Алматы Хайуанаттар бағында «Жас натуралистер» үйірмесінің қазақ тобы ашылды

209

Алматы хайуанаттар бағының негізгі қызметі – жабайы табиғаттағы жануарлардың түрлерін қалың көпшілікке таныстырып, көрсету, жаратылыстану білімін насихаттау және жабайы фаунаны қорғау идеяларын тарату, сирек кездесетін, жойылып бара жатқан аң-құстардың гендік қорын сақтау. Алматы хайуанаттар бағы келушілер үшін танымдық іс-шаралар жүргізіп тұрады. Бүгінгі күні мұнда жоғары оқу орындарының студенттерінің тәжірибелік сабақтары өтіп, мектеп оқушыларына арналған «Жас натуралистер» үйірмесі жұмыс істейді, деп хабарлады Алматы хайуанаттар бағының Баспасөз қызметі.

Биылғы жылдың қазан айының басында Алматы Хайуанаттар бағында «Жас натуралистер» үйірмесінің қазақ тобы өз жұмысын бастаған болатын. 2019 жылдың 8-қазан күні тәлімгерлер мен балалардың және олардың ата-аналарының қатысуымен үйірменің салтанатты ашылуы өтті.

Осының алдында ғана үйірме тәлімгері – Алматы Хайуанаттар бағының Ғылыми бөлімінің маманы Ұлжанар Адилаева әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы хайуанаттар бағындағы зоомектепке жануарларға деген ерекше қызығушылығы бар балаларды қабылдап жатқанын хабарлаған болатын.

Бұл үйірмеде балалар экологиялық білім мен қосымша тәлім-тәрбие алып, салауатты өмір салтына бейімделіп, табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктерін арттырып, танымдық қасиеттерін қалыптастырып, жетілдіре алады.

«Жас натуралистер» үйірмесіне қатысу арқылы әр бала сабақтан тыс уақытын пайдалы өткізіп, өзінің дүниетанымын кеңейтіп, қоршаған орта мен жануарлар әлемінің қорғаушысына айналады.

Алматы хайуанаттар бағындағы «Жас натуралистер» үйірмесінің қазақ тобы 5 жастан 12 жасқа дейінгі балаларды әлі де қабылдай бермек. Үйірме сабақтары аптасына екі рет өтетін болады. Оқушылар ыңғайына қарай түске дейін немесе түстен кейін екі сағаттан дәріс алады. Қазақ тобында қазір 20-дан астам бала бар.

Жануарлар әлемімен жақын танысу үшін, «Жас натуралистер» үйірмесінің қазақ тобына жазылғысы келетіндер – Алматы хайуанаттар бағының Ғылыми бөліміне (байланыс тел: +7 747 173 72 88) хабарласуына болады.

Үйірмнің алғашқы дәрісінде балалар зообақтың тарихымен танысып, аң-құстар туралы қызықты мәліметтер алды. Алдағы уақытта жас натуралистер тәлімгерлердің көмегімен жануарлардың мінез-құлқын саралап, жойылып бара жатқан аң-құс түрлерін сақтап, оларды қалай көбейтуге болатыны туралы зерттеу жұмыстарымен танысатын болады.

 

Суретті түсірген Михаил СОРОКОУМОВ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *