«Мұзбалақ» Германиядағы фестивальге қатысады

283

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі үстіміздегі жылы қазанның 7-і мен 13-і аралығында Германияның Хемниц қаласында өтіп жатқан 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінің негізгі байқауына қатысуда. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін анимациялық фильм бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды.

Еуропада өтіп жатқан кезекті фестивальге біздің «Мұзбалақ» қатысып жатыр. Бұл еуропалықтардың отандық анимацияға деген қызығушылығының белгісі. Сондықтан да «Мұзбалақ» қанатын кеңге жая берсін, сәттілік тілеймін, — деді «Қазақфильм» киностудиясы анимациялық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілда.

Schlingel фестивалін Германияның балалар мен жасөспірімдер жөніндегі Саксон қызметі ұйымдастырған. Фестиваль ұраны – «Киноны халыққа жеткізу». Байқаудың басты мақсаты – шет аймақтарда тұратын жастарды кино әлеміндегі жаңалықтармен таныстыру, сондай-ақ кино өнері арқылы жасөспірімдерге тәлім-тәрбие, білім беру.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр «Мұзбалақ» фильмі Қазақстанның кинематографистер одағы тағайындаған «Құлагер» сыйлығы – «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталған. Сонымен қатар, анимациялық туынды Ресейде өткен XVII Халықаралық «Алау рухы» («Дух огня») атты дебюттік фильмдер кинофестивалінің жасөспірімдер мен балаларға арналған байқауына және Чехияның Злин қаласында өткен 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Панорама» фестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына қатысты. Одан бөлек, бұл фильм Ресейде өткен 14 Халықаралық «Отбасымен бірге» фестивалінде арнайы жүлдеге қол жеткізді.

Аталған анимациялық фильм қазақстандық прокатқа былтыр күзде шыққан болатын.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *