«Қазақфильм» киностудиясында Ш.Айманов атындағы Қазақ киносының мұражайы ашылды

530

Қыркүйектің 16-нда Алматыда «Қазақфильм» киностудиясы территориясында Ш.Айманов атындағы Қазақ киносының мұражайы ашылды. Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметі хабарлайды. 

Мұражай қорында көптеген құнды жәдігерлер жиналған. Мұнда аты аңызға айналған режиссер Сергей Эйзенштейннің камерасы, қазақ киносының классигі – Шәкен Аймановтың әуестікпен жинаған коллекциясы мен өзі қолданған жеке заттары, сценарийлер, көптеген кинотуындыларда  қолданылған костюмдер және басқа да құнды жәдігерлер бар. Ал мұражайдың мақтанышы – Шәкен Аймановтың қайта жасақталған жұмыс кабинеті.

Мәдени іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, мемлекет және белгілі қоғам қайраткері Есет Қосубаев, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов, киностудия басшылығы мен ұжымы, сондай-ақ еліміздің танымал киногерлері қатысты.

— Бүгін қазақ кино өнері үшін тарихи сәт, бүгін Ш.Айманов атындағы Қазақ киносы мұражайы ашылып отыр. Мұражайға қойылған барлық экспонаттар, кино әлемі тарихынан сыр шертеді. Бұл жәдігерлер қазақ киносын ерекше сүйетін жандардың арқасында жиналған. Мысалы, «Қыз Жібек» фильмінде қоюшы суретші болып жұмыс істеген Гүлфайруз Смайылова басты кейіпкердің киімі мен сәукелесін сақтап қалған. Мұражайдағы ескі кинотехниканы Иван Лукич Зайцев, ал   фильмдердің афишаларын Меңтай Өтепбергенов ағамыз сақтап қалған. Сонымен қатар, мұражайдың коллекциясын Ш.Аймановтың туысқандары толықтырыды. Осы жандардың арқасында мұражайға келген әрбір адам қазақ киносының тарихымен таныса алады, — деді «Қазақфильм» киностудиясының президенті Арман Әсенов.

— Барлық киногерлерді Қазақ киносы мұражайының ашылуымен құттықтаймын. Бұл мұражай әсем қаламыздың ең көрнекті жері болатынына күмәнім жоқ. Музейдің басты мақсаты – қазақ кино өнерімен байланысты құнды жәдігерлерді сақтап қалу және болашақ ұрпаққа жеткізу. Елімізде бұрын-сонды болмаған бұл мұражай  қаламыздың жастарына, сонымен қатар шетел қонақтарына қызықты болатынына сенімдімін, — деді  Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетсек, мұражай қоры бүгін тағы да құнды жәдігерлермен толықты, олар: ҚР Ұлттық банкі Ш.Аймановтың 100 жылдығына және Қазақ анимациясының 50 жылдығына арнайы шығарған күміс монеталар және «Казпошта» АҚ шығарған пошта маркасы. Бұл жәдігерлерді киностудия президенті Арман Әсеновке Ұлттық банкінің бас дизайнері Алмат Басенов және «Казпошта» АҚ пошталық төлемдер белгілері басқармасының техикалық редакторы Іңкәрім-ай Оңғарбай табыстады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *