Жетісулық көп балалылар кәсіптерін ашты

240

Алматы облысында 46 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, олардың 20 мыңы – көп балалы отбасы. Бұл туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы хабарлады.

Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап көмек тағайындау өлшемдері мен форматының өзгеруіне байланысты өңірде АӘК алатындар саны төрт есеге өсті.

Сонымен қатар бүгінде мемлекеттің грант түріндегі қолдауы көптеген отбасылардың аяққа нық тұруына, өмірде өз орнын табуға және өзінің материалдық жағдайын айтарлықтай жақсартуға көмектесетіні күмән тудырмайды. Бұл орайда биылғы жылы көп балалы және аз қамтылған отбасыларға 360 тегін грант беру жоспарланған.

Мәселен, мемлекет көмегінің арқасында Алматы облысы Қапшағай қаласында тұратын көпбалалы ана Әсия Әлібаева шағын бизнес ашты. Оның отбасында кәмелетке толмаған 4 баласы бар. Әсия Әлібаева атаулы әлеуметтік көмек алу кезінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «шаштараз» мамандығы бойынша оқуға ниет білдірді. Оқуды аяқтағаннан кейін 505 мың теңге көлемінде грант алып, шаштараз қызметін көрсету үшін салон ашты.

Қазіргі уақытта өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген Әсия Әлібаева қиын сәтте мемлекеттің қолдау көрсетуі өзінің табысқа жетуіне ықпал еткеніне сенімді. «Мен 112 мың теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек алдым, содан кейін кәсіпкер болуға шешім қабылдадым. 200 АЕК көлемінде грант алып, өз бизнесімді аштым», — деді өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер.

Әрине, бұл отбасы мемлекеттен бизнес ашуға грант алған Алматы облысындағы жалғыз отбасы емес.

Олардың қатарында Кеген ауданы Кеген ауылының көп балалы отбасы Айдын Ахмет те бар. Отбасы 6 бала тәрбиелеп отыр. Айдын Ахметтің өзі жұмыс істемейді, жұбайы бала тәрбиесімен айналысқан. Айдын мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға ие болып, салтанатты іс-шараларды шарлармен рәсімдеу бизнесін ашуға ниет білдірді. Ол үшін «Бизнес-Бастау» курстарын оқыды. Осы жылдың тамыз айында оқуды аяқтағаннан кейін 505 мың теңге сомасына грант алып, өз бизнесін «Рамазан» ЖК ретінде салық органында тіркеді.

Жамбыл ауданының Қарғалы ауылынан келген Салтанат Тоқашбаева бес бала тәрбиелеп отыр. Тоқашбаева Салтанат аспаз кәсібін оқып, өзінің шағын бизнесін ашуды бұрыннан армандап жүргенін айтады. Ол үшін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын пайдалану керек деп шешіп, «аспаз» мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқуға жазылды. Оқу аяқталғаннан кейін өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанындағы комиссияда «гриль мен пицца» дайындау бойынша бизнес-жоспарын қорғады. Қазіргі уақытта гриль дайындауға арналған аппарат, пицца пісіруге арналған пеш және тоңазытқыш сатып алуға 505 мың теңге сомасында грант алды.

«Біздің көп балалы отбасы әркім бақытын өз қолымен қалайды деп біледі. Біз мемлекетке арқа сүйеп қана отыра бермей, балаларымызды Қазақстанның лайықты азаматы етіп өсіру үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», — дейді көп балалы ана.

Ал қапшағайлық Екатерина Маусынбаеваның отбасында 4 адам, оның 2-еуі — кәмелетке толмаған бала.

2019 жылдың 23 мамырынан бастап 60655 теңге көлемінде шартты атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында болды. Е. Маусынбаева мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды пайдалана отырып, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «кондитер» мамандығын оқып шықты. Бұдан соң 200 АЕК көлемінде грант алып, «Азиз» ЖК кондитерлік өнімін ашты.

Айта кету керек, өңірде АӘК төлеуге 24,2 млрд. теңге, оның ішінде жергілікті бюджеттен 3,6 млрд. теңге қарастырылған.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *