпал ететініне сенім білдірді.

«Бүгін осы Бейбітшілік және келісім сарайының қонақжай залында біздің, Съезд Хатшылығына қатысушылардың алдында Сіздер өкілдік еткен әрбір конфессия жинақтаған осы көпғасырлық тәжірибені бітімгершілік мақсаттарға пайдалану міндеті тұр. Бұл Сарай төзімділік пен ашықтықтың символы ретінде көпжақты ашық диалог, кездесулер жүргізуге арнайы жобаланып салынған», — деп атап өтті Сенат басшысы.

Отырысқа қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2021 жылға жоспарланған жетінші Съезінің күн тәртібін талқылады, сондай-ақ, съезаралық кезеңдегі жұмыс жоспарын әзірледі.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *