2019 жыл аяқталуға жақын. Ал заң жобасы әлі жоқ?

642

«Ақ жол» демократиялық фракциясының депутаттары Д. Еспаева, А. Перуашев, Е. Никитинская,  К. Абсатиров, Б. Дюсембинов, Е. Барлыбаев, М. Қазбекова ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары, ҚР қаржы министрі Ә.А. Смайыловқа және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Е.А. Досаевқа депутаттық сауал жолдады.

Бүгінде қарыз алушының несие берушілердің талаптарын орындай алмауы қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс факторларының бірі болып отыр.

Аталған депуаттардың айтуынша, қазіргі уақытта несие амнистиясы бойынша 507мың азаматтың 630 мың қарызы кешірілмек. Қарыздарды өтеуге 106млрд теңге бөлінді.

Мемлекет қиын жағдайға душар болған азаматтарына қажетті көмек беруге тиіс. Дегенмен барлық қиындықтарға қарамастан алған несиелерін адал ниетпен өтеп, қажетті игіліктерден бас тартуға мәжбүр болған азаматтар  әркелкі жағдайда қалды.

Аталған акцияның бір реттік екендігін ескерсек, алдағы уақытта да борышкерлер саны қайтадан есленбейтініне және әлеуметтік шиеленісті азайту үшін акцияны қайталауға тура келмейтініне кім кепіл?

Әлемнің нарықтық қатынастары дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің өзінде қарыздарды  кешіру бойынша осы іспеттес ауқымды шаралар жүзеге асырылмаған. Ал төлеуге шамасы жоқ борышқорлардың мәселесі құқықтық шеңберде, банкроттық туралы арнайы заңдардың аясында шешіледі. Жеке тұлғаларға банкроттықты енгізу несиелерін төлей алмағандарға белгілі бір шектеулер қойғанымен, үй-күйсіз қалдырып, баспанасынан айырмай, минималды әлеуметтік кепілдемені сақтайды.

Банкроттық туралы осындай Заң Греманияда 1994 жылдан бастап жүзеге асырылады. АҚШ-та 1-2 млн адам өздерін жыл сайын банкрот деп жариялайды. Соттағы төлем қабілетсіздігі істерінің 96%-ы америкалықтардың банк несиелеріне құмартуында. Аталған елде азаматтардың банкроттыққа ұшырауына байланысты жекелеген заңдар жүзеге асырылады. Жеке тұлғалардың банкроттығына байланысты мәселелер көршілес Ресей заңдарында да қарастырылған.

«Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауына байланысты мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеуді  2014 жылдан бастап ұсынған болатын. Ол кезде «Оңалту және Банкроттық туралы»  заңына жеке тұлғалардың банкроттығы туралы бөлімді енгізу туралы түзетулер Үкімет тарапынан мақұлданбады. 2015 жылы «Ақ жол» фракциясының депутаттары «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы Заңның жобасын өңдеп, енгізді. Алайда жоба Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия тарапынан мақұлданбады. Бізге осы іспеттес заң жобасын Қаржы министрлігі мен Дүниежүзілік банк әзірлеп жатқандығын және оны қабылдау 2017 жылға қарай  жоспарланған деген уәж айтылды.

2019 жыл аяқталуға тәмам. Ал заң жобасы әлі жоқ? Біздің 2014-15 жылдардағы осы іспеттес сауалдарымызға Үкімет табыстарды жаппай мағлұмдауды енгізу қажеттілігін сылтауратып, бас тартты.

Бұл шараға ауысу кезекті рет 2025 жылға шегерілді. Яғни,  осы бес жыл ішінде азаматтарымыз бес рет несие алады деген сөз.  Бұдан былай олар мемлекет тарапынан алынған несиелерін өтеп беруді қайта талап ететін болады. Төрешілдік сөзбұйданың бағасы тым қымбат емес пе? Бұл адамдар жеке кәсіпкер немесе жоғары лауазымды шенеунік емес. Олардың көп жағдайда тұрақты жұмысы жоқ. Яғни жариялайтын ештеңесі де жоқ.

Егер де Үкімет біздің фракциямыз тарапынан  ұсынылған жеке тұлғалардың банкроттығын енгізу туралы ұсынысты осыдан бес жыл бұрын қабылдағанда,  бүгін төлеуге қабілетсіз азаматтардың қарыздарын жабуға аса мол қаржы жұмсалмайтын еді. Қайта ол қаржыны даму бағдарламаларына, тұрғын үй құрылысына, білім беруге, денсаулық сақтау салаларына жолдау әлдеқайда тиімді болатын еді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *