Гаджеттер адам қаңқасын өзгертеді

471

Америкалық ғалымдар смартфондардың экранына телмірумен шамамен күніне 145 минут уақыт өткізетіндігімізді және тәулігіне 3 мың рет қолымызды тигізетінімізді анықтады. Олардың австралиялық әріптестері де  гаджеттердің денсаулыққа әсерін анықтау барысында белгілі болған зерттеу нәтижелеріне таңданған, деп жазады billionnews.ru сайты.

Зерттеуге 18 бен 30 жас аралығындағы 218 адам қатысқан. Дәрігер Дэвид Шахар олардың 41%-ның рентген кескінінен желке тұсында сүйек өсіндісін байқаған. Барлық қатысушылардың 10%-да түсініксіз өскіннің ұзындығы  20мм-ден  артық шығып тұрған. Өскіннің максималды ұзындығы ерлерде – 35,7 мм, ал әйелдерде 25,5 мм-ды құраған.

Екінші зерттеуге  ғалымдар 18 бен 86 жас аралығындағы  1200 адамды қатыстырған. Оның нәтижесінде өскіннің көп жағдайда жастарда пайда болатындығы анықталған. Сондықтан дәрігерлер Шахар мен Марк Сейер сүйектердің былайша зақымдалуы дене мүсінін дұрыс ұстамаудан болады деген тұжырымға келді. Дененің үнемі алдыға қарай еңкеюінен бастың салмағы дұрыс үлестірілмей, бұлшықеттердің ығысуынан бас сүйегіне бекітілген жерінде қысым пайда болады.  Салдарынан сүйектер мен сіңірлерде өзгерістер басталады. Өскін ағзаға зиянын тигізбегенімен, қисайған омыртқа жотасы ағзада түрлі ауытқулардың пайда болуына әкеледі, дейді ғалымдар.  Дәрігер Шахардың айтуынша, өскіндердің көлемі  әр ұрпақта  ұлғая  түседі екен.

Дайындаған Үміт Жұмаділова




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *