«MENİŃ TİLİM — ULY DALA RÝHY» фестивалі өтті

1092

30 қыркүйекте елорда төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында «MENİŃ TİLİM — ULY DALA RÝHY» ХХІ қалалық тіл фестивалінің салтанатты мерекелік кеші өтті.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған салтанатты кешке қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Кешті танымал театр және кино әртісі Қуандық Қыстықбаев пен әнші Мөлдір Әуелбекова жүргізді.

Құттықтау сөзін алып, кешті ашқан қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жыл сайын тіл фестивалі аясында елордада 300-ге дейін түрлі бағыттағы іс-шара өтетінін, оның барлығы мемлекеттік тілді дамытуға бағытталғанын тілге тиек етті.

«Дәстүрге айналған фестивальді біз күзде өткіземіз, бұл кезде мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған басқа да шаралар өтеді. Олар: «Memlekettik til — ult tiregi» отырысы, «Til-amanat» акциясы, «Oı-zerek» интеллектуалдық жарысы, «Qazaq tilin oqytý ádistemesi» ғылыми-тәжірибелік конференциясы және т.б. Бүгінгі таңда елорда әкімінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларындағы жазуларды латын қарпіне ауыстыру жұмысы жүріп жатыр», — дейді Б.Мәкен.

Бұдан бөлек, Б.Мәкен Абай даңғылы бойында қазақ жазушыларының аллеясы ашылғанын, сол аллеяда Сәкен Сейфуллин, Ильяс Жансүгіров және Бейімбет Майлинге ескерткіш орнату жоспарланып отырғанын да айта кетті.

Естеріңізде болса бірер апта бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбегі үшін бірнеше тіл жанашырларын марапаттаған болатын. Осы кеште қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары – Көпболсын Бекмағанбетов, Бекжан Әбдуәлиұлы, Қайнар Олжай мен Кенжегүл Тергембаевалар алғыс хатпен марапатталды.

Ал Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ руханиятының алтын арқауы, ұлтты біріктіруші тұғыр – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және елдік мұраттарды насихаттауға қосқан үлесі үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Тіл тұғыры» құрмет марапатына Алдан Смайыл, Ерден Қажыбек, Оспан Сүлейменұлы, Әнуарбек Қайкенұлы, Нәсіпжан Абдрахманқызы, Нұрлан Әуезханұлы, Арнұр Қайнарбекұлы, Алмас Сырғабай мен Владислав Тен, Алексей Ширяев ие болды.

Кешке жиналған көпшілік «Наз» би театрының «Самғау» биін тамашалап, жас айтыскер Мейірбек Сұлтанханның арнауы мен танымал күйші Айбек Бекбосынның «Алаш» күйін ұйып тыңдаса, Шахаризат Сейдахмет пен Әсем Омардың әндеріне ерекше қол соқты.

Сондай-ақ, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері мен №2 «Өнер» мектебінің шәкірттері сахна төрінде театрландырылған қойылымды көрермен назарына ұсынды. Рухты әндерімен танылып, соңғы кездері бокс рингінен де көрініп жүрген Ибрагим Ескендір патриоттық ән шырқап, халықты бір серпілтіп тастады.

«Тұран» этно-фольклорлік ансамблі «Қазақ елі» композициясын, ал, Қ.Қыстықбаевтың қолқа салуымен Мөлдір Әуелбекова «Туған елім» әнін орындады. Ал кешті қорытындылаған Қайрат Нұртас бір деммен төрт бірдей әнін шырқап, халықтың ерекше қошеметіне бөленді.

Ермұрат Назарұлы

Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы,

«Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Суреттерді түсірген: Алтай Шолтық




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *